Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды

Жәнібек
Фото: из открытых источников

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулынан айырылды.

Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков хабарлады. Чемпиондық белбеуден айырылғаны жөніндегі ақпаратты бокске қатысты бірқатар халықаралық басылымдар да растады.

Ерденбековтің айтуынша, IBF ұйымы Қазақстан тарапына ресми хабарлама жіберіп, Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетілгенін мәлімдеген. Сонымен қатар ұйым ережесіне сәйкес, чемпион өз титулын тоғыз ай ішінде міндетті түрде қорғауы тиіс.

Жәнібек үшін бұл мерзім 2026 жылғы 4 шілдеде аяқталуы керек болған. Осыған байланысты 5 наурыз күні IBF директорлар кеңесі титулды бос деп жариялау туралы шешім қабылдады.

The Ring басылымының жазуынша, бұл шешімнің негізгі себебі – допингке қатысты жағдай. Ұйым Әлімханұлының мельдонийге тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткеннен кейін ережелер бұзылғанын атап өткен.

Ал BoxingScene басылымы чемпиондық белбеуден айырылу антидопинг ісіне байланысты санкциялар мен титулды уақытында қорғау міндетін орындай алмауына байланысты болғанын хабарлады.

Ерденбеков бұл жағдайды Әлімханұлының командасы үшін үлкен сабақ деп бағалады. Соған қарамастан, боксшы биыл үлкен рингке қайта оралуды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, спортшының командасы IBF шешіміне апелляция бермек.

Бұған дейін WBO ұйымы да Әлімханұлын бір жылға шеттеткен, алайда оған чемпиондық белбеуін сақтауға мүмкіндік берген. Сонымен бірге уақытша чемпион атағы үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааверда арасында жекпе-жек белгіленгені белгілі болды.

Сонымен қатар мельдонийдің Жәнібек Әлімханұлының ағзасына қалай түскені туралы да мәліметтер жарияланған.