Жаңа Қазақстандағы «Жасыл Қазақстан» жобасы
Былтыр ауаның ластану индексі нашар 10 елдің ішінде Қазақстан 13 орынға жайғасқаны белгілі болған.
Сол жылы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов орта мерзімді перспективада неғұрлым ластанған 10 қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіру қажеттігін жеткізді. Өйткені елдегі экологиялық мәселе өзекті.
«Қазгидрометтің» экологиялық мониторингіне сенсек, екі жыл бұрын 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің 10 аймағы, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне өткен. Яғни ірі қалаларда жоғары ластану мен қауіпті ластанудың 4 экстремалды жоғары ластануы және 555 жоғары ластану тіркелген. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне, автокөлікке және жеке секторға тиесілі болса, Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ал Ақтөбе және Атырау қалаларындағы ластанудың негізгі себебі – ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес жыл сайын әлем бойынша 4,2 миллион адамның өлімі атмосфералық ауаның ластануынан болады екен. Сондай-ақ «Америка медицина ассоциациясының журналы» жариялаған деректерде жоғары деңгейлі озон қабаты ластанған қалада он жыл өмір сүру отыз жыл бойы күніне бір қорап темекі тартқанмен тең бірдей екені айтылады. Ғалымдар ауасы ластанған әлемнің ірі алты қаласында тұратын 18 жастан асқан 7 мыңға жуық адамды сынақтан өткізіп, өкпе эмфиземасының пайда болуына ауадағы ауыр заттар, қара көміртек, азот оксиді әсер еткенін дәлелдепті. Күн энергиясы автомобильдер мен басқа да көздер шығаратын зиянды химиялық заттармен әрекеттескенде өте зиянды қабат түзілетін көрінеді. Әсіресе күн жылынғанда оның зияны шаш етектен. Көліктен шыққан көк түтін ауаны ластап қана қоймай, климаттың тезірек өзгеруіне алып келеді. Чикаго университетінің ғалымдары болса АҚШ пен Дания елдерін ұзақ зерттеп, ауа ластануы адамның психикасына да әсер ететін дәлелдеген. Мысалы екі елдің де ауасы ластанған қалалардағы халықтың психологиясын зерттеген ғалымдар тұрғындардың депрессия мен биполярлық бұзылыс көбірек тіркелгенін анықтайды. Ауасы лас қалаларда тұратын 0 мен 10 жастағы балалар арасында шизофрения мен жеке тұлғаның бұзылуы көп анықталса, АҚШ-тағы соңғы он жылда келген 151 миллион адамның медициналық орталықтарға келген шағымын қарағанда көбісі психологиялық бұзылудың себебі ауа ластануымен байланысты екенін анықтайды.
Сонымен қатар Корнель университеті біраз жыл бұрын дүниежүзіндегі өлім-жітімнің 40%-ы ауаның, топырақтың, судың ластануынан болып отыр деген тоқтам жасаған болатын. Ал атмосфералық ауаның ластануы қатерлі ісік, туа біткен патология мен адам ағзасының иммундық жүйесі жұмысының бұзылуына алып келеді екен.
Соңғы жылдары бұл мәселе біздің елдің де басты мәселеге айналды. Тіпті Мемлекет басшысы өз жолдауында ауаның ластануына тікелей әсер етіп отырған жағдайлардың алдын алу керектігін айтып, тиісті мекемелерге тапсырма да беріп жатыр. Өйткені өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары мен көлік түрлерінің саны артқан сайын ауа қабаты улы газдарға толып, тұрғындардың өміріне қауіп әкелуде. Сондықтан энергия тиімді саясатын, жасыл экономика қағидаттарын, экологияны қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды міндеттейтін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынғанды.
Былтыр Президент Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Сол 10 жобаның арасында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да бар. Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба бойынша 4 негізгі бағыт қамтылған. Атап айтқанда, халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады.
Біріншісі, «Таза Қазақстан» – атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар, су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары да қарастырылатын болады.
Екіншісі – «Үнемді Қазақстан» бағыты. Бұл «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақарымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы екінші міндет — өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру.
Үшіншісі — «Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 млрд. ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр.
Төртінші бағыт – «Экология болашағы». Бұл халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендетуге қол жеткізу, қалдықтарды өңдеу үлесін ағымдағы 18%-дан 35%-ға дейін арттыру, сондай-ақ елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығын төмендету жоспарлануда. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында экологиялық проблемалар мен оларды қоғаммен, әсіресе, барлық өңірлердегі экобелсенділермен шешу жолдары қарастырылған. Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп 17 Жол картасы әзірленген. Жалпы алғанда «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасыұлттың келешегі үшін қажетті. Себебі жоба жүзеге асса, елдегі кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізіп, тиісінше жаңа экологиялық кодекс шеңберінде кешенді экологиялық рұқсаттар алатын болады.