Жаңа Салық кодексі нені көздейді?!
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі толықтай күшіне енді. Сарапшы мамандардың сөзінше, жаңа салық жүйесі жүктемені көбейтуді емес, оны әділ бөлуді және әкімшілік кедергілерді жоюды көздейді.
Мәселен, кәсіпкерлік үшін режимдер қысқарып, жүйе жеңілдеді.
Бизнес өкілдері үшін ең басты жаңалық – арнайы салық режимдерінің оңтайландырылуы. Енді олардың саны үшке дейін қысқартылды: бірінші, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, екінші, оңайлатылған декларация (бөлшек сауда салығымен біріктірілген), үшінші шаруа – қожалықтарына арналған режим.
Сонымен қатар барлық кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін өздеріне ыңғайлы салық режимін таңдап, хабарлама жіберуі тиіс. Ал банк секторы мен ойын бизнесі үшін ставка 25 пайыз болып бекітілді, бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға бағытталған.
Қосылған құн салығы: әлеуметтік бағдар
Жаңа кодекс бойынша ҚҚС-тың базалық ставкасы 16 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, маңызды жеңілдіктер енгізілді: Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін ҚҚС 2026 жылы 5 пайыз болады (2027 жылы 10%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі). Азық-түлік тауарлары мен кітап басып шығару ісі ҚҚС-тан толық босатылады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке немесе 40 млн теңгеге дейін төмендетілді.
Жеке тұлғалар: салықтық әділдік принциптері
Реформа қарапайым азаматтардың мүддесін де айналып өткен жоқ. Соның ішінде көлік және жылжымайтын мүлік салықтарына айтарлықтай өзгерістер енді: Көлік салығы: 10 жылдан асқан ескі көліктер үшін төмендетілген коэффициенттер (0,7 және 0,5) қолданылды. Бұл – халықтың шығынын азайтуға бағытталған қадам. Зейнетақы: БЖЗҚ-дан алынатын төлемдер енді жеке табыс салығынан (ЖТС) толық босатылды. Прогрессивті ставка: жоғары табыс табатындар үшін 15%-дық ЖТС мөлшерлемесі енгізілді (орташа табыс үшін 10% сақталады). Сән-салтанат салығы: құны 450 млн теңгеден асатын элиталық жылжымайтын мүлік иелері жоғары ставкамен салық төлейтін болды.
Әкімшілендіру: бұғатталған шоттар өткеннің еншісінде
Жаңа кодекс бойынша салықтық бақылау толықтай цифрландырылды. Енді камералдық бақылау адам факторынсыз, автоматты түрде жүргізілді.Ең басты жаңалық, салықтық берешек үшін банктік шоттарды толық бұғаттау тәжірибесі тоқтатылды. Шектеу тек қарыз сомасының көлемінде ғана қойылып, бұл кәсіпкердің жұмысын тоқтатпай, қаржылық айналымды жалғастыруына мүмкіндік берді.
Айдана АМАНЖАН