Жанәділдің шежіресі

Егер түпсіз тұңғиыққа ұзақ қарасаң,
бір кезде тұңғиық саған қарайды.
..
Ницше
Көз жасы
Жанәділ жылаған күн...
Жылаған күн –
Дүние демін тартып, тына қалды,
Бар адамның жылауы секілденер,
Кей кейде жылағаны бір адамның.
Көз жасы жер бетінде аз ба, сірә,
(топан су – тұншығуы өз жасына),
Кей кейде бар адамның жылағаны,
Тұрмайды бір адамның көз жасына...
Кей кейде жылағаны бір адамның,
Теңіздер, өзендердің, тұмалардың,
Секілді толқығаны, тасығаны,
Таулардың, даланың да, жыралардың,
Секілді суға толып, тыншып бәрі,
Меңіреу үнсіздікте тұншыққаны...
Ұқсай ма көктемдегі ыза суға,
Көз жасы бір жұтылып, бір шыққаны,
Кей кейде жылағаны жас баланың,
Толтырып, дүние-ай, тағдыр тостағанын,
Қайғылы Құрманғазы, дертті Моцарт,
Аласапыран төккендей аспан әнін,
Аспан әнін – көктемгі көк нөсерді,
Өткір су, өжет суық, өкпек желді,
Төгіп-төгіп кеткені сияқты ма,
Жалғыздық, құса мен мұң, кек пен шерді!
Ой, дүние-ай, ағыл-тегіл, ебіл-дебіл,
Көктен күй күңіреніп төгілер бір,
Теңселіп қарағайлар, қамыққаннан,
Солқылдап, сабыр таппай егілер гүл.
Кей кейде жылағанын жас баланың,
Көргенде жабығамын, жасқанамын,
Қорқамын өзі өзімнен әлденені,
Өзгертіп алғандай бір...
Басқа мәнін –
Түсініп қойғандай бір бұл өмірдің,
Түбіне көз салғандай түнегінің,
Кей кейде күрсінгені бір баланың,
Айқай салғаны ма екен жүрегіңнің?!
Көз кебер, көңіл кеппес, дегдімейді,
Солықтап, жалғыз қалып, көп жүдейді,
Дүниеден дегбір кетіп,
Даурықса да,
Жылар бала жылады, енді, мейлі!..
Жанәділ жылаған күн… кешті ұл нені?!
Алғашқы рет жылады ол, ес білгелі,
Арпалыс, күрес… бала жылағанша,
Ал, бала жылаған соң,
Бес күндегі
бар мехнат, бар жанталас – бір үлесің,
түкке алғысыз!..
торығып,
түңілесің,
Көзіне Жанәділдің көзің түссе,
Өзіңнің құрдымыңа үңілесің...
Қалпы
Жанәділ – жаны нәзік, жас оғлан,
Қаздиып ерек шыққан қатарынан,
Ұл күмілжіп, қыз бала қызарақтар,
Мектепте, сол баланың атағынан.
Ол биыл он төрт жаста. Сырбаз бала,
Көзінен қарайтындай күн наздана,
Түзде өжет, үйде жайсаң, оқуда озат,
Өзінше еркін өскен бір бозбала.
Бозбала, ол да бәлкім, ерте жеткен,
(Секілді бүрін ашқан ерте көктем),
Жұқа емес, қара сирақ сидаң да емес,
Құдайым бір перзент ед(і) көркем еткен.
Көркемдік келбетте де, мінезінде,
Жері жоқ сыңар жақтап, бір езулер,
Атадан асыл туып, артқан ұлдай,
Сүйкімі дүниенің бір өзінде.
Арлы еді, намысты еді бала жастан,
Тік еді жастығына қарамастан,
Секілді оқушының ақ көйлегі,
Албырттығы бар тағы алақашқан...
Баладан бұлай туған айналарсың,
(Алланың рахматы деп ойға аларсың),
Көргені көзін ашып көк ту болса,
Паң болмай, көгершінім, қайда барсын?!.
Паңдығы – жас болса да жарасымды,
Кейде жұмсақ, әзілқой бала сынды,
Қадірлі қатарында, алдында оның,
Кітабы адамдықтың тағы ашулы.
