Жанашыры жоқ тілдің болашағы да жоқ

жұмыртқасы шіріген ұядан балапан ұшпайды
Өмірі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы, 1925 жылы елімізді басқаруға Ф.И.Галощекин келген тұста, ндустрияландыруды еріксіз бағытқа алған техника тіліндегі шаруашылық жүргізуге мүлде ыңғайы жоқ болғандықтан, оған тосырқай қараған болатын. Тіпті олардың техникалық мамандыққа деген қызығушылығы да болған жоқ. Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтың «Түрксіб» картинасындағы пойызбен жарысқан атты қазақтың бейнесі бүкіл қазақтың техникадан алшақтығын, тіпті қазақтың ғасырлар бойы аттың үстінде отырып қалған «жабайы» тұрқын суреттесе керек. Өз кезегінде кездейсоқ инженерлік мамандық алған Мұхаметжан Тынышбаев, сол «Түрксіб» теміржолын салуды басқарған еліміздегі жалғыз дара инженер-маман бола жүріп, өз елінің тарихын жазуға үлес қосса, ол оны қазақша ойланып істеген еді… Сол сияқты мамандығы дәрігер Санжар Асфендияров та тарихшы мамандығын өз бетімен игеріп, 1934 жылы А.П.Чулошниковтан кейін «Қазақ тарихының очеркін» жазған тума талант иесі. Ол 1928 жылдан бастап, өзі репрессияға ұрынатын 1935 жылға дейін Абай атындағы ҚазПИ-дегі студенттерді өз елінің тарихымен қазақ тілінде алғаш таныстырған ұлағатты да ұлтжанды ұстаз еді.
Ал еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны атанған ҚазПИ-де қазақ жастары тарапынан қызығушылық болмағасын, онда техника салаларының мамандары даярланбады. Ол кездегі қазақтар үшін гуманитарлық білімге негізделген жоғары оқу орнында оқудың өзі үлкен прогресс болатын. Олар және сол кездегі зиялылардың бәрі осының өзіне риза болып, қанағат тұтты. Ал елімізде техникалық мамандар даярлау ісі тек, Түрксібтің салынуы мен жаңа өндіріс кендерінің жаппай игеріліп, бірен-саран, ірілі-ұсақты зауыт-фабрикалардың бой көрсеткен 1934 жылы ғана қол жеткізгеніміз тарихтан белгілі. Бірақ өкінішке қарай, Қазақ политехникалық атауымен пайда болған бұл иниституттағы оқу тілі, егемендігімізді алғанша орыс тілінде жүргізіліп келсе, мұндағы басты жымысқылық, техникаға жақындығымыздың жоқтығын пайдаланған кеңестік идеологтардың ең алдымен қазақ тілін мұқалтуды ойлаған сұрқия саясатының кесірі болатын. Сондай-ақ осы иниститутта және сонымен қатар ашылған Ауыл шаруашылығы институттарындағы мамандар даярлау, негізінен ауылдық жерге бейімделіп, асып кетсе машина, трактор комбайн, сеялка сияқты жер өңдеу мен оның өнімдерін жинаумен айналысатын техникалардың тілін білуге машықтандырылды. Айналып келгенде, қазақ тілі техникаға сәл болса да жақындағанмен, ол бәрібір ауыл маңайынан ұзап кете қоймады.
Дегенмен, тәуелсіздіктің талабы ауыл адамдарын жаңа техника және оның жабдықтарымен жұмыс істеуге үйрете бастады. Бірақ бөтен тілдегі зауыт-фабриканың майталман жұмысшыларының жаппай шетелге кетуі және өндіріс орындарының жабылып қалуы немесе олардың көбінің алпауыттар мен алаяқтардың қолына өтуі қазақ тілін техникамен байланыстыруды тағы да тұралатып отыр. Ал шағын және орта бизнеске келсек, олардың аяқ алысын үнемі тұсап келеміз. Бүгінде инженерия, информатика, програмист, ІТ, электротехника, имформациялық және нанотехнология сияқты техникалық мамандықтарға өзімізде де, шет елде де көптеп даярлануда. Бірақ бір жағынан біздегі зауыт-фабрикалардың тапшылығы олардың қолын байласа, екінші жағынан өз елінде алған мамандығына татитын жұмыс таба алмағандықтан әрі бүтін елді жайлаған тамыр-таныстық пен коррупцияның шеңгелінен шыға алмай дүрдараз күй кешкен олардың шет елге жұмыс іздеп кетуге мәжбүрлігі басым. Оның есесіне, қарапайым мысал тұрғысынан айтсақ, қазір медицина дәрі-дәрмектерінің қазақша атауы мен сол дәріні пайдалану үшін басқа тілден аударып жазылған кеңестері мен жадынама кітапшалары қолжетімді бола бастады. Ал соншама миллиондаған дәрілердің қолданыс аясын жұртшылыққа қазақша аударып жеткізу қиынның қиыны болса керек. Әрине, техника мен оның бөлшектерін, олардың өндірістегі қолданыс аясын, соған қатысты бір нәрсенің жаңалығын ашудағы әдіс-тәсілдер медициналық аудармадан асып түспесе, кем түспейді. Бірақ қазіргі күнгі технарлар, медиктер сияқты қимыл жасауға барып отырған жоқ. Тіпті техниканың есік-тесігін қазақша түсіндіретін қарапайым сөздіктер мен жадынамалар да жоқтың қасы. Оның бәрі кезіндегі отарлаушылардың қазақтарды техникадан мүмкіндігінше алшақтатумен байланысты болса керек. Ақыры соның ызғары табаннан өткенде білініп, ірі өндіріс орындары әлі тапшы болып отырған жағдайда, жұмыртқасы шіріген ұяда балапан шығарам деп отырған тауық сияқты зауыт-фабрикасының тілін қазақша сөйлете алмағандықтан, кедейшіліктің зардабын тартып отырған елдің дамыған елдердің қатарына таяу жылдарда жете қоюы, баяғы француз утопистері – Сен Симон мен Роберт Оуэн және Шарль Фюрелердің қиялын ғана еске түсіреді.
Кезінде қазіргі экс-президент, «қазақ, қазақпен қазақша сөйлесін!» деген жалынды ұран көтерсе, келесі бір сөзінде орысша қойылған сауалға қазақша жауап қайтарған адамның қылығын естіп: «ондайларды дереу қызметтен қуу керек!» дегенді айтып, қоғамдағы тілдік қолданысқа керағар келетін саясат қалыптастыруға дәнекер болғаны бар еді. «Дөйдің» айтқанына бола орыс тілдес шенділердің бағы жанып, бөріктерін аспанға лақтырып рахатқа бөленді. Сөйтіп жаңағыдай «бейбастастықтары» үшін әлгілердің ізіне ит салып жүгіріп, шам алып қуып жүріп тапты да, қызметтен дереу кетіріп, кейбірін тіпті шетел асырып жіберуге мәжбүрледі. Міне, «Дөйдің» кезіндегі мемлекеттік тілге деген көзқарасы осындай ала-құла болған жағдайда, кедейшілік пен жоқшылықтан туындайтын басқа да мәселелердің жиынтығы автахтонды халықтың көңіліне дақ түсірді. Мұндай келеңсіздіктер жүре келе халықтың ішіне шемен болып жабыса берді де, ақыры тіл мәселесі, биылғы қаңтардағы оқиға кезіндегі жарылыстың бір бөлшегі түрінде көрініс берді. Бірақ сол кезде ызаға булыққан халықтың тілге байланысты ішкі көңіл-күйінің сыртқа шыға алмай қалуына арамыздағы бүлдіргіш экстремистердің арандатуы бөгет жасады да, нәтижесінде жазықсыз жандардың көбі темір тордың ар жағына тағы да тоғытылды.
Осы жерде өкініп айтатын бір нәрсе сол, біз өз тәуелсіздігімізді алғанда тілді жөндейміз деп, сөздік теріп кеттік. Бұнымыз, қоңыз терумен бірдей әрекет еді. Өйткені, біздің тілімізде тек қана қытай, арап, орыс халықтарының енген сөздерінен бөлек, басқа да ірілі-ұсақты халықтардан енген сөздер жетіп жығылады. Сонда, қазақ сөздігін тазалар болсақ және сол жаңа сөздерді тұрмыста пайдалану жұмыстарымен әбігерге түссек, басқа ісіміздің бәрін қойып қойып, тек сонымен ғана айналысуға тура келер еді.
Жалпы, қазақ тілінің бүгінгі қоғамдық, әрі-беріден соң тұрмыстық қызмет көрсетудегі рөлі от басы, ошақ қасынан асып кете алмай отырса, оны реттеп, биліктегі, шетелдік мәмле барысындағы, тіпті әлемдік тіл дәрежесіне дейін көтеру үшін көптеген тәуекелге баруға тура келеді және оны таяу арада шешпесек, бәрі бекерге айналайын деп тұр.
Бірінші тәуекел. Қаңтардағы қанды қырғын алдымен еліміздегі тұрғындардың басым бөлігін қамтып отырған қазақтар үшін қазақ тілі туралы арнайы да орнықты заң қабылдауды талап етіп отыр. Бұл жерде конституциядағы мемлекеттік және ресми қатынас тілі дегенге табанды түрде өзгеріс жасауға барып, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегенді ғана қалдыру керек; Екінші тәуекел. Конституция мен арнайы қабылданатын қазақ тілі туралы заң талаптарының негізінде биліктегілердің қазақ тілінде сөйлеуін қадағалау керек және олардың жүргізетін жиналыс, конференция, форум, симфозиум, конгресс т.б. бәрі бастан-аяқ қазақша жүргізілуі керек; Үшінші тәуекел. Қазақстандағы барлық мемлекеттік мекеме құжаттарын қазақша жүргізіп, оның кез келген қызметкерлерінің Қазақстанның барлық азаматтарымен өз ара қатынас тілі, тек қазақша болуына көңіл бөлу керек; Төртінші тәуекел. Республика көлеміндегі жоғары және арнаулы оқу орындарындағы оқу үрдісінің бәрі қазақ тілінде жүргізілуі керек; Бесінші тәуекел. Орыс мектептері мен аралас мектептер және орыс тіліндегі балабақшалар, орыс тілінде жүргізілетін арнайы курстардың бәрін ешқандай белгісіне қарамай жауып тастау керек; Алтыншы тәуекел. Барлық қаладағы аулаларда қомақты жалақы төленетін, қазақша жақсы білетін тәрбиеші белгілеп, одан сәбилер психологиясына сәйкес келетін қызықты ойындар мен тұрмыстық қатынасқа арнап, түсінікті де қарапайым тілмен жазылған қысқаша әңгіме құрастыруды талап ету керек; Жетінші тәуекел. Бейнелік экрандардың бәрінен қойылымдардың балаларға арналған орысша бағдарламаларын біртіндеп қысқарту керек те, мультфильмдер мен ертегілердің қазақша түріндегі қысқа да нұсқа, мазмұнды да қызықты болуына барынша көңіл бөлу керек. Сонымен осы жерден жеті санымен аяқтай тұралық. Жеті деген киелі сан ғой, қазақ тіліне бізден де басқа жанашыр адамдар табылып жатса және олардың әрқайсысы қазақ тілінің болашағы туралы газет арқылы жеті ұсыныс айтар болса, тіл туралы мемлекетке ұсынар сүбелі талаптар тез арада жиналып қалғ