Жанабыловтар ісі бойынша жаңа деректер жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінген.
АФМ мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар аудитория сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан. 2025 жылы олар онлайн-курс сату түріндегі схема ұйымдастырып, негізгі ынталандыру ретінде қымбат сыйлықтардың ұтыс ойынын ұсынған.
Тергеу барысында ұсынылған видеоматериалдардың білімдік маңызы болмағаны анықталды. Контенттің едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл материалдар лицензиясыз лотереяны бүркемелеу үшін ғана пайдаланылған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, жүлде қоры блогерлердің өз қаражатынан емес, онлайн-курстар үшін төленген қатысушылардың ақшасынан қалыптастырылған.
Сонымен қатар электронды «сәттілік барабанының» параметрлері әдейі өзгертілгені анықталған. 5 мың теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, қымбат сыйлықтарға мүмкіндік айтарлықтай төмендетілген.
АФМ мәлімдеуінше, күдіктілер көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік беріледі деп жария түрде уәде еткен. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған, көлік тапсырылмаған.
Агенттік дерегіне сәйкес, Zhana Business ЖШС-нің шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus пен Lexus LX 600-ге, сондай-ақ 17 iPhone телефонына тыйым салынды.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған. Қазіргі таңда олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.