Жүрегі ғаділетті тұрар сұрап,
Сотқарлық, дөрекілік – бұдан жырақ,
Үңіліп өз жанына, мұрат тапқан,
Кісі өзі үңілмесе, кім аршымақ,
Аршымақ жүректі кім, жұрт аңдар ма,
Ішіңде қарға бар ма, сұңқар бар ма?!
Жанәділ – жастық рухы, жанып туған
Ту жылы, жаңа әнұран шырқалғанда.
Сұлпы
Арманшыл. Ойшыл өзі. Қиялданып,
Қалатын қиялына жиі алданып,
Бәріне таң қалатын, шегін тартып,
Бәрінен бір ғажайып күй аңғарып.
Топ-томпақ, бала күнде кекілді еді,
Шұңқыры тіптен әйбат бетіндегі,
Жер шарына ғайыптан тайып келген,
Антуан «Ханзадасы» секілді еді,
Қожа, Дик, Том, Төстікпен өскен бірге,
Гарримен ғажап сырды кешкен бірге,
Мектеп кітапханасы жалықтырған,
Жетінші сыныбына көшкенінде.
Оқу, спорт, тағы оқу – күнде есебін,
алумен өзі өзінен, күн кешеді.
Уайльдты оқуға сәл ертерек,
Ал, Носовты оқуға тым кеш еді.
Өзімен өзі мәз боп, мияттанып,
Тұнжырап, жас философ сияқтанып,
Гетенің «Жас Вертерін...» жастанатын,
Джектің «Мартинін...» де жиі ақтарып.
Өзінен асқаны жоқ жолдасында,
Досы көп – әр дәуірде, әр ғасырда.
«Бәлкім, ол тұстасында, жалғыз жігіт,
«Абай жолын» оқыған он жасында,
Ішінде Жанәділдің өсер Абай,
Дәуірді жаңа туған кешер Абай,
бұл бала Жәуанмәрт пе?!.» дейді ішінен,
Ұстазы әдебиеттен Есен ағай.
Сегізінші сынып
Сыныпта он бір бала, он бір ұлан,
Он бірін қатар қойып әр қырынан,
қарасаң, он бір әлем, он бір тағдыр,
шыққандай классиктің томдығынан.
Он үш қыз, он үш өлең, жамалы гүл,
Ішінде жан жұмбағы жанарының,
Болмысы, табиғаты бейне олардың,
бейнесі экзистенция заманының.
Талпынар, биік күнге талаптанар,
Ұмтылар өзгеше бір санатқа олар,
Олардың аспанында феникстей,
Прагматикалық ойлар қанат қағар.
Бір ұрпақ бізден бөлек, мүлдем басқа,
Пайым бөгде, ой өзге, білген жасқа.
Көпір жоқ арамызда, тек қана бұл –
Қастерлі, қасиетті тілден басқа.
Бұл ұрпақ жаңа тұрпат, кейіптегі,
Арманы, мұраты да биік, тегі.
Состиып алдарында отырасың,
Секілді соц. реализм кейіпкері.
Идолы – Илон Маск, Джобс, Марк,
Заманның әпсанасы, аңыздары,
О, тіпті ертегісі басқа олардың,
О, тіпті иттері де қасқа олардың!
Жанқұбыл жариялық, ашықтықтан,
Көсем сол – уақыттан асып шыққан.
… Персонаж сезінесің кейде өзіңді,
Пешковтың повесінен қашып шыққан.
Малақай ішіндегі хат
Есімі – Жанәділ.
Кешіріңдерші мені...
Катарсис
Бір басқа әр кезеңнің ғұрып, салты,
Тарихты таниды олар тұнық қалпы:
«Көкте күн, төменде жер жаралғанда,
Жаралған ортасында түрік халқы,
Жаралған Жанәділмін сол түріктен», -
дегенде, бөрі шығар бөлтіріктей,
көздері жалт-жалт жанып,
сөзі оттанып,
тұрады көз алдыңда азат халық!
Қонғандай Ер Тоңға мен Аттила атқа,
Ханзада қолындағы ақинақтай,
Дәуірлер дәуірлермен арбасқандай,
Қолында қағандардың алдаспандай,
Тәжіндей Бұмын менен Күлтегіннің,
Сұсындай Шыңғыс пенен дүр Темірдің,
Қасым мен Абылайдың айбатындай,
Қасқайып Хан Кененің қайратындай,
Тұрады көз алдыңда асқақ ұрпақ,
Жанарын дүниенің жасқап ұрпақ!
