20:51, 22 Қараша 2018
Жаңарып, қайта жаңғырды

Өткен апта киносүйер қауым үшін есте қаларлықтай елеулі оқиғаларға толы болды. Ең бастысы, Алматыда XIV Халықаралық «Шәкен Айманов кинофестивалі» өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – бұрынғы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің заңды жалғасы. Дегенмен көпшіліктің есінде жас киногерлер байқауы ретінде қалған «Шәкен жұлдыздарының» мақсаты жас таланттардың тұсауын кесе отырып, олардың қалыптасуына көмектесу, өзін көрсетуіне мүмкіндік беру болатын. «Ал қазіргі фестиваль аты өзгерген кезекті шара емес, оның басты міндеті – Орталық Азияның жүрегі саналатын Қазақстанда түркі әлемі киногерлерінің басын қосу, кино өндірісі саласында халықаралық іскер байланыстар орнатуға ықпал ету, өзара қарым-қатынастың тиімді механизмдерін құру» дейді шараға жауаптылар. Кинофестивальдің президенті бұрынғыша, халық әртісі А.Әшімов, бас директоры – Е.Тұрсынов (бұрын В.Нығматулина болатын). Шараның ұйымдастырушысы да өзгерген. Яғни ендігі тізгін – мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан кинематографистер одағында. Фестивальдің ашылу салтанаты М.Әуезов театрында өтті. Айтулы шарада жер-жерден келген көрнекті қонақтар аз болған жоқ. Мәселен, түрікменнің атақты режиссері Х.Нарлиев пен белгілі актриса Мая Аймедова, ауған режиссері С.Бармак, әзірбайжан режиссері О.Миркасимов, қырғыз режиссері Б.Шәмшиев, америкалық актер Питер Скарлет тәрізді басқа да көптеген танымал өнер қайраткерлері қызыл кілеммен жүріп өтті. Салтанатты рәсімде А.Әшімов кинофестивальдің М.Әуезов театрында ашылуында үлкен мән бар екенін атап өтті. Себебі Ш.Айманов қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын М.Әуезов театрында 19 жасынан өнер көрсеткен, 1947-51 жылдары бас режиссер болған, жалпы, аталған театр сахнасында 20 жылға жуық тер төккен. Ол сондай-ақ актердің ең керемет рольдерінің бірі Шекспирдің Отеллосы болғанын және Шәкен Айманов әйгілі драматургтің мерейтойында Отелло монологын қазақ тілінде орындап, Лондон жұртшылығын қатты сүйсінткенін де еске алды. Қаржылық қиындықтарға байланысты әр кезеңде фестивальдің түрлі жағдайларға тап болғанына тоқталған министр А.Мұхамедиұлы Ш.Айманов есімі ұмытылмауы үшін фестивальді аяғынан тұрғызуға көп атсалысқан А.Әшімовке алғыс білдірді. Мұның сыртында, шенділер фестивальдің тұмары ретінде ойластырылған «киелі» ағаш бұтақтарына ақ лента байлады. «Түркі халықтары мұндай ағашты қасиетті санайды. Жолаушылар әрдайым оған ақтық байлап, жақсы тілеу тілейді және ол қабыл болады. Сол сияқты осы киелі ағаш фестивальдің барлық қонақтарының басын біріктіреді деп сенеміз», – деді Е.Тұрсынов. Жалпы алғанда, биыл байқауға әлемнің 90 мемлекетінен 300-ге жуық өтініш түскен. Әділқазылар алқасы мен көрермен назарына 45 картина ұсынылған. Конкурстық бағдарламалар үш бөлімнен тұрады және әрқайсысы Ш.Аймановтың көпшілікке белгілі «Жолайрық», «Атамекен», «Біз осында тұрамыз» іспетті фильмдерімен аталды. «Жолайрық» бойынша көрермендер толық метражды картиналардың әлемдік панорамасын тамашалады. Оған 19 фильм кірді. Оның ішінде Эмир Байғазиннің «Река» туындысымен қатар, Словакия, Чехия, Швейцария, Бельгия, Қытай режиссерлерінің картиналары бар. «Атамекен» аясында түркітілдес 19 елдің фильмдері ұсынылды. Олардың қатарында Ресейдің Татарстан, Хакасия, Якутия аймақтарында түсірілген бес картинасы, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан туындылары болды. «Біз осында тұрамыз» бөлімінде Қазақстан кинематографистері түсірген деректі және көркем фильмдердің тоғызы көрсетілді. Атап айтқанда, С.Апрымовтың «Звонок отцу», Ә.Ержановтың «Ночной бог», Ж.Жетіруовтың «Шыңырау», А.Әмірқұловтың «В безмолвии» картиналары.Конкурстық бағдарламадан тыс, кинофестиваль аясында «Әлемдік панорама» мен «Арнайы көрсетілім» де өтті. Бұл ретте, көрермендер ресейлік режиссер В.Глаголеваның жерлесіміз Санжар Мәдиев түскен «Не чужие», ауған режиссері С.Бармактың Ауғанстандағы талибтер билігі тұсындағы кезең туралы «Усама» фильмін де тамашалады. Мұның сыртында фестиваль аясында Ш.Айтматовтың 90 жылдығына орайластырылған «Айтматов және кино» атты дөңгелек үстел, Р.Хайруллина, М.Аймедова, Б.Шәмшиев сияқты көрнекті тұлғалармен кездесулер, шетелдік кинематографистердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Кинофестивальдің жабылу салтанаты кеше Абай атындағы Опера және балет театрында өтті.
- Дерек