Жанабыловтар ұйымдастырған ұтыс ойынын сотта «лохотрон» деп атады

Астанадағы мамандандырылған әкімшілік сотта блогерлер Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенованың ұйымдастырған ұтыс ойынына қатысты іс қаралып жатыр.
Комитет өкілдерінің айтуынша, блогерлердің әрекеттерінде ашықтық пен заң талаптарына сай тетіктер болмаған.
Комитеттің өкілі Асылбек Мұстафаев блогерлердің ойыны күмәнді деп атап, «Бұл жерде тіпті алаяқтық белгілері бар сияқты», – деді.
Ал тағы бір өкіл Абдель Балтатегі тікелей эфирде арнайы жабдық (лототрон) қолданылмағанын, жеңімпаздарды анықтау механизмі еш жерде жазылмағанын жеткізді.
«Қай жеңімпаздың қалай таңдалатыны, жұбаныш сыйлығын алушы қалай анықталатыны белгісіз. Бұл жерде ашықтық жоқ. Шын мәнінде ұтыс ойыны лототрон арқылы, тікелей эфирде өтуі тиіс еді. Ал мұнда қарапайым пайдаланушы курсты төлеп, бірден, кешіріңіз, «лохотронға» қатысып кеткендей болды», – деді ол.
Эльмира Төлегеноваға «Оператор саналматын тұлғаның заңсыз лотерея ұйымдастыруы» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық айыбы тағылған. Сот отырысында комитет өкілдері блогерлердің розыгрышын «жәй ғана ширма» деп атады.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова — Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Ерболаттың аккаунтына 8,4 миллион адам жазылған, Эльмираның парақшасын 7,1 миллион адам қадағалайды. Олардың жарияланымдары жиі миллиондаған қаралым жинайды.