Жанармай жыры. Сәтқалиев салықпен алдайды

Ұлттық экономика министрлігі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Консультативті құжат «Ашық НҚА» сайтында 29 қыркүйекке дейін талқылауда болады.
Құжат авторлары қозғалтқыш көлемі шағын автомобильдерді салықтан босатуды ұсынып отыр. Басқаша айтқанда, қозғалтқыш көлемі кіші, эконом класты машина мініп жүрген тұрғындар енді көлік салығын төлемеуі мүмкін. Бірақ «бұл не деген батпан құйрық» деп ерте қуанбаңыз, өйткені бұл артында «шаласы» бар бұйрық.
Қазақ билігінің мұндай «жомарт» жүрісінің өз себебі бар. Алдағы бірер жылда бензин бағасы екі есе өсуі мүмкін. Бұл халыққа ұнамасы анық. Соны білген шенділер «пешканы беріп, пілді алу» ойынына кірісіп кеткен сияқты. Жоба авторлары 2025 жылы ЕАЭО елдері мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшкен соң елде жанармай бағасы айтарлықтай өсетінін айтады. Нәтижесінде жеке тұлғаның жеңіл автомобиль пайдалану шығыны (көлік салығы, утиль алымы, алғашқы тіркеу ақысы) көбейеді.
«Жанармай бағасы айтарлықтай өссе (мысалы, екі есе), азаматтардың машина алу және пайдалану шығыны артады. Бұл әсіресе эконом класты көлік иелеріне қатты әсер етеді. Сол үшін олардың әлеуметтік және қаржылық жағдайын қиындатпайтын жол табу қажет», – деп жазды министрлік.
Өздеріңіз көріп отырғандай, 2025 жылы ЕАЭО аумағында электр энергетикасы, газ, мұнай және мұнай өнімдері салаларында ортақ қаржы нарығы қалыптасады. Мұндай қарар сонау 2014 жылы қабылданған. Қазір жобаны жүзеге асырудың 2021-2024 жылдарға арналған екінші кезеңі жүріп жатыр. Демек, бірер жылда одаққа мүше елдерде мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы теңеседі.
Қазақстан – аталған одаққа мүше мемлекеттер арасында бензин бағасы ең арзан ел. Егер ЕАЭО елдері мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшсе, бізде бензин, газ және дизель қымбаттайтыны анық. Мұны министрліктің өзі мойындап отыр, бензин бағасы екі есе өсуі мүмкін деген болжамы осыған дәлел. Қазір Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 0,45 доллар екенін ескерсек, баға екі есе өссе, бір литр бензин құны 1 долларға жақындайды. Ал әлемде АИ-92-нің орташа бағасы 1,3 доллар. Әрі мұнай экспорттаушы елдердің ешқайсысында бензин бағасы 1 долларға жетпейді. Сауд Арабиясының өзінде 0,6 доллар ғана. Осыған қарап, біздің елде бензин бағасын қазіргіден екі есе көтеру орынды ма деген сұрақ туындайды.
Рас, Қазақстан әлемде бензин ең арзан он елдің қатарына кіреді. Бірақ бұл заңды сияқты. Біріншіден, біз дүниежүзіндегі мұнай қоры ең көп елдердің біріміз. Екіншіден, елдің экономикалық жағдайы мен халық тұрмысы қазіргі бағаға лайық. Әлемде бензин ең қымбат елдердің көбі дамыған мемлекеттер. Мысалы, Гонконг ($3), Нидерланды ($2,2), Франция ($2). Ал мұнай экспорттаушы елдерде бензин арзан. Мысалы, Венесуэлада бір литр бензин 0,004 доллар болса, Иранда 0,029 доллар ғана. Катар ($0,57), Сауд Арабиясы ($0,62), БАӘ ($0,9), Индонезия ($0,96) сияқты экономикасы орнықты елдердің өзінде сұйық отын аса қымбат емес.
Экономист Сапарбай Жұбаев бензин бағасын ЕАЭО елдерімен теңестіруді қолдайды.
«Қазір Ресейде дизель бағасы 400-450 теңге мөлшерінде болса, бізде 295 теңге. Біздің олигархтарымыз осыны пайдаланып, көрші елдерге жанармай сатып жатыр. Мұндағы барлық табыс солардың қалтасына түседі. Бұл Қазақстанға да, заңсыз жанармай баратын елдерге де зиян. Соның алдын алу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия бағаларды сәйкестендіруді қолға алып жатыр. Біз бағаны 1,5-1,7 есе көтереміз, ал олар сәл арзандатады. Мұндай сәйкестендіру болмаса, шекарадағы үлкен контрабанда тоқтамайды. Контрабанданы шекараны бақылау арқылы жеңе алмаймыз. Өйткені шекара биліктегі кейбір олигархтардың қолында. Олар халық үшін бағаны арзандаттық деп мемлекеттен үлкен субсидия алып отыр. Нәтижесінде, субсидияны бір алады, арзан жанармайды шетелге шығарып, тағы бір табысқа кенеледі. Осыған шектеу қою керек. «Баға өссе, халық қиналады» деген билік шығарып отырған сөз. КСРО кезінде де халық үшін деп бағаны түсіріп қойып, пайдасын билік басындағылар көретін. Бағаны көтеру халықтың көп бөлігіне үлкен әсер етпейді», – дейді Жұбаев.
Ал экономист Айдар Әлібаев бұл шешімге түбегейлі қарсы.
«Қазақстан ЕАЭО құрамында тұрғанда экономикалық ахуалымыз жақсармайды. Өйткені Ресей өз талабын қояды. Жанармай бағасы Ресеймен теңессе, халыққа тиімсіз болады. Бензин қымбаттаса, өзге заттардың бәрі қымбаттайды. Бұл шешім қабылданғанына көп жыл болды, бірақ қазіргі қазақ билігі бұл келісімнен бас тартуға қауқарсыз. Батыста 95 пайыз машина газбен жүреді. Газ бағасын көтеру де халыққа тиімсіз. 2022 жылы қазанда Ақтауда, Жаңаөзенде болып, халықпен сөйлестім. Олар облыс басшыларына «егер жанармай бағасын көтерсеңдер, біз тағы алаңға шығамыз» деп ашық талап қойып отыр. Бұл жай қарайтын жағдай емес», – дейді Әлібаев.
Енді көлік салығынан бас тарту азаматтардың шығынын азайта ма деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Министрлік атаған – көлік салығы, утиль алымы, алғашқы тіркеу ақысы сияқты шығындар ішінде ең арзаны көлік салығы. Билік осыны алып тастағалы отыр. Мұндағы утиль алымы – 250 мыңнан 1 млн 750 мың теңге аралығында. Шыққанына үш жылдан асқан машинаны алғашқы тіркеуге қою үшін де 1 млн 700 мың теңге төлейсіз. Ал көлік салығы бұлардан әлдеқайда аз. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 2,5 литр машинаның жылдық салығы 23 мың теңге болады. Бұл соманы жоғарыдағы миллиондармен салыстыруға келмейтіні анық. Оның үстіне, жүргізушілер бензинге ай сайын орта есеппен 35-60 мың теңге жұмсайды. Бұл да салық сомасынан әлдеқайда көп. Ендеше, 10-20 мың теңге болатын салықты кешіріп, бағасы екі есе өскелі отырған бензин шығынының орнын жабу мүмкін бе?
Сапарбай Жұбаев көлік салығын бензин бағасына қосу керек екенін айтты.
«Көлік салығы қарапайым халыққа үлкен әсер етпейді. Олигархтар пайда таппасын деп, жанармай бағасын сәл көтергелі отырмыз. Салықты алып тастап, бензин бағасымен біріктірсек, жанармайды аз қолданған аз төлейді, көп қолданған көп төлейді. Оның еш қиындығы жоқ», – дейді экономист.
Қазақстанның жалпы мұнай қоры 30 млрд баррель, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 11-орында тұрмыз. 2021 жылы еліміз 85,9 млн тонна мұнай өндірді. Мұндай экспорттау бойынша да әлемде алғашқы ондыққа енеміз. Соған қарамастан, бізде бензин және дизель тапшылығы жиі болады. Әр жылы көктем және күздегі егін маусымында үнемі дизель жетіспей қалады. Амалсыз солярканы Ресейден жоғары бағаға әкелеміз. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Үкімет бұл мәселенің шешімін әлі тапқан жоқ.
Бензин мен дизель тапшылығы бағаның шарықтауына себеп болады. 2021 жылы баға жылдам өсе бастады. Жыл басында 149 теңге болған АИ-92 қараша айында 178 теңгеге жетті. Саудагерлердің тәбеті тым ашылып бара жатқанын аңғарған президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларды тежеуді ұсынған. Елдегі отын тапшылығын саудагерлер қолдан жасап отыр деп есептейтінін айтқан Тоқаев жағдай оңалмаса, бағаны мемлекеттік реттеуге алуды тапсырды. Ол бұл сөзді 2021 жылы қарашаның басында айтқан.
Бірақ 18 қарашада сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев президент тапсырмасын орындау мүмкін емес екенін айтып, шыр-пыр болған. Оның ойынша бағаны қолдан реттеу мемлекет үшін өте тиімсіз.
«Жанар-жағармай бағасы реттелмейді. Оны реттеу мүмкін емес, өйткені мына екі мәселені есте сақтау керек: әлемдік Brent бағасына тәуелсіздік және мердігер бағасы. Мұнда қалыптасқан үлкен айырмашылық болмауы керек. Биыл елде дизель тапшы болды. Оның бір себебі — көрші елдермен салыстырғанда бағада үлкен айырмашылық болуы», – деді Мырзағалиев.
Мұндай уәжді дәл сол жылы вице-премьер Роман Скляр да айтқан. Осылайша шенділер бірі айтып, бірі қағып, бензин бағасын бақылаудан бас тартып жүре берді. Жыл аяғына дейін отын мен газ бағасы өз бетінше шарықтай берді. Мұның соңы неге ұласқанын бәріміз білеміз. Батыс өңірде бұрқ еткен наразылық толқыны тұтас елді шарпып, үлкен трагедияға тап болдық. Бетімен кеткен отын бағасы қаралы қаңтар оқиғасының тұтануына себеп болғаны белгілі. Егер 2021 жылдың аяғында билік бағаны тұрақтандырып, бақылауға алғанда, кейінгі ауыр оқиғалар болмас па еді?!.
Сол кезде министрлер «жанармай бағасын реттеу мүмкін емес» деп тулағанымен, қаңтар оқиғасынан кейін бағаны бір жарым жыл бойы бақылауда ұстап отырды. 2022 жылы қаңтардан 2023 жылы сәуірге дейін газ бағасы 50-75 теңге болса, АИ-92 бензині 182 теңге, АИ-95 бензині 215 теңгеден сатылды. Биыл сәуірде ғана бензин бағасы 205 теңгеге, дизель 295 теңгеге өсті.
Шенділер біздің елдегі бензин бағасының өсуіне көрші елдердегі жанармай бағасы себеп болғанын айтады. Олардың айтуынша, көрші елдерде отын қымбат болғандықтан, біздің жанармайды заңсыз тасып жатыр. Егер тез арада бағаны көтермесек, жанармай бағасын ұстап тұруға мемлекеттің құйған субсидиясы желге ұшып, пайдасын көрші елдер көреді. Халықты осы өзге сендіру үшін Қырғыз елінен автобуспен бензин тасып жүрген бір-екі тұрғынды ұстады. Билік мәселені шешу үшін шекара қызметін жақсартудың орнына, бүкіл халықтың қалтасына қол салып, бензинді қымбаттатуды жөн көрген сияқты.
Жанармай бағасы үнемі бір қалыпта тұрмайды. Уақытқа ілесіп, өсетіні анық. Бірақ ЕАЭО талабына орай, бағаны көтеру орынды ма? Ел арасында осы одақтың біздің елге пайдасынан зияны көп деген әңгіме бар. Мысалы, премьер-министрдің ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен 2022 жылғы жалпы саудасы 25,6 млрд доллар болыпты. Мұның 8,6 млрд доллары экспорт, 17 млрд доллары импорт. Демек, ЕАЭО елдерінен алатын заттарымыз, сататын өнімдерімізден екі есе көп. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Қазақстанның жалпы әлемдегі сыртқы саудасы 134,4 млрд доллар болған. Мұның 84,4 млрд-ы экспорт, 50 млрд-ы импорт болған. Демек, алғанымыздан сатқанымыз көп. Ел үшін тиімді сауда осындай болу керек. Ал ЕАЭО-мен саудамыз, керісінше, бізге тиімсіз болып отыр. Жоғарыда мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы туралы келісім 2014 жылы жасалғанын айттық. Қазір аумақтағы геосаяси және экономикалық жағдай өзгерді. Қазақ билігі осы жағдайларды ескеріп, ЕАЭО-мен ескі келісімді қайта қарауға тырысқаны жөн шығар.
Қуаныш Қаппас