Жаңаөзенде өрт сөндіру көлігі жол апатына ұшырап, екі адам қаза тапты
Жаңаөзен қаласында өрт сөндіру көлігі мен Lifan маркалы автокөліктің соғысуы салдарынан екі адам қаза тапты, тағы бірнеше адам ауруханаға түскен.
Бұл туралы Lada басылымы жазды.
Жол-көлік оқиғасы 18 қаңтарға қараған түні Манат көшесінде болған. Шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі Lifan автокөлігімен соғысқан. Апат салдарынан арнайы техника жол жиегіндегі қоршауды бұзып өтіп, жеке тұрғын үйге соғылған.
Апаттың видео және фотоматериалдары әлеуметтік желілерде тарады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес:
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тапты. Бес адам жарақат алды, олардың ішінде өртке қарсы қызметтің үш қызметкері бар. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның аясында оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталатын болады», - делінген ресми хабарламада.
Полиция департаменті істің ведомство басшылығының бақылауында екенін атап өтті. Алайда қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалғаны нақтыланбады.
Айта кетейік, 16 қаңтарда Маңғыстау облысында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырап, төрт адам қаза тапты. Автобуста жалпы 50 адам болған.
Оқиға орнында төрт жолаушы қаза тауып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілді.