Жаңа жыл түні Түркістандағы жарылыстан қаза тапқан қыздың туыстары кінәлілердің жазалануын талап етті
Жаңа жыл түні Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында жарылыс болды. Оқиға салдарынан мекеме қызметкері, 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы қаза тапты.
Ол ауыр күйік жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Туыстарының айтуынша, бірнеше адам газ иісін сезіп, қауіп бар екенін ескерткеніне қарамастан, нысанда жұмыс қарқыны қызу жүріп жатқанын алға тартқан басшылық кассада тұрған бойжеткенді үйіне қайтармаған.Ол бұл мекемеде небәрі бір ай ғана жұмыс істеген және колледждің екінші курсында оқыған. Марқұмның жақындары кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.
Еске салайық, 1 қаңтарға қараған түні көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар келгенге дейін ашық жалын байқалып, кейін өрт шыққан. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам ауруханаға жеткізілді, олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.