Жекеменшік жердегі ескерткіштер елеусіз қалды
Алматы облысының Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны табылған.
Тарихи жәдігерәл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің археолог, этнограф мамандары мен студенттердің қатысуымен өткен жаздық далалық археологиялық зерттеу іс-тәжірибесіне арналған экспедициясы барысында анықталды. Зерттеу жұмыстары «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле алқабы, Тарбағатай және Алакөл ойысы) мәдени мұрасын пәнаралық археологиялық және тарихи-этнографиялық зерттеу» атты мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Шу елдімекеніне қарасты Ақтөбе ортағасырлық қалашығы мен Алматы облысының Жаңалық ауылында жүргізілген. Қазба барысында ерте темір дәуіріндегі Есік мәдениетіне тиесілі, адам сүйектері мен әшекейлері оның ішінде:қола айна мен алтын фольгаға оралған моншақ, бағалы тастармен көмкерілген алтын сырға, акинак (қанжар), құмыралар, аласа шыныаяқтар мен тостағандар түріндегі қыш ыдыстар табылды. Зерттеушілердің айтуынша қорымның бір бөлігі тоналған. Алайда қабірдің қосымша бөліктен тұратын сақ-скифтік ғұрыппен жерленуінің арқасында келесі бөлігі бүгінге дейін тоналмай жеткен. Жәдігерлердің ары қарайғы зертханалық жұмыстары туралы экспедиция жетекшілерінің бірі ҚазҰУ-дың тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Бесетаев тарқатып берген болатын.
—Экспедицияның мақсаты қандай болды?
—Жаңалық ауылының тарихы тереңде жатыр. Кеңес өкіметі тұсында халық жауы ретінде айыпталған, жала жабылған, қуғын-сүргінге ұшыраған еліміздің қайраткер азаматтары осы жерде тергеуге алынған екен. Қазір ауылдың кіреберісінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылған. Экспедицияға тәжірибе жұмысын атқарып жүрген шәкірттер мен археологтардан басқа сол саяси қуғын-сүргін құрбандарына ингумация, эксгумация сияқты жұмыстарды жүргізуге бағытталған жоба аясындағы тарихшылар тобы да қатысты. Олар көбіне сонда жерленгендердің ішінде сүйегі табылып жатқан аты-жөні белгісіз адамдардың туған-туысқандарынан генетикалық талдау жасау арқылы анықтау жұмыстарын жүргізді. Енді ол кезде адамдарды әдет-ғұрыппен арулап жерлемегені түсінікті ғой, ұзындау етіп траншея қазып, үкімін оқып, желкелерінен атып, үсті-үстіне тастай берген. Қазір кейбір деректерде ол жерде 2000-3000 адам бар делініп жүр. Негізі ол қате дерек. Онда кемі 15000 адамның сүйегі бар. Өйтетінім –жергілікті халықтың айтуынша, әр қазған жеріңнен адам сүйегі табылып, өзеннің сағаларынан, ескі арналардан, арықтардан адам мүрделері шығып қалып, көрінген жерде шашылып, иттер сүйреп жүретін көрінеді.
Ал біз осы игі істерге қосымша ретінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, музей маңынан темір дәуіріне тиесілі 4 обаны анықтаған болатынбыз. Негізі сол өзен жағасында басқа да обалар болуы мүмкін. Алайда сонау тың игеру жылдары көбісі бүлініп кеткенге ұқсайды. Табылған ескерткіштердің біріне жасалған қазба жұмыстарының нәтижесінде обаның орталық бөлігінен бөлек қосымша қабір табылған. Мұндай жерлеу түрін 1960 жылы Кемал Ақышев зерттеген болатын. Ол кездің наным-сеніміне байланысты арғы дүниеде қолданады деп қару-жарағын, тұрмыстық бұйымдарын иесімен бірге жерлейтін болған. Біз де қабірдің қосымша бөлігінен акнинак қанжарын, қыш құмыралар, киімге тігілетін жапсырма, қапсырма секілді әшекей бұйымдарын таптық. Ал орталық бөлігіне келер болсақ, толығымен дерлік тоналған. Біраз бөлігі сол дәуірдің өзінде, біразы бертін келе түркі дәуірі, одан бері патша үкіметі кездерінде де тонауға ұшыраған. Қабірдің жерленуіне қарап қарапайым адамдардың қабірі деген тоқтам жасап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында мұны «өзге дәуірлерге тиесілі отбасылық қабір» деген жансақ ақпарат тарап жүр. Бұл әлі дәлелденбеген дерек. Қабірлердің туыстық қатынасы бар-жоқтығы анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізу керек.
