Жанар Күнтуғанқызы: Мемлекеттік грант қаржылай қолдау ғана емес, жастарға деген сенім

Алматы облысында жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінімдер қабылдау басталды. Биыл бұл бастама аясында 10 жас 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болады.
Жалпы мемлекеттік гранттардың облыс экономикасына беретін оң әсері, кәсіпті жүргізуге пайдасы жөнінде «Экономика және Құқық» институтының маманы Жанар Күнтуғанқызымен пікірлестік.
– Жанар ханым, Алматы облысы бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бар екен. Мұндай гранттардың экономикаға оң әсері бар ма?!
– Негізі мұндай гранттар жастардың тың идеялары мен креативті бастамаларын жүзеге асыруға жол ашатын мүмкіндік. Аталмыш грант еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тағайындалып, жыл сайын дарынды да белсенді жастарға жаңа серпін беруді көздейді.
Гранттың мақсаты – өңіріміздегі шығармашыл әрі белсенді жастарды қолдау, олардың ел дамуына қосатын үлесін арттыру. Бұл бір реттік қолдау емес, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам. Алматы облысында аталмыш грантқа үміткер болуға ниетті 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар өз жобаларын ұсына алады. Қатысушының өңір тұрғыны болуы – басты талаптардың бірі.
Жоба бес бағытты қамтиды. Ғылым саласында зерттеулер мен тың идеяларға негізделген ғылыми жобалар қолдау табады. Мәдениет бағыты бойынша ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған бастамаларға басымдық берілмек. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласында жаңашыл IT шешімдер мен стартаптар, бизнес бағыты бойынша кәсіпкерлік идеялар, ал медиа саласында жастарға арналған пайдалы әрі мазмұнды контент жобалары қарастырылады.
Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен, қатысушылардың құжаттары қабылданып, талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін, жобалар арнайы конкурстық комиссияның қарауына ұсынылып, жеңімпаздар іріктеледі.
Бұл грант жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына тың серпін. Гранттың мәні тек қаржылай қолдауда емес. Бұл – жастарға сенім білдірудің, оларды ел дамуына қатыстырудың нақты жолы. Мемлекеттің болашағы – жаңа буынның белсенділігі мен жаңашылдығына тікелей байланысты.
– Қазір «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі» тізіліміне енгендер де мемлекеттік грант алуға құқылы. Осы жөнінде айтсаңыз.
– «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі» тізіліміне төрт санат бойынша тіркеле алады. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдардың кемінде екеуін жұмысқа қабылдағандар әлеуметтік кәсіпкерлікті жетілгендер ретінде грантқа іліге алады. Одан кейін аталған санатқа кіретін тұлғалар өндірген өнімді тәжірибеге енгізуге ықпал еткендер осындай грант түрін ала алады. Әлеуметтік қызмет түрлеріне байланысты жұмыс жасап отырғандар тізімге еніп, мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады.
Айта кетейік, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау – Kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асырылады, қаражат көлемі 5 млн теңге.
Былтыр 24 өтінім қабылданып, 74,6 млн теңгеге 15 жоба қаржыландырылды. Биылғы жылы грант сомасы айтарлықтай өскен, жалпы сомасы 370 млн теңге.
– Жалпы, грантты алу үшін құжатбастылық мәселесін айтатындар көп.
– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға үміткер бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);
3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар;
4) кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
5) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі;
6) тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).
Осы алты құжат қиындық тудырмасы анық.
– Бұл қаржыны қандай мақсатқа қолдану керек?
– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты – қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Гранттар – тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді.
Сұхбаттасқан Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы