«Жаңа Қазақстанға» ескі жүйенің өкілдері орала бастады
Қаңтар оқиғасынан кейін халық үлкен өзгерістер күткен еді. Өйткені президент және оның айналасы «Екінші республика», «Жаңа Қазақстан» деген әңгіме айта бастады.
Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, президенттік сайлау, сенат сайлауы, мәжіліс сайлауы сияқты дүркін-дүркін өткен сайлаулар жұртты иландырып тастамаса да, бір өзгеріс болып қала ма екен деген аздаған үміт те сыйлаған. «Әулеттің» айналасына топтасқан ескі кадрлар биліктен тайдырылды, енді оларды жазалау басталады деп күтті. Біразы шет елге қашты. Шортаны бар (Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды), шабағы бар осында қалған біраз адам ұсталды, түрмеге тоғытылды. Экс-президенттің атақ-дәрежелері, қол сұғуға болмайтын шектеулері алынып тасталды. Мұның бәрін бұқара елдегі үлкен өзгерістің нышаны деп қабылдаған.
Дегенмен соңғы кезде биліктің саясатта, экономикада, әлеуметтік салада реформаларды бастау жөнінде ертегіге ұқсас әңгімелері айтылған күйі қалып, әу баста басталған «жылымықтың» соңы сиырқұйымшақтанып кетті. «Жаңа Қазақстан» құру мәселесі де тұйықталып келе жатқандай. Қаңтар оқиғасынан кейін арада бір жарым жыл өтті. Не өзгерді? Ауыз толтырып айтатын дүние жоқ секілді. Экс-президенттің дәуірінде айтылған әдемі әңгіме, қазір де сол қалпында қайталануда. «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстанның» арасында еш өзгеріс болмай қалғандай. Ескіні күйреттік пе деп жүргенде, керісінше, «Ескі Қазақстанның», соның ішінде «әулеттің» маңына топтасқандардың үндері соңғы кезде жарқын-жарқын шығып, күш ала бастаған сынды. Соның бір көрінісі, Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевтің «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, ал Нәби Айтжановтың KEGOC-тың жаңа басшысы болып сайлануы.
Нәби Айтжанов бизнесмен Дінмұхамед Ыдырысовпен бірге жұмыс істеген. Еске сала кетсек, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Ыдырысовтың бақылауында. Өзі биліктің майлы жілігін армансыз мүжіген, Назарбаевтың оң қол, сол қолының бірі болған мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің құдасы болып келеді. Айтпақшы, былтыр ақпанда мәжілістегі спикерлік орнын босатып берген Нұрлан Нығматулиннің қазір қайда жүргені белгісіз. Ал былтыр Тараздағы «Қазфосфат» ЖШС-ын басқаратын ұлы Нұрхан Нұрлановқа байланысты дау болып, директорлықтан кетті деген сыбыс шыққан. Алайда сол Нұрхан Нұрланов ЖШС-да өз орнын сақтап қалғанға ұқсайды. Ол да болса, Нұрлан Нығматулиннің әлі де ықпалы бар екенін айғақтайды.
Жалпы, қаңтар оқиғасынан кейінгі өліара кезең өткен соң, бұрынғы басшылықта болғандардың қайтадан бас көтере бастауы нені көрсетеді? «Жаңа Қазақстанның» жаңа кадрлары қайда? Әлде ескі жүйе аралықта болған сәл үзілістен кейін, күш алып, қайтадан үстемдігін жүргізе бастады ма?
«Қазіргі президент пен экс-президент арасында белгілі бір деңгейде ымыраластық орнап, келісімге келген сыңайлы. Мәселен, «Транстелеком» мен KEGOC-тың басшылығын «әулетке» жақын жүрген адамдардың «басып» ала бастауы соның көрінісі. Шынтуайтына келсек, «Транстелеком» да, KEGOC та мемлекет үшін өте маңызды, стратегиялық мәні зор компаниялар. «Транстелеком» теміржолдың байланыс саласын қамтамасыз етсе, KEGOC еліміздегі біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы. Осыларды ескі жүйеге жақын адамдардың басқарылуына беруі жақсылықтың нышаны емес. Егер ескі жүйе бас көтеріп, қаңтардағыдай жағдай қайталанса, олар кез келген кезде елдегі электрді өшіріп тастай алады. Бұл деген мемлекеттік деңгейдегі апат деген сөз», – дейді саясаттаушы Ерасыл Ислам.
Демек, «Жаңа Қазақстан» «Ескі Қазақстанның» ыңғайына жығылып, дегеніне көнетін болса, онда осыған дейінгі реформа жасадық деп жүргендерінің бәрі бекерге шыққаны. «Әулетке» жақын адамдардың әлі де билікте орнын сақтап қалуы, мемлекеттік маңызы бар мекемелерге басшылыққа келуі, қаңтардан кейін түрмеге түскен біраз «шортандардың» отыру режимі жеңілдеуі, экс-президенттің «әмияны» атанған Еуразиялық топтың Шығыс Қазақстандағы энергетика саласын алуы сияқты жағдайлар соңғы кезде халықтың билікке деген сеніміне селкем түсіргендей. Өйткені қаңтар оқиғасынан кейін биік мінберден берілген уәделердің көбі сөз жүзінде қалып қойғаны белгілі. Әсіресе «Транстелеком» мен KEGOC басшылығына ескі жүйедегі әлеуетті адамдардың жақындары келуі қоғамда үлкен пікірталас тудырып жатыр. Көпшілік ескі жүйенің өкілдеріне Жаңа Қазақстанда «орын жоқ» деседі. Бірақ «Жаңа Қазақстанды» тіл мен жағы талғанша әмбеге жарнамалап жатқан биліктің мұнысы несі? Түсінбедік.