"Жанармай жоқ және болмайды". Ресей телеарналарына хакерлік шабуыл жасалды

24 тамыз – Украина тәуелсіздігі күні Мәскеу мен бірнеше аймақтың телеарналарына хакерлік шабуыл жасалды.
Шабуыл нәтижесінде үш сағат бойы эфирден соғыс көріністері, әуе дабылының даусы және саяси мазмұндағы жазбалар көрсетілген.
Көрермендер Украина қалаларындағы жарылыстар, бейбіт тұрғындардың әуе дабылы кезінде жертөлелерге тығылған сәттері туралы видеоларды көрген. Экранда: «Біздің балалар әуе дабылының үнін жаттап алды» деген жазулар көрсетілген.
Сонымен бірге эфирден: «Бензина нет и не будет» («Бензин жоқ және болмайды») деген жазу шыққан. Бұл хабарлама Ресейдегі экономикалық қиындықтар мен жанармай тапшылығына меңзейтін саяси астары бар белгі ретінде қабылданды.
Мамандар бұл жағдайды дәстүрлі емес соғыс тактикасының бір бөлігі деп бағалап отыр. Егер бұрын ақпараттық шабуылдар жалған жаңалық немесе фейк тарату арқылы жүзеге асса, бұл жолы қарсы тарап Ресейдің өз эфирін пайдаланып, қоғамға тікелей ықпал етуге тырысқан. Яғни, ресми арналар жасырып отырған шындықты халыққа олардың үйіндегі теледидар арқылы көрсету – символдық әрі тиімді қадам саналады.
Эфирді дәл Украина тәуелсіздігі күні бұзу да кездейсоқтық емес. Бұл арқылы хакерлер Ресей халқын ойландырып, соғыстың шығындары мен шындығына назар аудартқысы келген сыңайлы. «Бензина нет и не будет» секілді жазбалар Кремль жүргізіп отырған саясаттың нәтижесін күнделікті тұрмыспен байланыстырып, көрерменді ойландыруға бағытталған.
Ресми Мәскеу әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме жасаған жоқ.