«Жаңа Қазақстанға» таяққа сүйеніп бармақпыз...
![None](/static/img/image.jpg)
Үкімет зейнет жасын төмендетуді неге қарастырмайды?!
Қазір үкіметі бар, парламенті бар «Жаңа Қазақстанға» жету үшін Президентке жапа-тармағай реформалар ұсынып әлек. «Деміккен экономиканың тынысын ашамыз, халықтың жағдайын күрт өзгертеміз», деген министрлер екі күнде бір жаңашылдықтарды жариялап-ақ жатыр. Мәселен, кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетке дейінгі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасын ұсынды. Бұл жоба зейнетке шыққалы жүріп, жұмыс таппай, қиналып жүрген қарияларды жұмыспен қамтуға көмектеседі-мыс.
Жалпы, деректерге жүгінсек, Қазақстанда 2 млн 200 мың зейнеткер бар болса, солардың 90 пайызы зейнетке әбден шаршап-шалдығып, қаусап, қалтырап барып шығады екен. Біздің елде зейнетке шығу ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 60 жас. 2027 жылы әйелдердің зейнетке шығу жасы ерлердікімен теңесіп, әйелдер қауымы да 63 жастан зейнетке шыға бастайды. Бұған қатысты сала мамандары да, бұқара халық та 2017 жылдан бері үкіметке наразылық білдіріп, зейнетке шығу жасын төмендету жайын айтудай-ақ айтып келеді. Зейнет жасын төмендетуге қатысты бірқатар аналар да наразылық танытып, тіпті ашынған аналар аштық жариялаған кездер де болды. Бірақ нақ осы мәселеге келгенде, үкімет те үнсіз, министрлер де міз бақпайды. «Жаңа Қазақстанға енеміз», деп, жаңашылдықтарын қайта-қайта ұсынып жатқан үкіметтегі топ-менеджерлер де зейнетақы жасын төмендетуге келгенде, жақтары қарысып қалғандай, ауыз ашпайды. Керісінше, үкімет мүшелері халықтың там-тұмдап жинаған зейнетақы қаражатына қатысты реформа ұсынуға тым бейіл. Бұл ретте, үкімет елдің зейнетақы жинағынан бірқатар салаларды жандандыруға бір қаражат алды, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында келесі бір қаражат жұмсалды, кірісі жоқ, шығысы көп ұлттық компанияларды дамыту үшін тағы бір қаражат алынды. Қызды-қыздымен елдің 71 млрд теңге зейнетақы жинағы Әзірбайжан банкіне де салынып кетті. Осылайша, үкімет зейнетақы қорының қаражаты айналымда бостан-бос жатпау үшін әрі-бері жұмсауды мықтап меңгерді. Ал халықты зейнетке ерте шығару тетігін мүлдем меңгергісі де келмейді.
Нақ қазір Қазақстанның жұртшылығы зейнетке ерте шығуды қатты армандайды. Қарапайым халықты қойып, сала мамандарының да зейнетақы жүйесіне тыңнан түрен салу керектігін айтқалы біраз болды. Экономика ғылымының докторы, Шаймерден Мырзағұловтың айтуынша, зейнетақы туралы заңның өзінде томпақ тұстар баршылық.
– Қазіргі заңда қарастырылғандай, тек қана құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетке ерте шығуын әділетсіз санаймын. Кеншілер, метталлургтер, өнер адамдары, балериналар, мұғалімдер, дәрігерлер 63 жасқа дейін әбден шаршап бітеді. Осы мамандық иелерінің еңбек жағдайының күрделілігі тең дәрежеде ескерілуі тиіс. Бізде сенатта, мәжілісте отырғандарға 63-73 жасқа дейін жұмыс істеу тиімді шығар. Елді зейнетке ерте шығару үкімет үшін де тиімсіз болар. Егер адамдар зейнетке ерте шықса, табыс салығы ұсталынбай қалады, бюджетке түсетін салық көлемі кемиді тағы басқа экономикалық тиімсіздігі бар. Бірақ жоғарыда аталған мамандық иелерін 50-55 жастан зейнетке шығару тетігі қарастырылғаны жөн, – дейді экономист-ғалым.