— «Жаңалықтың» жаңалығы неде?
—Біріншіден, бұл ескерткіштер 60-жылдары К.Ақышевтың бастамасымен жасалған Қазақстан археологиясының картасында, жекелеген облыстық, аудандық ескерткіштер тізімінде белгісіз болған. Мұны ғылыми айналымға енгізу, картаға белгілеу, реестрге кіргізу болашақтың еншісінде. Тағы бір айтарлық ғылыми жаңалығы, жоғарыда айтып өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарына елімізде алғаш рет сот-медициналық сараптамасы жүргізілді.
—Қазір елімізде табылған бұйымдар мен адам сүйектеріне сараптама жасап, тереңірек зерттеуге мүмкіндік бар ма?
—Қазіргі таңда мұндай зерттеудің екі түрлі тәсілі бар. Бірі – атомның ыдырауын көрсететін вакумдық лаборатория болса, екіншісі – АМС мерзімдеу деп аталады. Соңғы 7-8 жыл көлемінде пайда болды. Алайда Қазақстанда, өкінішке қарай, мұндай мүмкіндікке ие зертханалар жоқ.
—Табылған жәдігерлерді шетелдерге жіберіп зерттеп көрдіңіздер ме?
—Негізінен ҚР шекарасынан ұлттық құндылығы бар мұраларды шығармайды. Ал зерттеу мәселесінде табылған сүйектің сынығы, тісі сияқты сол жәдігердің бір бөлшегін ғана шетелдегі лабораторияға жіберіп, изотоптық, радиокөміртектік сараптамалар жасатуға болады. Қазір бізде алынған сүйектерді тазалау, консервация жұмыстары жүріліп жатыр. Әзірге ешқайда жіберіле қоймағанмен, барлық сараптамалар алынды деуге болады.
—Қазіргі археология саласында кемшін түсіп жатқан тұстарымыз қайсы?
—Қазір қазақ археологиясында көп мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Мәселен, Есіктен табылған тостағандағы руна жазуының сыры әлі де беймәлім. Сонымен қоса, Қазақстанның оңтүстік пен Жетісу өңірлерінің темір дәуіріне қатысты тарихи алмасу, этногенетикалық процестері өте қарқынды жүруіне байланысты ерте сақ дәуірі мен есік мәдениетінің миграциялық үдерістері, экономикалық қарым-қатынастары, жалпы сақ әлемінің алдыңғы Азия жеріндегі Ассирия, Кушан империяларымен байланыстары осы күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл көбіне теориялық зерттеулерді қажет етеді. Ал теория болуы үшін практикалық зерттеулер нақты арнайы, мақсатты түрде жүрілуі тиіс.
—Жоғарыда тарихи ескерткіштердің бүлініп жатқаны туралы тілге тиек еттіңіз, қазірде оларды мемлекеттік қорғауға алуға мүмкіндік жоқ па?
—Әкімшілік бұл жерлерді сатылмас бұрын тендер жариялап, ескерткіш бар-жоқтығын зерттеуі қажет. Бұл мәселе көп жерде қарастырылмаған, тек ірі құрылыстар, газ, су құбырларын тарту барысында ғана жасалып жүр. Бұрындары Есік қаласын, Қапшағай су қоймасын салған кезде шағын топ құрылып, зерттеу жүргізіп, қазба жұмыстарын жасаған еді. Бірақ қазір жеке меншікке берілген жерлердегі ескерткіштер көбінесе елеусіз қалып отыр. Сонау 2006-2007 жылдары Шаңырақта болған оқиғада Боралдай қорғандары, Ұлжан қорымындағы (қазір онда шағын аудан орналасқан) патша обалары бүлініп, құрылыс астында қалып кетті.
—Осындай тарихи мұраларды танудың, зерттеудің, насихаттаудың маңызы қандай?
—Қазіргі жастардың, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне, болмысын тануына, рухын оятуына, көшпенділер өркениетін танып білуіне қажетті бірден-бір құрал – музей, археологиялық жәдігерлер мен тарихи мұралар. Бұл бізге сонау жазу пайда болмай тұрған кезден зат түрінде жеткен құнды дерек деп білуіміз керек.
Қосқанат Бауыржан
Алматы қаласы