Жаңа Қазақстандағы жастар саясаты

" Жас келсе іске" демекші жастардың дамуы бірінші кезекте елдің дамуына өлшеусіз үлес қосатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жастарды дамыту үшін оларды бірінші кезекте жұмыспен қамтып,қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтып тапсырма берді. Ел болашағы саналар жастардың қатарларынан қалмай жұмысқа тұрып, жағдайларын түзеп алуы үшін шарапаты тиетін талай жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен кейбір жобалар бойынша ұсынылатын жұмыстардың ішінде жастардың мамандығына сай келмейтіні, кейде жалақыларының да мардымсыз болатыны да кездесті. Сол себепті қазіргі уақытта елімізде жастардың " Жастар тәжірибесі" және " Менің бірінші жұмыс орным" жобаларына қатысу шарттарын қайта қарастыру көзделіп отыр. Сондай — ақ бүгінгі таңда жастарды қолдау және дамыту іс — шараларымен бірге жастар саясаты саласындағы өкілетті орган тарапынан 2021 — 2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жастарды қолдау кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасып келеді.Елімізде жастар мәселесінің оңтайлы шешілуіне ықпал ету үшін Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы бекітілген. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин фейсбукк парақшасында мәлімдеді. Жастардың жаңа құрамы жастар саясатын жетілдіруге байланысты тұжырымдамалық құжаттармен ұсыныстарды әзірлеуге ат салысады. " Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Оның құрамына қоғам белсенділері, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, ауыл,өңір және шығармашыл жастардың өкілдері, " Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының иегерлері, Президенттік кадр резервінің мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары кірді. Бұл жастардың барлығы өз саласының майталман мамандары. Өскелең ұрпақтың өзекті мәселелерін жақсы біледі. Әртүрлі жас буынның арасында зор бедел мен сенімге ие.Жақында кеңес мүшелерімен ZOOM арқылы кездесіп, алдағы жоспарларымыз бен жұмыс тәртібін ақылдастық.Ел дамуының жаңа кезеңінде Кеңес жастардың күн тәртібінде тұрған мәселелерін шешудің нақты алаңына айналады деп үміттенемін ",- деп мәлімдеді Ерлан Қарин .