Жаңа соғыс. Судан Эфиопияны дрон шабуылында айыптады
Африка құрлығында тағы бір шиеленіс ошағы пайда болуы мүмкін: Судан билігі Эфиопияны ресми түрде шабуыл жасады деп айыптады.
Суданның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ел аумағына дрондар арқылы соққы жасалған.
Clash Report ресурсының мәліметіне қарағанда, дрондар Эфиопия аумағынан ұшырылып, Судан ішіндегі бірнеше нысанға соққы берген.
Ресми Хартум бұл әрекетті мемлекеттік егемендікті өрескел бұзу деп бағалады. Қазіргі уақытта қирау көлемі мен зардап шеккендер саны нақтыланып жатыр.
Ал Эфиопия тарапы әзірге ресми түсініктеме бермеді және шабуылға қатысы бар екенін растаған жоқ.
Бұл оқиға екі ел арасындағы онсыз да күрделі қарым-қатынас аясында орын алды. Судан мен Эфиопия ұзақ жылдан бері шекаралық аумақтар үшін, Ніл өзенінің су ресурстарын бөлу мәселесі бойынша, сондай-ақ Эфиопия салған «Қайта өрлеу» (Grand Ethiopian Renaissance Dam) бөгетіне байланысты дау-дамай жүргізіп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Шығыс Африкада кең ауқымды қарулы қақтығысқа түрткі болуы мүмкін.