Жаңаөзен толқып жатыр
Оған Қайрат Боранбаевтың қатысы бар ма?
Маңғыстауда Жаңаөзен деген қала бар. Ерлік пен еркіндіктің символына айналған, жан жарасы жазылмаған жұрт. Жаңаөзен – Назарбаев жүйесінің отыз жылғы ащы көрінісі, қасіретті қара таңбасы. Тұңғыш президенттің аты аталған, жасаған жұмыстары жария болған жерде Жаңаөзен жарасы солқ ете қалады. Ескі Қазақстан естен көшсе де, Жаңа Қазақстан Жаңаөзенмен бірге жасай береді. Ұмыт болмайды, ұмыттырмайды...
Сол жаралы Жаңаөзен тағы да толқыды. Маңғыстаудың Түпқараған ауданының Солтүстік Қаражанбас кен орнында жұмыс жасайтын Phystech ІІ компаниясының жұмысшылары бір аптадан бері ереуілдеп жатыр. Бас көтерген мұнайшылардың талабы Жаңаөзен үшін індетке айналған жалақы мәселесі. Қара алтынның үстінде отырып қара табан қайыршының күйін кешкен мұнайшылар еңбекақыларын 100 пайыз көтеруді, жұмысшылар талабы ескерілген ұжымдық шарт қабылдауды, кәсіпорын директоры Ернар Байжалиев пен орынбасары Талғат Қадыровты қызметінен босатуды талап етуде.
2011 жылы қанды қасапқа айналған Жаңаөзен де билікке тура осындай талаптар қойған болатын. Сегіз ай аштық жариялап, бейбіт қарсылық көрсеткен жаралы жұрт 16 желтоқсанда жарылды. Одан бері 11 жыл өтіпті. Одан кейін Жаңаөзен талай көтерілді. Жалғыз талап – еңбекақы дауы. Сонда да Астана Жаңаөзен желтоқсанынан сабақ алған жоқ. Экологиясы нашар, қымбатшылық қысқан аймақтың талабын тыңдаудың орнына, елемей, ескермей, ескі жараны тырнай береді, тырнай береді.
Ескі жараны тырнау емей немене: апта бойы желтоқсанның қара суығына шыдап далада қонған жұмысшыларға адамбысың, итпісің деп ресми биліктен ешкім бармаса, қандай талаптарың бар деп біреу сұрамаса, қарсылық күшеймей қайтсін? Әуелде оншақты адаммен басталған ереуіл қазір жүз шақты жұмысшыға жеткен. Наразы топтың жартысы – кәсіпорынға жақын далада, екінші жартысы кәсіпорын ауласында қонып-түнеп жатыр. Араларынан үш адамның денсаулығы жарамай, үйлеріне қайтқан. Осы уақытқа дейін жұмысшылар полиция тіккен киіз үйді тартып алған болатын.
Жұмысшылардың айтуынша, мұнайшылар кәсіпорын басшыларына, әкімдікке, прокуратура өкілдеріне ереуіл жасайтындарын айтып, алдын ала ескерту жасаған. Бірақ компания басшылығы кәсіпорын жұмысын тоқтатудан бас тартыпты. Сөйтіп, қазандықтардың бірінен мұнай асып төгілген көрінеді. Мұның соңы не болуы мүмкін? Әрине, бар пәлені жұмыстан бас тартқан мұнайшыларға артып, еңбек дауымен ереуілдеген елдің өзі шығынға белшесінен батуы мүмкін ғой. Бұл да арандатудың амалы. «Азаттыққа» сұхбат берген мұнайшылардың бірі «Қазандыққа мұнай ұңғымадан жиналады. Сол қазандықтағы мұнай толып, тасиды. Басшылар жүйені білмейді. Олар ұңғыманың алдын жабады. Ар жағында насоспен айдалып жатқан мұнай қайдан шығарын білмей, линияның бір жерін жарып шығады. Бізге ұңғыманың басына баруға рұқсат жоқ. Себебі толық жұмысты тоқтаттық. Ол жерге бара алмаймыз. Басшылық қазандықтың таситынын білген. Майдың біраз бөлігі жерге кетті. Қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр» деп, дабыл қағыпты.
«Ысқырып атқан аңның жазығы жоқ». Мұнайшылар жұмыстың тоқтайтынын айтып, содан кейін ғана ереуілге шыққан. Алайда Phystech ІІ компания өкілдері бұған дейін «наразылар талабын орындау мүмкін емес» деп айтқан-ды. Компанияның заңгері Дариға Қибасованың айтуынша, компания банкрот алдында тұрған көрінеді. Ал мұнайшылар оған сенбейді.
Ескерте кетейік, Phystech ІІ компаниясы мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания Маңғыстауда «Солтүстік Қаражанбас» мұнай-газ кенішін 2006 жылдан бері игеріп келеді. Биыл 2,3 млрд теңге салық төлеген. KASE Қазақстан қор биржасының дерегі бойынша, компанияға кәсіпкер Қайрат Боранбаев кейінгі жылдары «Қазтурбожөндеу» деген серіктестік арқылы иелік еткен. Боранбаевтың басы қарлы-боранда қалған наурыздан кейін, оның орнына Асхат Өсеров деген келеді. 30 маусымда директор болып Өсеровпен тегі бір Талғат Өсеров тағайындалған. Боранбаевтан қалған компанияны Өсеровтер өсірудің орнына өшіретін сияқты.