Жаңаөзенде – Желтоқсан

(жетім жеті жыр)
… Сен де – 50-де, мен де – 50-де, Жаңаөзен,
Сана – сарсаң,
сенделуде, Жаңаөзен.
50 жылда өтті-ау өмір –
«от жағу»,
Сотталу мен тергелуде, Жаңаөзен!
Келеді әлі тілдесер күн, Жаңаөзен,
Бірге жандым, бірге сөндім, Жаңаөзен.
«Аузы күйген үрлеп ішер» еді ғой, –
Неге сендің?
Кімге сендің,
Жаңаөзен?!
Неге жатша гүлдемейсің,
Жаңаөзен?
Түнге – бөтен,
Күнге – өгейсің,
Жаңаөзен!
Өзегіңде – өрт,
Деміңде – дерт! –
Ішерде
Неге ендеше, үрлемейсің,
Жаңаөзен?!
Қайғы-уыңды өле ішемін,
Жаңаөзен,
Зар еңіреп көрісемін,
Жаңаөзен!
Қасиетіңмен сүйегімді суарып,
Қасіретіңді бөлісемін,
Жаңаөзен!
Неге сендің?
Кімге сендің,
Алашым? –
«Ат!» – деген кім, – Алашымның баласын?
Құбылған кім?
Тығылған кім тасаға –
Ібілістің ылақтырып шаласын?!
Сайтан-отқа періштелер шарпылмақ, –
Неге сендің?
Кімге сендің аңқылдап?
Иманы жоқ «діндарларға» салтың – жат!
Жиғаны боқ мұндарларға Антың – жат!!
Солдаты – қар! –
Салдақылар саптағы
Қиды өлімге! –
Өз бауырын атты, әні!
БАСТАН ТЕПТІ ОЛ ӨЛІП ЖАТҚАН ҚАЗАҒЫН! –
Кімнің СҮТІ?
Кімнің ҚАНЫ татқаны?..
2.
Кімге сендің?
Неге сендің,
Жаңаөзен? –
Жаңа Дертпін!
Көне Шермін,
Жаңаөзен!
«Бассынғандар» киіп «аяқ» қалыбын,
Келеді әлі теңесер күн, Жаңаөзен!..
Теңескенше, – кеңеселік, Жаңаөзен,
Теңдік күттім неме сеніп, Жаңаөзен?
Кебін-костюм, коттедж-бейіт иесі –
Ұлығы – ұры,
Төресі – өлік, Жаңаөзен!
Кімге жаздым?
Неден жаздым, Жаңаөзен?
Соны ұға алмай өлең жаздым, Жаңаөзен.
МЕЙРАМ КҮНІ наһақ қаным төгіліп,
Қабірімді терең қаздым, Жаңаөзен...
Хаққа құлқым жақпады ма, Жаңаөзен?
Салттан ұлтым аттады ма, Жаңаөзен?
Өз қандарын өздері ұрттап ұлдарым,
Қызым етек жаппады ма, Жаңаөзен?
Шайтан іліп тырнағына, Жаңаөзен,
Айналды ма құрбанына, Жаңаөзен?
360 әулие мен Бекеттің
Топырағын былғады ма, Жаңаөзен?
Бәңгі-зәңгі түсіп хәлге Жаңаөзен,
Салды ма ұя «ісік» тәнге, Жаңаөзен?..
Асылсыз қыз – нәсілсіз ұл жынығып,
Қоқысқа аттым «түсікті», әлде, Жаңаөзен?..
Кімге жаздым?
Неден жаздым? –
Қанша әруақ
Қарғады ма? –
Қабырғадан қан саулап,
АЗАТТЫҚТЫҢ МЕЙРАМЫНДА өзімді
ӨЗ ӘСКЕРІМ ататындай аңша аулап!..
3.
Ашық қалып есік-төрім,
Жаңаөзен,
Пасықтанып бесік-белім,
Жаңаөзен;
Өлі әруаққа,
тірі ардаққа тас атып,
У шашты ма мешіттерім,
Жаңаөзен?!
Ұқсамайтын еш адами сипатқа,
«Тойып алған» таймиялық цитатқа;
Ұзын сақал, қысқа балақ – кем ақыл
Алжытты ма –
шақырып кіл «жиһадқа»?
Қаннас, Парнас жүректерге балалап,
Кертартар мен Түлен тағы қамалап;
Қара оранып аруларым Ай-дидар,
Ашық күнде шақырдым ба жаманат?!
«Хан-задасы», «айтыскері», «әншісі» –
Түсі – қылаң,
іші – жылан,
аң – сұсы;
Қозыларды «қажыға» айдап – қасқыр ғып,
Һарамы ақша – ібілістің қамшысы! –
Әулиеме шүйлікті ме,
Жаңаөзен?
Әңгі есекке «күй» бітті ме,
Жаңаөзен?
Доллар тығып… қойды ма ісін жүргізіп,
Туа сатқын биліктіге,
Жаңаөзен?!
Улы уағыз әуреттеніп қобытпа,
Шибөрі-«дін» шулап кіріп қорыққа;
Ұлдарымды обылдырып тамұққа,
Қыздарымды «шомылдырып» «тоғытқа»! –
Арандатып тынбады ма,
Жаңаөзен?
«һалал» қатып – һарамдатып Қара Жөң?..
… Не дейді анау түтін көмген терезең?
Не дейді анау «үкімденген» «Ережең»?..
4.
Сайтан-Оттың шаласына жаға-жең
Кетті өртеніп, аласұра Жаңаөзен!
Ойландың ба? –
Қалмадық па ұшырап
Хазіреттің* наласына, Жаңаөзен?
Тойсыз жерде сайран құрдым, Жаңаөзен,
Мейрамымда майдан құрдым, Жаңаөзен!
...«Құран-қари – ұлдары еді Құдайдың»*,
Ақ Ордасын ойран қылдым, Жаңаөзен!..
----------
Хазірет* – Жаңаөзендегі құран-қарилар даярлайтын Ержан хазірет Төлегенұлы атындағы Рухани орталық меңзеліп отыр. Құдайдың Нұрын шашып тұрған Құтты Орталық дін атын жамылған дұшпандардың айтағымен 2010-жылғы Рамазан айында зорлықпен жабылған болатын.
*«...Қарилар – Құдайдың балалары...» (хадис).
...Өткен жылы заңы орнады Кәззаптың!
Шөккен күлі – төнді басқа Мазақ-Түн! –
Тараттым мен –
ХАҚТЫ МАҚТАП отырған
Қариларын – «арийларын» ҚАЗАҚТЫҢ!
Талаттым мен иттеріме! –
Қалқанды ап,
Зынданға айдап – кісендетіп, арқандап!
Бақ-Құтымды басқа тепкем сонда мен,
Жан-АЛЛАМНЫҢ Жанұясын талқандап!!!
Жаңаөзенге орнатпаққа абат-бақ,
Жатушы еді ЖАББАР-ХАҚТЫ мадақтап!
Түпке жетті – НӘН балтасы дұшпанның,
«Шын жалмауыз ең жақынын қарақтап»!
Құдайсызға қонар Бақ пен Құт қайда?! –
«Ғұламалар» осыны да ұқпай ма:
Жан-АЛЛАҢДЫ мақтамасаң жария, –
Бар жамандық жарияға шықпай ма?!
Талқан болды сол ТӘҢІРИ Жанұя,
Қалды құрғап тамшысы алтын дария.
… Мейрам күні – «от-шашудың» орнына,
«Оқ-шашуды» шашып жаттым – жария!..
5.
Пейілді алып «тақсырларым», Жаңаөзен,
Жөн сөзге, әлде бас бұрмадым, Жаңаөзен?
«Төрелене»,
керелене түксиіп,
ӨЗ ҰЛТЫМНАН ақша ұрладым, Жаңаөзен!
Дінді саттым!
Тілді саттым!!
Жер саттым!!! –
Мөрді саттым!
Төрді саттым!!
Көр саттым!!!
Ұлтқа – қасқыр,
Жатқа – түлкі, қарсақпын,
Зайыбымын – Байлық пенен Мансаптың!
Арды ойлатпай аш құрсағым ұлыған,
«Дінім – ақша, қатын болып – Құбылам»*,
Сәжде қылып Ібілістің ізіне –
Тәулігіне 360 жығылам!..
Өз жұртыма өз оғымды оқтағам,
Көз-құртыма тезегімді «оқтағам».
Менен неге үміт күттің, Жаңаөзен,
Өз қолыммен ӨЗ ДІНІМДІ СОТТАҒАН?!
Әулиенің атын айтып елді алдап,
Сәләфтардан сарқыт іштім жан жалдап!
… Ей, Жаңаөзен, өзіңді ойлай бастасам,
Шыңғыртады құрсақтағы жем-қармақ.
Ей, Жаңаөзен! –
Тергемейсің сөз нарқын,
Мәз боласың – жағып берсем жезге алтын!
...ӨЗ ҚҰДАЙЫН сатқандарға не бопты,
Желтоқсанда ата салу – Өз Халқын?!
Халық-отар тоғытылып тасқынға,
Қала барад қан-топанның астында.
Тобыр-тұғыр су астында… –
Мен тұрам
Ай мүйізді ақ серке боп Тас-Тұлға!..
6.
Жан екенмін Желтоқсанда зарлауық,
Неге жолың болды сонша тарлауыт?
Дәл бүгіннен жиырма бес жыл бұрын да
«Жаңа алаңда» жатып ем ғой қан қауып!
Құдай – куә!
Бекет – куә!!
Куә – біз!!! –
Өтпейді ешбір енді өтірік уағыз.
Ақ жүзіңе жаққан кірді, Жаңаөзен,
Қан-жүректен аққан жырмен жуамыз!
----------------
* «Ақырдың алдында адамдардың діні – ақша, Құбыласы қатын болады» (хадис).
Кезек тиіп қарт абыз бен мәрт ұлға,
Құн сұрайтын келеді ерлер нар тұлға.
Наһақ қаның шейіттікке жазылғай! –
Жаңа-Өзенім – Қан-Өзенім, сарқылма!
Есеңді алып нән-құлдан һәм малғұннан,
Ақиқат боп атады ертең таң қырдан.
Сынға салдың!
Қазаға енді сабыр бер! –
Уа, Жан-АЛЛА! –
Жарылқай гөр алдымнан!..
… Ей, Жаңаөзен, АЛЛАДАН күт, АЛЛАДАН! –
Алдамаған бар ма сені қар-надан?!
Зәр-шындықты – Зор сұмдықты ұмытпас
Маңғыстаудың Аза-желі сарнаған!..
Сынға салса, – сарқылмайтын сезімсің,
Шыңға салса, – алқынбайтын төзімсің!
Алға апарар Ақ Кемесін Үміттің,
Жаңаөзенім! –
Ар-Өзенім өзіңсің!
Ар сыналса, – пида басың, Жаңаөзен! –
Жаралысың, қиналасың, Жаңаөзен!!
Ауыр-сүргін – дауыл-сынның өтінде
Ақ желкенің қирамасын, Жаңаөзен!!!
7.
Ей, Жаңаөзен, сен де, мен де – 50-де,
Сенде – мұнай, менде – Құдай –
Сенуге!
Хақың бар ма Сенің ерте сөнуге?
Хақым бар ма тергелуге, өлуге?!
Сен 50-де қаза кештің, қан болдың!
Мен 50-де жаза кештім, даң болдым!
Біздің Үкім оқылады ұзамай,
Дәргейінде ЖАББАР-АЛЛА – Заңгердің!
«Зікірші!» – деп, «заң» тұр маған зіркілдеп,
«Бүлікші!» – деп, бәң тұр саған күркілдеп.
Сен – қара алтын!
Мен – «хәл»-алтын!!! –
Қос алтын
Бара жатыр дұшпан көздің құртын жеп!
Сен де құнсыз – елін сатқан құл-текке!
Мен де құнсыз – дінін сатқан мүртетке!..
Ай туады! –
Шығады әлі Күн көкке!
Ой туады! –
Туылмайды жыр текке!
Жыр туады! –
Туған жырды хат қылдым,
Белгісі деп Ай туатын пәк түннің.
Саған, Маған «соты» ешқашан жүрмейді:
Мүртет,
жендет,
обыр,
жебір,
сатқынның!
Таң атады!
Қайтып жаудың зәр-уы,
Қурай құрлы болмай қалад қаруы.
Күн-туырлық,
Ай-түндікті отауға
Кірер қазақ нар ұлы мен аруы!
Оты сөніп,
аты өшеді Кәззаптың,
Көшіп бастан қиямет-күн, тозақ-түн.
Сен – қара алтын!
Мен – «хәл»-алтын!!
Қос алтын
Жарқыраймыз кеудесінде ҚАЗАҚТЫҢ!!!
19.12.11. – 31.01.12.