Жаңа жылда отшашуға салынатын айыппұл көлемі белгілі болды

Жаңа жылда отшашуға салынатын айыппұл көлемін Ішкі істер министрлігі жариялады.
Ведомство хабарлағандай, қоғамдық орындарда, балкондар мен пәтерлердің терезелердің жанында отшашу үшін айыппұл салынады. Көршілердің тыныштығын бұзғаны үшін де айыппұл төлейсіз. Мұндай жағдайда ақшалай жаза мен қатар, отшашу тәркіленеді.
"Жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін және демалыс және мереке күндері сағат 23:00-тен 10:00-ға дейін тыныштықты бұзғаны үшін 437-бапқа сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 17250 теңге, коммерциялық ұйымдарға 69 000 теңге сомасында айыппұл салынады", - дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті департаментінің жетекшісі Асылбек Ыдырысов.
Ішкі істер мен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері 25 желтоқсаннан бастап 3 қаңтарға дейін рейдтерге шығады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін пиротехникалық заттарды сатушылардан өнім сертификатын талап ету керегін ескертеді. Айтпақшы, заңсыз сауда үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
"196-бапқа сәйкес 86 250 теңге және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 436-баб бойынша – елді мекендерде және отшашу үшін белгіленбеген жерлерде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны үшін пиротехникалық бұйымдар тәркіленіп, белгіленген тәртіппен 69 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады", - дейді Асылбек Ыдырысов.