«Жаңа Қазақстанға» ескі әдіс жараса ма?
Дәл қазір халық Үкіметке үлкен үмітпен қарап отыр. «Жаңа Қазақстан құрамыз», «халықтың әл ауқатын көтереміз», деген уәделердің орындалуын күтуде.
Өзгерістен үмітті, өйткені бәрінің бұрынғыша, болғанын қаламайды. Соның дәлелі кешегі аптада Жолдауды қолдау мақсатында өткізілген іс-шаралар талайдың наразылығын туғызды. Тіпті, думандатып, ұрандатып өткізілген шараларды «Жас Отанның» қылығына балағандар да көп болды.
Шынында да «Менің Президентім бес тіл біледі, ал сенің ше?», «Тоқаев тигр», деген ұрандар, жалпы, керек пе еді? Ел бақыты президенттің бес тіл білуімен өлшене ме? Ең бастысы, бақытты елден жастар кетпеуі керек, шын бақытты елде жемқорлыққа жол жоқ, бақытты халық елдің ертеңіне құлай сенуі қажет. Бақытты елде көпбалалы аналар наразылыққа шықпауы тиіс. Бақытты елдің балалары аш болмауы, жоқшылықтың не екенін білмеуі керек. Өйткені қарны аш бала мен алпыстан асқан шағында кәрі сүйегін сүйретіп, зейнеткерлік жасқа жете алмай жүрген аналарымызға президенттің бес тіл білетіні керек те емес. Оларға дәл қазір «Жаңа Қазақстанның» тезірек орнап, халықтың келешекте емес, бүгін, дәл қазір бақытты, көңілі де, қарны да тоқ өмір сүргені керек.
Жалпы, дәл осы кез қуанып, орден тағып, Президенттің бес тіл білетінімен мақтанатын кез бе еді?! Күн сайын қымбаттаған бағадан талай көпбалалы үй не ішіп, не жерін білмей отыр. 230 теңгеден көтеріліп 515-570 теңгеге жеткен қанттың барына тәубе деп жүрміз. «Көтерілуге негіз жоқ, қант қоры жеткілікті», деп қанша айтып жатса да қанттың бағасы бастапқы бағасына қайтып түспеді. Көтерілген күйі қалды. Оны шын бақылауға алып, қадағалап, түсіріп жатқан да ешкім жоқ. Бейне бір мемлекетімізде ештеңе басқаруға көнбейтіндей, ешкім ештеңеге жауапты еместей...
Тіпті, қаңтардағы қырғынның осы қымбатшылықтан туындап, талай жанның қырылып қалғанын, азап көріп, денсаулығынан айырылғанын, темір торға қамалғанын да ұмыттық па?! Екі-ақ ай бұрын екі жүздей шаңырақты қара жамылдырғанымызды естен шығардық па? Бүгін орден тағып, ұрандатып, ән айтқандар бір сәтке болса да арыстай азаматтарынан айырылған отбасыларының жан жарасын тырнап алатынын ұғына алмағаны ма?! Мұнша санасыз болармыз ба?! Жолдауды қолдағанның жөні осы екен деп, даурықпалыққа салынып, өтірік ұрандату кімге керек еді?!
Барлық нәрсенің бағасы аспандап тұр. Құрылыс заттары, азық-түлік бағасы, киім-кешек бәрінің құны бірнеше есе өскен. «Халық шықпа, жаным, шықпамен» әзер отыр. Өйткені баға қанша есе өссе де, жалақы мен жәрдемақы қатып қалғандай, өспеді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба туралы айтылғанымен, әлі іске асқан ешқайсысы жоқ. Қаңтарда берілген уәдені әлі күтіп жүрміз. Бірақ нақты қолға алынған ешқайсысы жоқ! Есесіне, «Президентіміз тигр»! Енді осылай деп жұбататын болдық па өзімізді? Идеология бұлай жүзеге аспауы керек еді ғой.
«Қапшық» қылып ұрып-соғып, бауырын езгілеп тастаған, арыстай азаматтарымыздың қабырғасы сынып, арқасы үтікке күйіп, тұтастай көкпеңбек болып кеткен оқиғаларды қалай тез ұмыттық. Олар – қымбатшылыққа шыдай алмай, отбасын асырай алмағандықтан, наразылық танытып, алаңға шығып еді ғой. Ендеше, содан шыққан қорытынды қайсы? Олардың сұрауы кімнен? Адам құқығы аяқ асты болған елде президенттің «тигр» болғанының пайдасы қайсы?! Сол қымбатшылық қазір, тіпті, өршіп кетті. Сонда өтірік күліп, «Жаңа Қазақстанның» қиялымыздағы ертегісіне сеніп, аштан аш отыра берейік пе, үндемей?! Қазақ қашан шын қуанады?! Халық қашанғы бүгін емес, болашақтағы бақуатты тұрмысын емексіп, өмір сүреді?!...