Расымен, маман айтса айтқандай, сенаторларға мәжілістегілерге тағы басқа жоғары жалақы алатын үкімет мүшелеріне 63 жастан зейнетке шығу, одан қала берді, зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс істей беру тиімді шығар. Мысалы, бізде сенат өңкей қариялардан құралған. Бұдан бөлек, мәжілісте де қылшылдап тұрған жастардың аздығын аңғарамыз. Олардың қатарын осы уақытқа дейін Владислав Косарев (80-нен асты), 75-тен асқан Қуаныш Сұлтанов, Тұрғын Сыздықов, (73 жаста), Гүлжан Қарағұсовалар (70-тен асты) толықтырып келді. Әрине, бұл мәжілісмендер мен сенаторлар парламент қабырғасында зейнетке ерте шығару мәселесін қозғай қоймасы анық. Әйтсе де алпыстан асқан мұғалім мен дәрігерге, зауытта ауыр жұмыс істейтіндерге зейнеткерлікке ерте шығу күнделікті арман-тілек. Бұл ретте, бір ғана білім жүйесін мысал етсек, қазіргі білім саласындағы қағазбастылық пен қилы-қилы жаңашылдықтар жас мұғалімдердің өзінің есін алып, ебін қашырып жүр. Бұған қатысты 38 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Айнагүл Нұртазақызы былай дейді:
– Менің жасым қазір 59-да. 21 жасымнан еңбекке араластым. Кеңестік кезеңде оқыту жүйесі мүлде басқа болды. Қазір оқыту жүйесі, тіптен бөлек. Алпысқа тақаған мен үшін оқу жүйесіндегі қағазбастылық, электронды күнделіктен бөлек, бірнеше форматты электронды жаңалықтар өте ауыр. Жастардың өзі мұны меңгере бермейді. Үнемі қағаз кеміріп, одан қала берді компьютер құшақтап, сабаққа дайындалып, таң атырып шаршап жүрген ұстаздан жанып тұрған шәкірт шығады деп айту тағы қиын. Сондықтан үкімет зейнет жасын төмендету мәселесін қайта қараса, жөн болар еді.
Бұдан бөлек, мамандар зейнетақы жүйесіне қатысты заңның тағы бір олқы тұсын баса айтты. Мәселен, бізде зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі барларға републикалық бюджеттен төленсе, 1980 жылы туған қазақстандықтарда 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмағандықтан, мұндай құқық болмайды. Бұл жылдан кейін туғандар тек зейнетақы қорына жинаған жинағын ғана ала алады.
– Осыдан шығатын қорытынды 1980 жылғы туғандардың зейнетке шыққандағы алатын зейнетақысы мүлдем мардымсыз болып қалады. Кеңестік дәуірде жастарды қолдау өте жақсы болды. Үкіметтен тегін үй берілді. Жұмыспен қамтылды. Қазіргі жастар үйді де өз күшімен алады, оқуды бітіргенімен жұмысты да өздері табуға мәжбүр. Сондықтан осы жайттарды ойластырып, зейнетақыны есептеудің халыққа тиімді жолдарын қарастырған абзал, – дейді Шаймерден Мырзағұлов.
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, бізде әртүрлі жобаларға, бағдарламаларға қыруар қаражат бөлінді. Үдемелі индустриалды-инновациялық бағытымыз дамымады. Халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға да жан-жақты мүмкіндік берілмеді. Жас мамандарға жағдай жасаудың орнына әрбір салада 40 жыл отырған, идеясы сарқылған қарияларды орнынан қозғамау дағдыға айналды. «Жас келсе, іске» деген бағытты ұстана алмадық. Сонда жастардың тың идеясы болмаса, болашақта қалай дамымақпыз?! Кадрлары қартайған, қазынасы ортайған ел болып қашанғы еңсемізді тіктей алмай отырамыз?! «Жаңа Қазақстан» дейміз, сол жаңашылдыққа таяққа сүйеніп бармақпыз ба? Абзалында, әр салада қылшылдаған жастардың болуы, экономикаға қан жүгіртіп, жан бітіреді емес пе?! Қаусаған қарияларды күшін сарқытып, ұстап отырғанша, оларды ертерек зейнетіне жіберіп, жастардың күшін пайдалануға неге кіріспейміз осы?! Үкімет бір сәт осы жағын таразылап, зерттеп, елге тиімді шешімдер қабылдаса етті.