Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:16, 07 Желтоқсан 2022

Жаңа жыл – жемқорлар мерекесі!

None
None

Әкімдіктер қала безендіруге пәленше миллион, жаңа жылды тойлауға түгеншеден бөліп жатыр деген жаңалықтар жүр.

Билік пен халықтың бір-біріне бөтен екені осыдан-ақ білінеді.

Қара халық үшін жаңа жыл деген түк те қуанатын мереке емес болғаны қашан, шындығын айтқанда.

Бұл жолғы жаңа жылдан кейін де қазақ басындағы қара бұлтынан арылып шыға келмейді. Ол үшін әлі нақты қанша жаңа жылдың келуі керек екенін білмейміз. Білетініміз сол, жаңа жылдан кейін жылдағыдай бәрі күрт қымбаттап шыға келеді. Ал жәрдемақылар мен зейнетақылар күлкімізді келтіргісі келгендей азғантай ақшаға ғана көтеріледі.

Білеміз ғой, өткенбіз, көргенбіз. Әбден үйренгенбіз.

Жаңа жылдан қазақ ештеңе күтпейтін күйге келдік...

Ал билік шын қуанып, тойлайды жаңа жылды. Жаңа жыл деген – жаңа бюджет, жаңа тендер, жаңа үй мен мәшине, жаңа қуаныштың түр-түрінен үміттенуге болатын мереке. Солайы солай енді...

Қазақ шын бақытты болса, былтыр жаңа жылды қарсы ала сала, қақаған қаңтарда алаңға шықпас еді ғой?

Былтыр қара қазақ өзінің соңғы отыз жылдағы жаңа тарихындағы ең көңілсіз жаңа жылдарының бірін қарсы алған.

Ал биыл қазаққа жаңа жылды былтырғыдан көңілдірек қарсы алуға себеп бар ма?

Жаңа жыл – елдегі саяси жүйені құрайтын жемқорлардың бейресми мерекесі сияқты елестейді кейде. Ішіп-жегенінің өтірік-шын есеп-қисап, қағаздарын тапсырып, жаңа жылға жаңа дәмелерімен аяқ басатын.

Жылда осы ғой. Отыз жылдан асты...

Тегтер: