Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 21 Желтоқсан 2023

Жәнібек туған анасын іздейді - бір әйел ДНК тапсырды

Жәнібек
Фото: из ulysmedia

Испаниядан Қазақстанға өзінің туған анасында іздеп келген Жәнібек есімді азамат анасын таппай қайтпайтынын мәлімдеді. Үш апта бойы жүргізілген зерттеуден Жәнібектің анасы болуы мүмкін 3 адам табылған. Оның біреуі ДНҚ тест тапсырды деп хабарлады Zhasalash.kz

Анасына ұқсас келіншектер мен тың деректердің барлығы  "Бармысың, бауырым?" бағдарламасы арқылы табылған. 

“Жекеге түскен хат-қоңырауда сан жоқ. Соңғы 2 күнде үндемей отырғанымызға алаңдаған жандар да көп, арасында бізді жамандағандар да жоқ емес. Біз – «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы өз жұмысымызды білеміз. Бірнеше мемлекеттік мекемеге хат жазып, ресми мәліметтер алдық. Ақпарат тапқан сайын оны жақсылап зерттемей, жалаулатып жариялай салуға тағы болмайды. Білесіздер ме, бұл жұмбақты шешкен сайын түйіншегі керісінше тастай түйіліп бара жатыр...

Перзентханаға жедел жәрдем арқылы келген, қабылданған, босанған, төрт күн төсегінде түнеген келіншектің жеке құжат көшірмесі әлі табылған жоқ. Бар құжаттың қалай толырылғанын міне, әдейі көрсетіп отырмыз. Нәресте өмірге келгендегі мәліметті, яғни 2002 жылдың қаңтарында дәрігер Совет одағынан қалған «Путевой лист грузового автомобиля, Талон заказчика» деген 1983 жылы әзірленген бланкіге түсініксіз жазумен жаза салған... Қай жағынан келсек те, ресми құжаттарда жазылған келіншектің аты-жөні өтірік сияқты...”, – дейді журналист.

Хабардың жүргізушісі Қымбат Досжанның айтуынша, басты мақсат — сонау жерден келген баланың анасын тезірек тауып, екі жүректі табыстыру. “Кей әйелдің әлемін білесіздер, қиындыққа толы. Баласынан бас тартқанда, басқа жол көрмей, жақыннан қолдау таппай, сондай шешімге баруға мәжбүр болған. Сондықтан туған анасына қатысты ауыр сөз жазбаңыздар. Иә, қателескен шығар, бірақ ол да адам. Оның да құқығы бар”, деді ол.

“Сондықтан егер ДНК тест нәтижесі бойынша кешегі келіншек баланың туған анасы болып шықса, біз ол келіншектің фотосын әлеуметтік желіден де, эфирден де көрсетпейміз, аты-жөнін де атамаймыз, ҚҰПИЯ түрде қалады. Баласымен ғана табысады, танысады. Біз о бастан құпия болады деп уәде бердік, сол сөзімізде тұрамыз. Егер бұл келіншек баланың туған анасы болмай шықса, зерттеу жұмысы жалғасады”, – деді Қ.Досжан.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Жәнібектің анасын іздейтінін айтып жариялаған видеосы әлеуметтік желіде таралған еді.