Жанат Әбдіғожин: Көңілімде күн күлетін тәрізді

Жанат Әбдіғожин, ақын. Ұлытау облысы Жезқазған қаласының тумасы.
Өзің білесің
Сыңарым едің, сенгенім едің,
Суыды сезім... Мен де білемін...
Екеумізге ортақ алау – сезімнің
Қалайша өшірдің сендегі лебін?..
Өлең өруші ем пәктік үшін мен,
Сен едің уыз сәтті түсінген.
Өзіңе арнап жыр оқып жатып,
Оянушы едім тәтті түсімнен.
Гүлденіп тұрса атырап аз күн,
Маздаған сезім отына мәзбін.
Жүректі жалғыз жапанға тастап,
Обалын кімнің атына жаздың?..
Таба алмай жанға қайда да тыным,
Түнімен несі ойланатыным.
Қоскөлден алған тұнық сезімді.
Кеңгірге келіп лайға батырдым.
Қалған жандай-ақ сезімде үлесім,
Таусылды, бітті, төзім де есім.
Ару-Анасыз бота жүректі,
Боздатқың келсе өзің білесің...
Би кешіндегі бір сәт
Көрмеген ем сезімімді тұсап қап,
Сол бір кеште баурап алды түс - әппақ.
Отқа айналған пәруанадай күй кештім,
Билегенде әппақ қызды құшақтап.
Мен өзіңе көп ғашықтың бірі емен,
Жырдан бүгін жүрегіңе гүл егем.
Әппақ нұрға шомылдырған ғаламды,
Сол әуеннің бітпегенін тілеп ем.
Қылықты қыз, билеуге де ептісің,
Барлық еркім билігіңде кетті шын.
Шешен тілім шешіле алмай қалғанын,
Тылсымыңа тұншыққаным деп түсін.
Әлем – әппақ, әуен – әппақ, қыз – әппақ,
Сырбаз санам бұлқынады тызақтап.
Әппақ әуен байлап кеткен сияқты,
Жүрегімді әппақ қызға тұзақтап.
Билеп жүрміз. Тіл қата алмай қысылдым,
Қара сөздің лайықсызын түсіндім.
Сезімімнің әппақ-әппақ сәулесін
Өлең етіп әппақ қызға ұсындым.
Қопа тоғай
Тітіркентер қасиетті білгенді,
Қопа тоғай, өрт орады іргеңді.
Қарап тұрдым қасіретке малынып,
Қасиеттім, мені қарғап жүрме енді.
Тағдырыңа енді қайтіп бал ашам,
Шаттығыңнан шерменің санасам.
Көкірегіме күйік қармай, қамықтым,
Болмаған соң зәредей де арашам.
Көрпе қылып жамылғанда күз дертін,
Күйігіңе енді шипа іздер кім?..
Менің де іргем талай отқа оранған,
Тағдырымыз ұқсас екен біздердің.
Айырма бар екеумізде бірақ бір,
Өмір дейтін ақ-қаралы тұрақ – бұл.
Сені жоқтап, қара жаулық жамылып,
Ақшоқы мен Айыршоқы жылап тұр.
Көз жүгіртіп қарар болсам өткенге,
Айтылатын сұмдық сырлар көп менде.
Сай-суйекті сырқыратар егіліп,
Құба Көктал көздің жасын төккенде.
Әділдік пе ақипатпен санаспау,
Күңіреніп,күрсінеді ағаш,тау.
Кемсең қағып, көңіл айтып тұр әне,
Мұндар басы мұңға оранған Ақ-Астау.
Зыңдандағы зар үніндей боп даусым,
Маған да енді қарап тұрып, тоқтау сын.
Менен гөрі сен бақытты екенсің,
Табылатын тап іргеңнен жоқтаушын.
Күйік көміп кездерімде сорлаған,
Сол бір шақта мені де өрт торлаған.
Бірақ сонда өксігімді жұбатып,
Басу айтар бірде-бір жан болмаған.
Өзегімді өрттей шарпып, жалаңдар,
Қопа тоғай, менің де дерт, жарам бар.
Қолын сілтеп кеткен талай қайрылмай
Жүрегінде жаңбыры жоқ адамдар.
Тапқандайын жүрегімнен мекен мұң,
Өтпей қойды-ау берекесіз секең күн.
Ақын болып жүргенімше баз кешіп,
Тоғай болып жаралмаған екенмін.
Балалықтан ерте кеттім алшақтап...
Сені көрсем,көргендей бір тәтті адам,
Қуаныштан жарыларға шақ қалам.
Мен жүгірмек,сен бойжеткен кез ол-
Мен тоғызды, сен - он бесті аттаған.
Ерте есейіп кете ме екен, сірә, ақын?..
Сені көру болып басты мұратым.
Өзіңменен сәлем-сауқат сұрасқан
Жігіттерге жыным келіп тұратын.
Көрмеген кез ерін сүйіп, тән құшып,
Көкірегімді бір белгісіз ән қысып.
Хаттарымды тауып алып ұстазым,
«Дәмесінің зорын!..» – дейтін қанды ішіп...
Ұяттағы... күйзелісті бүлдіршін,
Ол да іштей сезіп жүр ме кім білсін?!
Үлкендердің алдарында аңғалдық –
Достарыма мазақ болған күн құрысын!
Балаң жүрек болғанменен қанша аппақ,
Елге әңгіме баста болған дау-шатпақ.
Махаббатқа ерте ұрынғандықтан,
Балалықтан ерте кеттім алшақтап.
Тас...
Тас қала,тас қабырға,тас босаға .
Тас үйде тас жүректер бас қосады, ә!
Тас түйнек, тас шайнағыр, таста бәрін,
Таспаңды тасқа байлап тастаса да.
Тастанды тағдыры бар тас балаға,
Сел болып елжірейді аспан-ана.
Жазылған таспа да емес,басқа да емес,
Тас ғасырдың тарихы тасқа ғана.
Таста бір қасиет бар тасалаған,
Түсініксіз сыр ұғам тас обадан.
Тас қылар талабыңды тас жаратын,
Тасырлар тастар болса тас арадан.
Тастаса да талантты тас пішінде,
Сақтаймын тасқа тамған жасты ішімде.
Тастаған тас көз уақыт талақ қылып,
Тарланның бәрі айналған тас мүсінге.
Хас тұлпар тас боратып тастай ма анық,
Жас бұрқар өзегімді тастай қарып.
Дос түгіл, дұшпаныма елжіреген,
Жүрегім кетпесе екен тасқа айналып.
Тасбауыр табынса да басқаға заң,
Өлеңде таласы жоқ, қашпа, мазам!
Тозбайтын тарихымның тақтасы деп,
Жырымды мен де түбі тасқа жазам!!!
Көңілімде күн күлетін тәрізді
Есті жалған қалған ба ауып есінен,
Уақытқа ұлы жасамайды еш үнем.
Алағанға алақанда түгім жоқ,
Әйтпесе, мен айтқан сөздің несі кем?
Жүре ме екен күнелтіп бір-бірі үшін?
Бойымдағы ұятым – бар ұлысым.
Бөрілердің дәурені өтіп кеткен бе,
Жолдан табылады деуші ем ырысым.
Жанымды орап тастайтындай оқпанға,
Жақындауға қорқам жалын, оттарға.
Бұл-бұл үнін естімеймін неліктен?
Өлексеге құжынаған көп қарға...
Біздер жайлы не дейді екен өлгенде,
Өлі күйі тірлік кешкен көр кеуде.
Оймақтай боп ойға шомып отырмын,
Қанағат қып қуықтай қос бөлмемде.
Қауқар қылар қайбір жөнді бар айбын?
Қасарысып Ар деймін сол – арайлым.
Үміттеніп, үт түсер деп бөлмеме,
Терезеден әлсін-әлсін қараймын.
Жапан түзден жан табардай жаны ізгі,
Еске алам кеп сонау ескі аңызды.
Тұңжыр түнді тастауға тез асығам,
Көңілімде күн күлетін тәрізді...
Жанымыздың белгісі ме жүдеген?
Кейде өзім де түсінбеймін – мұң, өлең...
Найзағай боп шатыр ете қалам да,
Күндей күліп жіберем.
Осылай жүрген ұнайды...
Мәнісін білер мұның кім,
Жанымды ұғар жоқ пенде.
Ғашықтық дертке ұрындым,
Тамылжып келген көктемде.
Өкпе артып қайтем көп күнге,
Онсыз да өмір аз ғана.
Өзгермек ойым жоқ мүлде,
Ғашық боп жеттім жазға да.
Ақ адал қосып тілегін,
Жоқ шығар сүйген біздерше.
Сағынып сені жүремін,
Сарғайып сары күз келсе.
Алақаныңда еріп тоқтармын,
Айналып барып ұшқынға.
Сәулесін сен деп ақ қардың,
Әуресі болам қыстың да...
Сүйгім кеп беттен шырайлы,
Ажарыңды айдай көз көрсе...
Осылай жүрген ұнайды,
Өзгерсін дүние, өзгерсе...
Байқамай қалдым
Түйіліп маған жатты аспан,
Леп таппай жүрмін жылынар,
Бәле атаулы баттасқан,
Мен десе неге жыны бар?!
Өкпелеп айтар күндерге,
Жүректе толы сырым мың,
Түзейіндеп бірін жүргенде,
Біріне тағы ұрындым.
Әдейі дерсің сен, бәлкім,
Кінәмді көңіл жастаса,
Пікірін айтып енді әркім,
Көзқарастары басқаша.
Ақталуды да арсынып,
Шындықты айта алмай барам,
Жүректі жүріп жаршы ғып,
Үнемі байқамай қалам.
Жазала мейлі, сөгіңдер,
Болайын мен-ақ жетпегір.
«Айтарым - осы мені, – дер,
Өлеңді жолдас еткен ұл.
Таба алмай лайық өткелдер,
Жүрмін бе қайталай бәрін?
Өтінем, айып етпеңдер,
Тағы да байқамай қалдым.
Карта ойыны
Ақырғы ойын – ақырғы заман тектес,
Ұтыс-тірлік осымен тәмәм – деп шеш.
Қызыл көз боп мың жерден құныққанмен,
Құлқыңды құм көмеді - шамаң жетпес.
Шығарсың, «ондығыңнан» лебіз күткен,
Пәрмен жоқ, «жетіліктен» мен үздіккен.
«Тұз-тарлан» сияқты еді соңғы үмітім,
Қор болды аса алмай«сегіздіктен».
Сымбатты болғанменен бар қызға бек,
«Тірілер тізімінде бармыз ба?!» деп,
«Тоғыздыққа» қарайлап қан жылады,
Ойынның бетке ұстары – жалғыз «валет».
Жоқ енді бәрімізде манағы ызғар,
Көзір құзыр жүргізіп санамызға.
Сабырлылық сардары деп таныған
«Король-шалдың» күллі ойы – «дама-қызда».
«Поп валеттің» «крештен» талабы асқақ,
Мазақ қып «қарға» қарқ-қарқ – араласпақ...
«Түйе» келіп, түрткілеп титықтатты,
Жарым жанын қойған соң жалаңаштап.
«Асығың алшы түссе, алқынып қал,
Карта түгіл, адамнан да артылып па ар?!.» –
Дегендей, жай корольді аңдып отыр,
Көзір боп күдірейген «алтылықтар»...
Карта ойыны...
Біреуге ол – таң қылықтай,
Ол да – өмір,
Ойнама салтын ұқпай...
Жолымды қиып кеткен пенделер бар,
«Тұзымды» қиған көзір «алтылықтай»...