“Жаназа ақысы – 100 мың теңге”: ҚМДБ жауап берді

Желіде Жамбыл облысының Сарысу ауданында жаназа намазын оқу үшін 100 мың теңге талап етіледі деген ақпарат таралып, қоғамда қызу талқыланған еді.
Бұл жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми түсініктеме беріп, таралған мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Аталған ақпаратты айтыскер Алик Бекмұсаев Threads желісіндегі парақшасында жариялап, “жоғарыдан келген бұйрық дейді” деп жазған.

Жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында дүрбелең туғызып, діни рәсімдердің ақылы болуына қоғам наразылық білдірді. Алайда ҚМДБ бұл мәліметті жалған деп отыр.
Жаназа намазы мешіттерде діни талаптарға сай тегін оқылады. Ақылы түрде өткізу туралы ешқандай ресми бұйрық немесе нұсқау берілген жоқ. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді, – делінген басқарманың ресми хабарламасында.
Сарысу ауданының бас имамы да мәселенің мән-жайын анықтауға тырысып, айтыскермен байланыс орнатқанын айтқан. Алайда оған нақты дәлел ұсынылмаған.
ҚМДБ барлық діни рәсімдердің – соның ішінде жаназа намазы, құран бағыштау, садақа жасау сияқты қызметтердің – ақысыз түрде жүргізілетінін еске салды. Сонымен қатар жалған мәліметтерге сенбеуге және кез келген күмән туындаған жағдайда тікелей мешітке немесе уәкілетті органдарға жүгінуге шақырды.
“Қазіргі таңда алаяқтар діни сенімді өз пайдасына пайдалануға тырысып жатыр. Сондықтан, әр азамат ресми ақпарат көздеріне ғана сеніп, жалған мәлімет таратудан аулақ болуы тиіс”, – деді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ діни рәсімдер атын жамылып, заңсыз ақша талап ететін алаяқтардан сақ болуға шақырған болатын.
Күмәнді сайттар мен беймәлім адамдардың ұсыныстарынан сақ болыңыздар. Бұл сіздің қаражатыңыз бен ниетіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы. Алла Тағала баршаңыздың құрбандықтарыңызды қабыл етіп, ізгі ниеттеріңізді арттырсын!, - деген еді ҚМДБ.