Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:23, 21 Сәуір 2023

Жаңа Қазақстандағы түсініксіз үш жаңалық

None
None

Біз саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саяси реформаларды жасап болдық. Жаңа әділетті Қазақстан құру жаңа кезеңге қадам басты.

Бұл жерде жаңа сөзі мен әділетті сөзін бөліп қарауға болмайды. Жаңа Қазақстан құруға бағытталған бастамаларда анықтық болу керек. Анықтық әділеттіліктің бір шарты.

Біз жаңа Қазақстанды құрудың заңдық қадамы ретінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Сайлау туралы» конституциялық жаңа заң қабылдадық. Бұл заңдар демократияны ілгерлетеді. Ел өміріне саяси жаңғыру әкелуге көмектеседі деп дәріптелді. Әсіресе, «Бейбіт жиналыстар» туралы бұл заңда бұрынғы бейбіт жиналыстар ұйымдастырудағы «рұқсат сұрау» формасын «хабарлама жіберу» формасына ауыстырды. Бұдан кейін бейбіт жиналыс ұйымдастыру үшін бес күн бұрын тиісті жергілікті атқарушы органға жазбаша «хабарлама» жіберсе жетіп жатыр деп түсіндірілді. Осы заңды жазуға атсалысқан депутат Айдос Сарым: «Бұдан кейін бейбіт жиналыстарға қатынасу қарапайым халықтың күнделікті тұрмысының бір мазмұнына айналады» десе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «Бұл заң жарияланғаннан бері бейбіт жиналыстар саны күрт артты» деді. «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін президент Қ.Тоқаев: «Бейбіт жиналыстар туралы заңды өзгертудің қажеті жоқ. Бұл заң бұрынғы заңдағы «рұқсат алу» формасын «хабарлама жіберу» формасына ауыстырды. Бұдан арыға жол берілмейді», – деп қадап айтты.

Бүгінде көптеген жеке адамдар мен ұйымдар бейбіт жиналыстар ұйымдастыру үшін заң талаптарына сай «хабарлама» тапсырғанымен, қатысты жергілікті атқарушы органдар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға жол бермеген. Тіпті неше мәрте тапсырса да рұқсат ала алмағандар бар. Осы жолғы мәжіліс сайлауына наразы болғандар жер-жерден бейбіт митингі өткізуге хабарлама жіберді. Жергілікті билік бірде-біреуіне келісім бермеді. Биліктің айтқаны бойынша түсінсек, хабарлама жіберсең болды. Бейбіт жиналысқа жол ашық сияқты. Онда бұл қалай? Сөйтсек, аталмыш заңда өтінішке келісім беру (12-бап) деген әңгіме бар екен. Билікте келісім беру құқы бар екен. Билік келісім берсе ғана шерулетуге жол бар. Әйтпесе, жол жоқ. Бейбіт жиналысыңыз заңсыз. Бұл «өтінішке келісім беру» формасының өзгерді делінген «рұқсат беру» формасынан қандай айырмашылығы бар? «Өтініш» деп жазылған қағазға «келісемін» деп жауап берумен «рұқсат» деп жауап берудің практикада қандай айырмашылығы бар. Билік хабарламаға «келісемін» деп айтпаса, митинг заңсыз болып танылады. Бұл құрттың атын жаңылтып, малта қою емес пе? Түсініксіз.

Сайлау туралы конституциялық заңда сайлау бюллетенде «бәріне қарсымын» деген баған болатындығы көрсетілді. Президент Қ.Тоқаев бұл өзгерісті сайлаушылардың таңдау жасау құқығына құрмет еткендік деп түсіндірді. Сайлау демократияның мерекесі. Сайлауда таңдау болады. Таңдау талғамды өсіреді. Талғамның өсуі – саяси сапаны қалыптастырады. Демократия салтанат құрады. Сайлау бәсекесі жанды кандидаттар арасында болғанда ғана таңдауға салмақ түседі. Сонда ғана таңдауға құрмет көрсетілді деп ұялмай айтуға болады. Бұл жолғы президент сайлау практикасынан сайлауда бәсеке болмаса, сайлау бюллетенінің құны болмайтындығын көрдік. Сайлауда сайлауға қатысқан сайлаушылардың елу пайыз емес, тоқсан пайызы «бәріне қарсымынды» таңдаса да кандидаттардың сайлануына ешқандай әсер етпейді. Яғни «бәріне қарсымынның» заңдық күші жоқ. Сайлау заңында бұл туралы ештеңе жазылмаған.

Президент партия атаулыға мүше болмайды. Қ.Тоқаевтың бұл әрекеті биліктік монополияланудың алдын алады. Ешқандай партияға басымдық берілмейді. Саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді делінген еді. Бірақ біз, былтыр өтпеген кезектен тыс президент сайлауында Қ.Тоқаевтың партия атаулыға мүше болмауы – партиялардың арасындағы бәсекеге емес, бір адамның айналасына (атқарушы биліктің) топтасуына жол ашқанына куә болдық. Атқарушы билікке оппозиция болатын мүмкіндік болмаса, Қазақстанның саяси жүйесінде оппозиция бар деп қалай айтуға болады. Партиялардан бір партия билік партиясы болуы керек. Әлемдік саяси практикада солай. Бұл жолғы мәжіліс сайлауында «Аманат» партиясы орасан зор жеңіске қол жеткізді. Президент Қ.Тоқаев өз қолымен «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановты мәжіліс төрағалығына ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан қолдау тапты. Билік партиясы «Аманат» партиясы болады. «Аманат» партиясы міндетті түрде президентті қолдайды. Бұл президент пен билік партиясының саяси ойыны емес пе? Сонда, Қ.Тоқаевтың ешқандай партияға мүше болмауынан президенттің парламенттегі ықпалы әлсіреді деп айтуға бола ма? Жаңа Қазақстанда «өзгерді» деген саяси жүйеде не өзгерді?..  

Қай облыс, қай аудан?

Тегтер: