Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:35, 18 Мамыр 2022

«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – парасыз мемлекет құру

None
None

Қазақстанда бұл індет тереңдемесе, азаймай тұр. Тіпті қазір парақорлық адамдардың қанына өтіп кеткендей, бір өңірде парамен біреу ұсталып жатса, екінші бір қалада тура сондай жағдай қайталанып жатады.

Қызмет бабын асыра пайдаланып пара алу қоғам дертіне айналғалы бері, халықтың да сенімі әлсіреген. Өйткені пара бермесе шаруа бітпейді деген психология қалыптаса бастады.

Зерттеушілердің берген мәліметтеріне сенсек, елімізде биыл қаңтар мен наурыз айларының аралығында 725 сыбайлас жемқорлық ісі тіркеліпті. Аз емес. Екі айда осынша қылмыстың болуы халқы аз, экономикасы шағын мемлекет үшін өте көп. Салыстырып қарасақ, бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткіштен 26,5 пайызға артық екен. Демек, жемқорлық індеті жайылып тұр деген сөз. Finprom.kz зерттеу жүргізіпті. Олардың берген мәліметіне сенсек, тіркелген жемқорлық қылмыстың үштен бірі пара алушылардың үлесіне тиесілі көрінеді. Оның себебін мамандар «Бара бергенше пара бер» деген су жаңа мақалмен түсіндіреді. Әрине, мұнымен қылмысты ақтап алуға болмас. Салыстырып қарар болсақ, бұл 1 жыл бұрынғы жағдайдан 246 қылмыстық оқиғаға көп. Яғни 2021 жылдың осы уақытынан 48,2 пайызға артық деген сөз.

Пара демекші, сыбайлас жемқорлықпен айналысатын жемқорлардың арасында шенеуніктер екінші орынды ұстайды екен. Парақор шенділерге қатысты 198 құқық бұзушылық тіркеліпті. Бұл былтырғыдан 14,5 пайызға артық. Бөтен адамның сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе жымқыру дерегі бойынша 88 қылмыстық іс тіркелген. Бұл да қоғамдағы ең үлкен қылмыстың бірі.

Пара алу барлық елдерге ортақ жағдай емес шығар. Бірақ Қазақстанның барлық аймақтарына ортақ індет. Мәселен, өңірлер бойынша Алматы облысы пара алудан көш бастап тұр. Облыста жемқорлықтың 67 жағдайы тіркеліпті. Алматы қаласы да облыстан кем соқпайды. Алып шаһарда 57 қылмыстық іс тіркелген. Елордада 47 парақорлық жағдай анықталған. Алғашқы үштік осылар. Аймақтардағы парақорлық бойынша Қызылорда облысы біраз жақсарған. Өңірде пара алудың 5 ісі ғана тіркеліпті. Өткен жылы Сыр өңірінде жемқорлықпен айналысқандардың 11 оқиғасы анықталған еді.

Көп жағдайда халық пара алғандарды ғана айыптап жатады. Бірақ пара беруші де қылмыскер саналатынын ескере бермейді. Ортада жүрген делдалдар да қылмыскер. Биыл жыл басталғалы бері дәл осындай 459 жағдай тіркеліпті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға көбейген.

Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылдан бері жемқорлық деген індетпен күресіп келеді. 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданды. Одан кейін әлгі заңға бірнеше мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сонда да бұл қылмыс еш тыйылмай келеді. Керісінше, жылдан-жылға асқынып, су жаңа парақорлар пайда болуда. Біздің мемлекет жемқорлық жайлаған 180 елдің ішінде 113-орында екен. Қуанатын жағдай емес. Дегенмен, қоғамды ілгерлетпей, мемлекетті тұралатқан індетпен күрес жылдан жылға кемелденуде. Мемлекет қандай жағдай болса да, жемқорлардың жолын кесуге барын салуда. Жаңа Қазақстанның ең үлкен реформаларының бірі – парасыз мемлекет құру болуы керек.

Белгілі заңгер Айман Омаровадан парақорлықтың неге осыншалық асқынып кеткенін сұрадық. Ол: «Жемқорлық індеті біздің етімізден өтіп, қанымызға сіңіп кеткен. Мысалы, біреу бізге көмектессе, оған міндетті түрде алғыс айтуымыз керек. Жемқорлық та солай сіңді қанымызға» – деп бастады әңгімесін. – Қазақта: «Бір азамат таққа отырса, қалғаны атқа отырады» деген сөз бар. Жемқорлық та сондай дүние. Азаматқа жүктелген жүк, артылған міндет ауырлаған сайын, ол ақша табудың басқаша жолын қарастырады. Бұл – жемқорлықтың жолы. Мен бір елшіліктің адамымен әңгімелескен едім. Сол айтады: «Еуропа елдерінде үйленген азаматтың бар міндеті – өзі мен отбасын асырау ғана. Ал қазақтарда бір жігіт бас құраса, оған көптеген міндеттер жүктеледі екен» – дейді. Онысы рас. Біздің азаматтарымыз өзін, бала-шағасын, бауырларын, қайын жұртын, одан қалса туыстарын асырауды өзіне міндет санайды. Міне, сол міндеттің үдесінен шығу үшін біреуден пара, біреуден ақша алады, – деп ойын түйіндеді.

Мейлі қандай жағдай болса да, қандай мәжбүрлікпен болса да, пара алу – қылмыс. Оны ақтап алуға болмайды. Өйткені жемқор деген ат жаман.

Тегтер: