Жаңатұрмыстағы ескі мектеп шөгіп барады, мұны еститін кім бар?!
Шиелі ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы көне мектеп құлаудың алдында тұр. Іргесі мүжіліп, жылдан-жылға шөгіп бара жатқан білім ошағы 250 оқушыға тарлық ете бастады.
Жаңа мектептің шұғыл қажеттілігін ауыл тұрғындары көптен бері айтып та келеді.
— Бұл мектеп менің бала кезімде көптің көмегімен асарлатып соғылып еді. Қазіргі заман талабына сай келмейді ғой енді. Балаларымызды заманауи мектепте оқытсақ деп армандап жүрміз, — дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергеш Бекпенбетов.
Ауылдағы білім ұясы сонау 1960 жылдары салынған. Сол уақыттары бала санына шақтап салынғасын бүгінгі заманда ескі ғимарат оқушыларға тарлық етеді. Кабинет жетіспегендіктен оқушылар қуықтай сыныптарда сығылысып білім алады. Мұнда балаларға заман талабына сай білім беруге ешқандай мүмкіндік жоқ, дейді ұстаздар.
— Бұл мектепте біршама проблемалар бар. Оқушылар бөлініп оқиды. Сынып саны жетіспейді. Одан қалды, асхана, дене шынықтыру пәнін өткізуге спорт залда жоқ, — деді №207 орта мектеп директоры Мұрат Көпешбай.
Іргетасы мүжіліп, тозып бара жатқан көне мектепте 250-ге жуық бала оқиды. Ауылда халық саны артып келеді. Ал оқушылар әзер сыйып отыр. Осы мәселені көтерген тұрғындар жергілікті биліктен елді мекенге жаңа мектеп салып беруді жыл сайын сұрайды.
Аудан әкімдігі Жаңатұрмыстағы мектептің жай-күйінен хабардар екен. Былтыр тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіпті, жоба дайын, бірақ қаражат енді бөлінбек.
— Жаңатұрмыс ауылдық округіне 250 орындық жаңа мектеп салу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар және мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынып, осы құрылыс жұмыстарына қаржы бөліну үшін бюджетке өтінім берілді, — деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов.
Биылғы жылы облыста жаңадан 7 мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Бірақ, бұл тізімге Жаңатұрмыс ауылы енбеген. Яғни, заман талабына сай білім ордасын салу келер жылдың еншісіне қалды деген сөз.