Жанар Күнтуғанқызы, экономист сарапшы: Қоғам әділетті болуы үшін заң үстемдік құруы керек

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» билік пен қоғам арасындағы байланыс механизмдерін жетілдірді деген пікірлерді жиі естиміз.
Қазіргі таңда осы бастамаға сәйкес саяси-әлеуметтік-экономикалық реформалар жүріп жатыр. Жалпы, осы реформаларды жүзеге асыруда нені ескеру керек?! Әділетті қоғам құру үшін ең бірінші заңдық қағидалар үстемдік құру керек дейтін пікірлер бар. Осы сауалдар төңірегінде «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист сарапшы Жанар Күнтуғанқызымен пікірлестік.
– Жанар ханым, сіздің ұғымыңызда Әділетті Қазақстан қандай болуы керек?!
– Қоғам әділетті болуы үшін ең алдымен заң үстемдік құруы керек деп ойлаймын. Барлығының заң жүзінде орындалуы, жұмыстардың заң бойынша істелуі, саяси-әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырған кезде олардың шынайылығы қоғамды Әділетті Қазақстанға жетелейді. Өкінішке қарай, бізде көп жағдайда заңды сақтау, заңдық тұрғыда жұмыс істеу жағы кемшін. Мысалы, қазір үкімет салық саясатын жаңартып жатыр. Ал бұл арада кәсіпкерлердің кейбірі салығын жасырып қалуға тырысып бағуда. Қарапайым ғана шағын дүкеннің иелері қазірден бастап қолма-қол төлем қабылдауға кірісіп кетті. Салықты ұлғайту жөнінде айтыла бастаса бітті шағын кәсіп иелері де, елдегі ірі кәсіпкерлер де тапқан табысын жасыруға тырысып, жанталасады. Өткенде елдегі ірі құрылыс компанияларының тапқан кірісін бөлшектеп, әр кәсіпке бөліп тастап салықтан жалтарғаны әшкере болды. Мұндай мысалдар өте көп. Осыған байланысты айтатын болсақ, адал әрі таза жұмыс істеу, заңға, талапқа бағыну әділетті қоғам құруға жетелейді. Ал ондай талапқа бағынбай, әркім өз жөнімен тапқанын тығып, жасырып жұмыс істей беретін болса бұдан қоғам адал болмайды. Еуропа елдерінің мәдениеттілігі сонда, оларда салықты уақытында төлейді. Тапқан табысын ашық көрсетеді. Ол елдерде мемлекетке пайдамды тигізсем деген түсінік ертеден қалыптасқан. Біз де осындай деңгейге жеткен сәтте қоғам өзінен-өзі тазарып, заңсыздықтарға жол берілмейді, осыны ескеру керек.
– Ал «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасында нені ескеру керек?!
– Бұл – саяси коммуникация, яғни халықпен кері байланыс тетіктері нақты жұмыс істейтін мемлекет. Бұл тұжырымдаманың негізгі принципі – үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс орнату. Бүгінде халықтың пікірлерімен санасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», «Ашық диалог», «Ашық бюджеттер» алаңдары бар. Мұның барлығы тиімді саяси шешімдер шығаруға және азаматтарымыздың басқару үрдісіне тікелей мүмкіндік береді. Десе де, азаматтардың үнін есту үшін тек қана цифрлы платформаларды ақтарып, осы жүйе арқылы ғана жұмыс істейміз деу дұрыс емес. Әкімдер, депутаттар және басқарушы органдар халықпен етене араласуы керек. Олар арнайы жүзбе-жүз кездесіп, халықтың мәселелерін шешуге тырысқаны абзал. Кабинетте отырып алып халықтың мәселесі шешілмейді. Халықтың ішіне кіріп араласқанда елдің мұңын көзбен көреді. Әкімқаралар осыны ескеру керек. Халықпен ашық диалог цифрлы платформаларда ғана құрылмауы керек. Әкімдердің қабылдауына кіруді оңай ету қажет. Басқарма басшыларына кіру үшін айлап кезек күтетіндер бар. Әсіресе агро-бизнеске қатысты басқармалар, субсидия беретін органдардың жұмысы ашық болуы тиіс. Халыққа жәрдемдесетін түрлі құралдар бар. Онлайн жүйеден бөлек, халықпен бірлесіп форумдар өткізу, семинарлар ұйымдастыру, сол арада мәселелерді жан-жақты талқылауға үйренуіміз қажет. Өз басым, халық үніне құлақ асатын мемлекетке қоғамдық мәселелерге дұрыс әрі жылдам жауап беретін мемлекетті жатқызар едім. Сондықтан үкімет осы үдеден шығуға тырысуы қажет...
Әнуар ҚАЙЫРБЕК