Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:45

Жанар Секербаева өзіне қатысты қылмыстық істің қолдан жасалғанын мәлімдеді

Жанар Секербаева
Feminita белсендісі Жанар Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Соққы жасады деп айыпталған ЛГБТ-активист, «Feminita» бастамасының тең құрылтайшысы Жанар Секербаева өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іспен келіспейтінін мәлімдеді.

 Бұл туралы ол баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды КазТАГ.

«Бұл – қолдан жасалған іс. Тергеуде қателік көп: жауап алу қалай өтеді, беттестіру қалай жүргізіледі – бәрі күмән тудырады. Мені қайта-қайта беттестіруге шақырады. Алматыдан Астанаға ұшып барып, жай ғана қол қоюым керек екен. Адвокатымның қатысуы жеткіліксіз бе? Неге тергеу біржақты жүріп жатыр? Жәбірленуші мені қолынан ұрды деп мәлімдеген жер – камераның “соқыр аймағы” – көрсетпейді. Бірақ сол жерде мені бөгеп тұрғанын, мен оны итермей, айналып өтпек болғанымды растайтын куәгерлер бар. Алайда әлгі әйелдердің мені қалай бөгегені тергеуде неге ескерілмеген?» - деді Секербаева.

Оның айтуынша, кафе ішіндегі жанжал кезінде өзі де зардап шеккен – қолы жарақат алған, бұл сараптамамен расталған. Алайда бұл фактіні тергеу асықпай жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске салсақ, 2025 жылғы 22 қарашада кафеде болған оқиғадан кейін Секербаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы («Соққы жасау») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сол күні Секербаева және өзге адамдар отырған мекемеге кейіннен бірнеше әйел келіп, олардың бірі соққы жасалды деп арыз жазған.

Алғашында Секербаева іс бойынша қорғау құқығы бар куәгер ретінде танылса, кейін күдікті мәртебесіне ауыстырылған.

Астана полициясы сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған. Іс материалдары прокуратураға жолданғанымен, Секербаеваның айтуынша, қадағалаушы орган істі қайтадан тергеуге қайтарған.