Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Жәнібек ханның сүйегі Ақмола облысында қайта жерленді

1
Фото: из открытых источников

Бұған дейін ол бірнеше жыл бойы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталып келген.

Өткен аптада Ақмола облысының Қорғалжын ауданында бірнеше жыл бұрын табылған көне сүйектер қайта жерленді. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл сүйектер Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін.

Аудандық мәдениет бөлімі хабарлағандай, 2020 жылы Жәнібек-Шалқар мавзолейінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алты адамның сүйегі табылған. Одан бірнеше жыл бұрын осы маңнан көне, қаптама жасалған кірпіштер де шыққан. Сүйектер қазып алынып, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілді. Сол жерде қайта жерленгенге дейін сақталды.

Музейде сақталған уақыт ішінде ғалымдар сүйектерге генетикалық зерттеу жүргізген. Нәтижесінде XV ғасырда өмір сүрген, Шыңғыс хан әулетіне жататын ер адамның сүйегі екені анықталды.

«Жалпы деректер жиынтығы – генетикалық зерттеу, радиокөміртектік талдау, сондай-ақ топонимика – бұл XV ғасырда өмір сүрген, Шыңғыс хан әулетінің өкілі Жәнібек есімді тұлға болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр», – деп түсіндірді ведомство.

Белгілі болғандай, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан да XV ғасырда өмір сүрген және Шыңғыс хан әулетінен еді.

«Жергілікті халықтың өтініші бойынша сүйектер табылған жерге қайта жерлеу туралы шешім қабылданды. Жерлеу рәсімі мұсылмандық дәстүрге сай, имамның қатысуымен өтті», – деді мәдениет бөлімі.

Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Әлин өзінің Facebook парақшасында қайта жерлеу рәсімінің видеосын жариялады. Оған аудан басшылығы мен бірқатар ғалым-археологтар қатысты.

Тегтер: