Жанібек ТАЙЖАНОВ: «Транспорт – экономиканың басты артериясы»

Транспорт саласы – ел дамуының тірегі. Бұл саланың стратегиялық мәні жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Ол транспорт жүйесі экономиканың қозғаушы күші екенін айтып, осы сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады.
Тақырыпты тарқату мақсатында ҚР Көлік министрлігіне қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жанібек ТАЙЖАНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Жанібек Жұмаұлы, Мемлекет басшысы транспорт саласының экономиканың басты қозғаушысы екенін атап өтті. Бұл пікірге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – толық келісуге болатын тұжырым. Транспорт әрқашан экономиканың күре тамыры болып келді және солай болып қала береді. Қазақстандағы транспорт жүйесінің маңызы жыл сайын артып отыр. Бұл жүйе ішкі қажеттіліктерді ғана емес, халықаралық транзиттік қызметтерді де қамтамасыз етіп, еліміздің Еуразиядағы маңызды көлік хабына айналуына жол ашып отыр.
Мысал ретінде нақты дерек келтірейін: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында транспорт саласы экономика өсімінің алдыңғы қатарында болды – өсім 22,7%-ды құрады. Жолаушылар мен жүк тасымалы көлемі де жыл сайын артып келеді. Әуе көлігі бойынша жолаушылар тасымалы жылына 15%-ға, автокөлік – 11%-ға, ал теміржол – 9%-ға өсуде.
– Елде көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл процеске кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Иә, Президент атап өткендей, Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі ірі транзиттік хаб. Мұндай мәртебе біздің географиялық орналасуымызға байланысты. Әрине, еліміздің теңізге тікелей шығатын мүмкіндігі жоқ, бірақ соған қарамастан, біз баламалы көлік дәліздері арқылы өзіміздің транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдаланып отырмыз.
Бүгінде еліміз арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Ең маңыздыларының бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) мен «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі. Осындай бағыттар арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті күннен күнге артып келеді.
Біз бұл бағыттардың жүктемесін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан елімізде көлік инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту, заманауи логистикалық хабтар құру, қауіпсіз әрі экологиялық таза технологияларды енгізу, сондай-ақ кәсіби кадр даярлау жұмыстары қолға алынған. Бұлардың бәрі ТМТМ бағытының тартымдылығын арттырады. Қазірдің өзінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктердің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Сонымен қатар ірі жобалардың бірі – Трансқазақстан теміржол дәлізі. Бұл бағытта Мойынты – Қызылжар аралығында ұзындығы 366 км жаңа теміржол салынып жатыр, ал қолданыстағы 1600 км жол жаңғыртылуда. Жоба сәтті жүзеге асса, Маңғыстау, Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды және Жетісу өңірлерінің экономикасына тың серпін береді. KPMG мен PwC сияқты халықаралық консалтингтік компаниялардың болжамына сүйенсек, осы жобалар арқасында Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 2026 жылы 55 млн тоннаға, 2029 жылы 67 млн тоннаға дейін жетіп, ұзақ мерзімде 100 млн тоннаға дейін өседі.
– Транскаспий бағытына ерекше назар аударылып отыр. Осы жоба туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – қазіргі таңда Шығыс пен Батысты байланыстыратын ең келешегі зор бағыттардың бірі. Өткен жылы ТМТМ бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ендігі мақсат – осы қарқынды сақтап, одан әрі дамыту.
Біздің стратегиялық жоспарымыз ТМТМ бағытын одан әрі жылдам әрі тиімді етуді көздейді. Бұл үшін логистика, кедендік рәсімдер, инфрақұрылым және халықаралық серіктестік мәселелері жан-жақты пысықталуда. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
– Қорытындылай келе, еліміздің көлік саласының болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Болашақ – цифрлы, қауіпсіз және «жасыл» транспортта. Біз қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы саланың стратегиялық маңызын нақты айқындап берді. Алдағы уақытта Қазақстан халықаралық транзиттік картада өзінің орнықты орнын нығайта түседі деп сенемін.