Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Жаңа Салық кодексі: Әлсізді шеттетіп, күштіге субсидия беру

салық
Фото: Егемен Қазақстан

Келер жыл кәсіпкерлердің көңіл күйін түсіретін жаңалық қолданысқа енеді. Бұған қарап сарапшылар 2026 жылдың отандық бизнес үшін оңайға соқпайтынын топшылайды. Тіпті «Қазақстандағы бизнес тоқсаныншы жылдардағыдай тоқырайды» дейтіндер де бар.

Негізінде, үкімет 2008-2009 жылдардан бері отандық кәсіпке «мейірімін» төгіп, бизнесті тексеруге мораторий жариялаған. Кейін қайта тексерулер жалғасып, артынша атқарушы билік іле-шала 2024 жылға дейін бизнесті тексерістен тағы құтқарған. Осылайша бизнесті мемлекеттік қолдаудың арқасында экономиканы көлеңкеден шығару үрдісі жүрді. Үкіметтен табысын жасырғандар кәсібін заңдастырды. Өзін ғана жұмыспен қамтымай, өзгелер үшін де жаңа жұмыс орындары ашылды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2005 жылы Қазақстанда небәрі 394 672 жеке кәсіпкер болыпты. Ал қазір 2025 жылдың қараша айында олардың саны 1 млн 900 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 2005 жылы 10,5 пайыз болса, 2024 жылы 38,9 пайызға дейін өсіпті. Енді сарапшылардың пайымдауынша, келер жылдан бастап қолданысқа енетін жаңа Салық кодексі аясындағы өзгерістер орта кәсіпкерліктің бұл көрсеткішін азайтқалы тұр. Себебі келер жылы біраз кәсіп иелері банкрот жариялап, бизнесін доғаруы әбден мүмкін.

В2В арасын «суыту» дұрыс па?

Мәселен, жаңа Салық кодексі аясында келер жылы бизнестегі В2В шегерімі қатынастары бойынша жеңілдіктер жойылады. B2B шегерімі – бұл бизнес пен бизнес арасындағы (Business-to-Business) мәмілелерде қолданылатын жеңілдік, бағаны төмендету немесе тауар-қызмет құнынан шегерілетін сома. Қарапайым тілмен айтқанда, қандайда бір компания басқа компанияға өнімін сатқанда оған арнайы жеңілдік немесе шегерім береді. Сол жеңілдік B2B шегерімі деп аталады. Компаниялар B2B шегерімін: көтерме сатып алушыларды тарту үшін, үлкен көлемде алатын клиенттерге арзан баға ұсыну үшін, ұзақ мерзімді серіктестік орнатып сатуды көбейту үшін, салықтық жеңілдіктер алу үшін береді. Мысалы, қандайда бір компания кеңсе тауарларын сатады делік, дүкенге 1 қаламды 200 теңгеден сатасыз. Ал үлкен компания ай сайын 10 000 қалам алады. Оларға сіз былай дейсіз: «10 000 дана алсаңыз 100 теңгеден беремін» деп айта аласыз. Міне, 100 теңгелік айырмашылық. B2B шегерімі деген осы. Оңтайлысы, арнайы растайтын құжаты болса B2B шығындары толық шегеріледі. Соның арқасында қаламсапты жеңілдікпен сатқан компания жылына 10 млн табыс тапса, ал B2B шарты бойынша жеңілдік бергеннен көрген шығыны 4 млн теңге болса, салық салынатын база = 6 млн теңге болатын. Яғни, жеңілдікпен тауарын сатқан компанияның корпоративтік табыс салығы (КТС) азаятын, тағы басқа жеңілдіктер болатын. Енді жаңа кодекс бойынша кәсіпкерлердің осы В2В шығындары табыстан шегерілмейді. Үкіметтің түсіндіруінше, бұл – көлеңкелі экономикамен күресу, салық базасын кеңейту, салықтан жалтаруды болдырмау үшін қажет. Ал сарапшылар бизнес пен бизнестің арасын дәнекерлеуші құрал болған В2В арасын бұлай «суыту» дұрыс емес екенін айтады. Кәсіп иелерінің өзі де осы өзгерістің салдарынан бірқатар жеке кәсіпкерлік жабылып, керісінше, «көлеңкелі» экономика ұлғая бастауы мүмкін екенін айтады.

Бизнес қауымдастықтардан бастап, кәсіп иелері де үкімет пен парламенттен B2B арасындағы шарттарды жоғалтпай-ақ компаниялармен бұрынғыша жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрап жатыр. Алайда шенділер оған илігер емес. Қазір жеке кәсіпкерлер серіктес компаниялардан 2026 жылдан бастап ынтымақтастықты доғаратыны туралы хаттар да ала бастаған. Өйткені ЖШС-лар жеке кәсіпкерлердің тауарын, қызметін немесе жұмысын сатып алса, ол шығысын шегерімге жатқыза алмайды, мемлекетке қосымша алым-салық төлеп, шектен тыс шығындалады.

«Артық қылам деп тыртық қылды»

Бұл ретте құрылыс саласында жүрген кәсіпкер, Қуанышбек Бейсеновтің пікірін білгенбіз. Оның сөзіне сүйенсек, В2В шегерімдерін алып тастаудан нақ осы құрылыс саласы дағдарайын деп тұр. Мұндай жаңашылдық енгізіп, үкімет «артық қыламын деп тыртық қылды». Алайда үкіметте мұны ескеретін шенеунік жоқ.

«Мысалы, біз тәрізді шағын құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендерінің қаңқасын қалқитып, өз бетімізше саламыз. Өзге материалдарды есік, терезе, тағы басқа қажетті заттарды жеке кәсіпкерлерден сатып аламыз. Әрине, осы арада бізге В2В қатынасы көмекке келетін. Олар өздеріне берілетін салықтық жеңілдіктерді ескеріп, біздің сұраған заттарымыздың бағасын түсіріп, айтарлықтай жеңілдік жасайтын. Оларға жеңілдікпен бізге тауар сатқаны үшін салықтық жеңілдік, табыс салығынан жеңілдіктер қарастырылатын. Енді осы мүмкіндіктер алынып тасталса, біз тауарды қымбатқа сатып аламыз. Сататын компаниялар қазірдің өзінде ынтымақтастықты доғаратындарын ескертіп, хат жолдап жатыр. Енді қараңызшы, үкімет бір ғана осы шегерімді алып тастау арқылы баспана нарығында қымбатшылықты одан әрі өршітейін деп тұр. Құрылыс материалдарын қымбатқа алғандықтан біз баспананы да қымбатқа сатамыз ғой. Бұл арада тағы сол қарапайым халық ұтылатын болып тұр», – дейді кәсіпкер Қуанышбек Бейсенов.

Кәсіпкердің бұл пікірін экономист-сарапшылар да қолдайды.

В2В-дан бөлек банктердің қызметі де ойлантып тұр

Бірқатар жеңілдіктер алынып тасталғандықтан келесі жылы банктік қызметтердің құны да өсуі мүмкін. Расымен де баспана бағасы бұқараға қолжетімсіз болмақ. В2В шегерімін алып тастайтын кезде министрліктегі «білгіштердің» осы нәрсені ескермегеніне «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Марал Төртенова да қынжылады. Сондай-ақ маманның байламынша, келесі жылы В2В шегерімінің мәселесі өз алдына банктердің де қызмет көрсету тәсілі бизнестің қадамын шырмайды, халықтың қалтасын жұқалайды.

«Жаңа Салық кодексі аясында келер жылы банктердің корпоративті табыс салығы да 20 пайыздан 25 пайызға көтеріледі. Одан кейін банктердің операциялық қызметтеріне қосымша құн салығын енгізу қарастырылуда. Мысалы, қазір есепшоттағы қаражатты бір картадан екінші картаға аударсаңыз, 200 теңгеден бастап комиссия төлейсіз (төлем, аударым көлеміне қарай қымбаттай береді). Жаңа Салық кодексі бойынша осы аударымдарға ҚҚС салынса, бұл пластикалық карталарға қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа аудару, аударымдар мен банк қызметтерін айтарлықтай қымбаттатуы ықтимал. Ұлттық экономика министрлігі құн салығы халыққа емес, банкке салынады дейді. Бұл шығындарды банк өзі жабады дегенімен, оны банктер сөзсіз тұтынушылардың мойнына артады. Мұндай өзгерістер елдің шығынын арттырып қана қоймайды, қаржы жүйесіне сенімсіздік тудырады. Онсыз да комиссиясы көп, несиесі қымбат қазақстандық банктер енді үкіметке ҚҚС төлеу үшін, қымбаттаған корпоративті табыс салығын төлеу үшін нарықтан басқа жол іздеп әуре болмайды, не халықтың қалтасына қол салады, не үкіметтің өзіне қол жаяды. Ипотеканы қымбаттатып, баспана бағасы шарықтады. Қымбат баспана өтпей нарықта бос тұрса, әрине, бұл салада дағдарыс туындайды, кәсіпкерлерге қиын болады. Сөйтіп, құрылыс саласын дағдартпау үшін «банктерді сауықтыру» науқаны қайталануы мүмкін. Бұл, әлбетте, бюджетке үлкен күш түсіреді. Сонда, бюджетті құтқару үшін салықты көтерген үкімет бюджеттің шығынын арттырған болып шыға келеді», – дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.

Басқа қызметтер құны не болмақ?

Сарапшылар халыққа қызмет көрсететін кәсіп иелерінің жайы да оңай болмайтынын айтады. Ойларынша,жаңа жылдан бастап, 2 миллионға жуық жеке кәсіпкерге қатысты жаңа шектеу әрбір салаға кері әсер еткелі тұр. Мәселен, белгілі жаттықтырушы, спорттық блогер Павел Тенцердің тұжырымдауынша да, B2B (бизнестен бизнеске) бағытынсыз қалса, жеке кәсіпкерлер негізгі табысынан айырылып, жабылудан басқа амалы қалмайды, немесе заңсыз, көлеңкелі қызмет көрсетуге көшеді. Яғни, бақыланбайтын экономика қайтадан өркен жаяды. Оның мәліметінше, жаңа жылдан бастап бір ғана B2B шектеуі кесірінен жеке кәсіпкерлер көрсететін қызметтер, сататын тауарлар кем дегенде 20 пайызға қымбаттайды.

«Мысалы, менің жағдайымда марафонды ұйымдастырушылардың шығыстары автоматты түрде артады. Өйткені мердігерлерім бағаларын көтереді, оған ҚҚС қосылады. 2026 жылдан бастап, B2B аясында қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерді 16 пайыз қосылған құн салығын, 20 пайыз корпоративтік табыс салығын төлеуге мәжбүрлеп көшіргелі жатыр. Республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде өзге дара кәсіпкерлерден, фотографтардан, дизайнерлерден, басқасынан қызметін сатып аламын. Олар жеңілдетілген салық режимінде отыр. Мен олар үшін салық төлеуге мәжбүр боламын немесе өздеріне төлеттіремін, онда олар қызметінің құнын салық сомасына дейін қымбаттатады», – дейді Павел Тенцер.

Жаттықтырушы әріптестерінің осындай ескертпе хаттар алғанын жоққа шығармайды. Қазір компаниялар дара кәсіпкерлерге мынадай талаптар қойып жатқан көрінеді: не жеңілдетілген «арнаулы салық режимінен» (АСР) кетіп, «жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне» көшесің (ол жағдайда дара кәсіпкерге ҚҚС, КТС, ЖТС сияқты қаптаған салықты төлеуге, жеке бухгалтер жалдауға тура келеді), немесе сенімен ынтымақтастық доғарылады дейді.

Сарапшылардың ойынша, екі жағдайда да кәсіпкерлерге жабылудан басқа амал қалмайды. Осылайша B2B серіктестігінің арасын «суыту» кәсіпкерлікті тоқырауға түсіргелі тұр. В2В тәсілінде ірі және орта компаниялар шағын және ұсақ бизнесті қамқорлығына алып, дамуына демеу болушы еді. Енді бұл қатынастың дәурені бітсе, шағын кәсіптің қорғаныш күші әлсіремек.

Әлсіздерді бүріп, күштілерді қолдау үрдісі

Жалпы, мамандар осы уақытқа дейін үкіметтің қолдауы негізінен ірі кәсіпорындарға арналғанын, ұсақ және шағын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау алу өте қиын екенін, бұған дейін дара кәсіпкерліктің салықтық жеңілдіктер арқасында аман қалып, ілгері басып келгенін, ендігі жаңа өзгеріс оларды осы азғантай игіліктен айырып отырғанын ашып айтты. Жеке кәсіпкерлерді де қапаландыратыны осы. Ең қызығы, бір қолымен жеке кәсіпкерлерді осылай бүріп тастауды жөн көретін шенділер екінші қолымен алпауыттарға аста-төк салықтық жеңілдіктер сыйлап жатыр. Мысалы, жаңа жылдан бастап ірі кәсіпкерлер салық төлеуден бірнеше жылға босатылады, салық әкімшілігі жеңілдейді, есептілік азаяды. Кейбір ірі кәсіп салалары бойынша төмендетілген корпоративтік салық ставкалары қарастырылған. Айыппұлдар кешірімі мен шот бұғатталмайтын шектеулер енгізіледі. Салықтық есептілік пен әкімшілік процедуралар автоматтандырылады. Оның арасында «Бәйтерек» холдингі шығарған бағалы қағаздардан кірістерге корпоративтік табыс салығы 2031 жылға дейін босатылды. Бұл ірі инвестициялық жобаларға және қаржы құралдарын тартуға мүмкіндік бермек. Акциялар мен биржалық механизмдерге қатысты арнайы жеңілдіктер сақталуда. Пайдалы кен орындарын игерген компанияларға 5 жылға Mineral Extraction Tax (металл шығару салығы) бойынша каникул беріледі. Бұл тау-кен секторындағы ірі компаниялар үшін инвестицияны тартымды етеді-мыс. Геологиялық барлау мен қайта өңдеу жобаларына да салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осылайша үкімет енді ірі бизнеске мейірімін төкпек. Ал шағын бизнестің уайымы күшейіп барады...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