Жаңа өмір іші – алтын, сырты зерлі,
тапқандай қасқа жолын жұрт әзелгі,
қайыра бастауларға оралғандай,
қандағы оянғандай рух ежелгі.
Сұм соғыс,
ашаршылық,
зұлмат жылдар,
Жебір жұт,
репрессия,
сырғақ жылдар,
Ұлыстың еркі жатта, ырық байлаулы,
Бодандық, көзқамандық, бұлғақ жылдар,
Кешірткен қайғы менен қасіретті,
Сол жылдар – жонарқадан осып өтті,
Осының барлығы кеп оятқандай,
Жүректе бір сезімді қасиетті.
Жүректі тазартқандай көздің жасы,
Ұлысты сол өткелге кез қылғасын,
Азап пенен мехнат арқаға артқан,
Бізді мықты еткенін сездің бе осы?!
Сездің бе осы жүректе гүл өнгенін,
Сол гүлге бір ғажайып нұр енгенін,
Қазақтың кешкен барлық қасіреті,
Жаңа ұрпақты өзгертіп жібергенін?!
Бізден үрей кеткенін аңғардың ба,
Қайыра қайраттанып, қомдандың ба,
Жаңа ұрпақ – жай отындай жырқылдайды,
Сол жарқылдың күшіне таң қалдың ба?
Сол жарқылда – белгісі жаңа күннің,
Сол белгі шұғыласы жанарыңның,
Сол белгі жүректегі қуатты арман,
Шырағы – үміт, сенім, қалауыңның!
Алғашқы сезім
Осылай өтті күндер, айлар өтті,
Әр күннен бір-бір ойдан байлам етті.
Бір күні шым еткені жас жүрегі...
(… Ой,
Кітап,
Спорт,
Бәрі қайда кетті?!)
Құдай-ау, қайда кетті, қайда қалды,
Бір шуақ шарпып өтті айналаны,
Құлағы естіместей шуылдайы,
Көздері көре алмастай байланады:
Жанәділ әлеміне Дана келді!
Қара көз,
Қиғаш қасты,
Қара меңді,
Көзіне сақтағандай дүния сырын,
Өзінде ұстағандай бар әлемді!
Сыныпқа жаңа оқушы – Дана келді!
Жанған жұлдыз секілді жанары енді,
Талдырмаш,
Таңғы шықтай тұнық, таза,
Ботадай үлкен көзді, балаң өңді!
Тап болды бір сезімге ұға алмайтын,
ұйықтай,
иірімдей,
шыға алмайтын,
ешқандай кітап көмек бере алмайтын,
ешқандай күш те алып жыға алмайтын!
Геометриялық прогрессия
- 2, 6, 18… саны болса,
бұл тізбектің бесінші саны қанша?!
Жанәділ үндемейді. Қасыңда егер,
хас сұлу отырса, оның мәні қанша?!
Жанәділ үндемейді. Қысыла ма,
көргендей бәтікенің ұшын алғаш,
төмен қарап күмілжіп, қызарады,
(ғашық болып көрмеген түсіне алмас)...
Түсіне алмай мұғалім, таң қалады,
Жанәділ жауап бере алмағаны –
бірінші рет,
тағы да бірінші рет -
Жанәділді бір жанның қорғағаны:
- 162, деген үн де жетті,
сол бір үн сыңғыр етті, сыңғыр етті,
сол бір үн күмбір етті, күмбір етті,
жүрегі Жанәділдің дір-дір етті,
сол бір үн – ең бір сұлу ән секілді,
бұл өмір – осы бір үш сан секілді,
дүниеде барлық-барлық құбылысқа,
162 саны тән секілді!
Естімеген бір сырдай ешкімнен де,
Көрмегендей бұл санды ес білгенде,
Қандай ғажап жүз алпыс екі деген,
Дананың ауызынан естілгенде!
Жанәділ үндемейді. Ой кешеді,
Ойында Данамен сөйлеседі:
«кітаптың да ішінде сен жүресің,
түсімде де көремін кейде сені»...
Сенбілік
Бас еркі басқа ешкімге байланбаған,
Сылаңдап жас сұлудай, жайраңдаған,
Жаз шіркін табиғаттың жастығы еді,
Жайдары, жаймашуақ, жайнаңдаған.
Жастықты қазан ұрған. Ақырап-ты.
Ақырап құшақтайды атырапты.
Балалар күн ұзаққа жинап әлек,
Бала жел шашып кеткен жапырақты.
Бала жел де есейер,
қара күздің,
жырлайтын уағында жаңа аңызды,
Жанәділ бала желдей айналсоқтап,
Шықпай жүр маңайынан Дана қыздың.
Биязы,
ұялшақ қой бала ғашық,
Бір сезім бір қиырға ала қашып,
Түйісіп жанарлары оқта-текте,
Тіл қатысып қояды ара-арасы.
Сыр білдірмей тұра ма сезім ғашық,
Айта алмайтын болған соң сөзін де ашық,
… Көркем жырлар оқыды ол көктем жайлы,
Көнетоз малақайы көзін басып...
Тәрбие сағаты
- Жас өсер арманменен, үмітпенен,
Сусындап салт-дәстүрмен, ғұрыппенен.
Үш жұрты – үш тамыры мықты болса,
Жайқалар бәйтеректей жігіт деген.
Ұрпаққа ата жолы жол болады,
Жол білмес жөн де білмей қор болады,
Сұрады жеті атасын кезекпенен,
Мұғалім тұрғызды да әр баланы.
Сұрады бар баладан, сұрағаны –
Жігітті байқағаны, сынағаны,
Бірі айтты,
бірі білмей,
бірі ұмытып,
Тек қана Жанәділден сұрамады.
Тек қана Жанәділден сұраған жоқ,
Тек қана Жанәділден сұраған жоқ,
Неге одан сұрамадың? – демесі анық,
Төтеннен,
тұтқиылдан бір адам кеп.
Жүрегі атқақтайды, бұлқынады,
Жауабын білер жандай ұмтылады,
Қойылмаған бұл сұрақ неткен ауыр,
Неткен ауыр тағдырдың бұл сұрағы.
Жас жүрек, неге сонша ұмсынасың,
Өзіңді өзің алдап, тыншығасың,
Өтеуін көз жасының кім сұрайды,
Жетімнің жеті атасын кім сұрасын?
Жас жүрек, жауап бермей тыншыға алмас,
Тыншыға алмас, о, бәлкім,
үн шығармас,
Параққа тамып түсті дір-дір етіп,
Көзінен Жанәділдің ыршыған жас.
Жас өмір кімнен сұрар, наласының,
зарының өтеуін де, жан ашуын,
Білері – Балалар үйі,
Білмейтіні –
Неге тастап кеткені анасының...
Бәріне көнген,
бәрін мойындаған,
Кім сұрар жетімдіктің жайын одан,
Айтылмаған сөз дағы ауыр кейде,
Сұрақ та жылатады қойылмаған.
Осылай жылатты өмір отты ұлда да,
Ол іштей сынды ма, әлде, шақ тұрды ма?!.
… Жанәділ жалт бұрылып, кетті шығып,
Умаждан ақ парақты лақтырды да.
Жанәділдің шежіресі
Жанәділ жалт бұрылып, кетті шығып,
Ішіне Данай қыздың от түсіріп...
Содан соң… бір меңіреу үнсіздікпен,
Тәрбие сағатын да өтті сынып.
Ішінде әр баланың сұрақ қалар,
Ал, ішін Жанәділдің кім ақтарар,
Іші оның – із түспеген қарлы дала,
Іші оның – умаждалған бір ақ парақ.
Іші оның – шамырқанған шер мен нала,
Сезінер жүрегіне енген ғана...
Көтере алар ма екен сол сезімді,
Көтерген ақ парақты жерден Дана.
Дүниеден әркім алар өз үлесін,
Бірге ауыр, бірге жеңіл… сезінесің:
Ішінде ақ парақтың құсни жазу:
«Ата тек. Жанәділдің шежіресі:
Жанәділ,
Есен ағай,
Мұқағали,
Ілияс,
Абай,
Махамбет,
Шоқан,
Әбілмансұр,
Бұқар,
Ақтамберді,
Жошы,
Бейбарыс,
әл-Фараби,
Тоныкөк,
Ер Тоңға...