Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:53, 02 Қараша 2023

Жанболат Аупбаев. Сыпайы сөйлеп, тарихтың сырын ашқан

Ханкелді Әбжанов
Фото: из открытых источников

Газет – кешенді құрылым. Ондағы жұмыс ұжымдық еңбекпен жасалады. Оған бас редактордан бастап, одан кейінгі 12 сатыдан тұратын шығармашылық, техникалық қызмет иелерінің бәрі-бәрі қатысады. Мұның сыртында басылым аппараты штатында жоқ, тек редакциядағы жазылмаған заң бойынша қимылдайтын бір әлеуеті зор күш бар.

 Ол өркениеттік деңгейдегі өзгеше ойлау машығына ие ғылым өкілдері. Мұндай жандар өздерінің бастамашыл ішкі интуициясымен газетке заман, уақыт талап еткен көкейкесті мәселелерге байланысты мақалалар жазып, басылымды сондай керек те қажет дүниелермен демейді. Редакция тарапынан еліміз тарихы мен өмірінде көп сөз етілмеген тың да соны тақырыптарды көтеруге лайық мамандар іздестірілгенде, сол талапқа жауап берерлік білікті ғалымдарды табуға жәрдемдесіп, баспасөзбен екі ортаға дәнекер болады. Сондай-ақ өмірде кездеспей тұрмайтын кейбір даукес авторлардың дүмбілез дүниелеріне редакция өтінішімен сараптама жасауға шақырылғанда, олар мұндай мәселеде де ақ пен қараны білгірлікпен толық ажыратып береді. Газеттегі қосшы да, басшы да болып еңбек еткен 46 жыл ішінде біз міне, осындай ниеттес, тілектес ғылым өкілдерінің көмегін көп көрдік. Жанашырлығына ерекше тәнті болдық. Олар мәселен, Кеңес Нұрпейісов, Досмұхаммед Кішібеков, Әділ Ахметов сияқты ғалым ағаларымыз бен Ханкелді Әбжанов, Әбілсейіт Мұхтар секілді тарихшы замандастарымыз дер едік.

Ханкелді Әбжанов
Фото: e-history.kz

Осы ардақты да абзал жандардың ішіндегі өзіміз бүгін сөз етпек болып отырған Ханкелдіге келсек... Иә... Ойымызға алғашқы таныстыққа себеп болған мына жәйт оралады. Ол кез демократия және жариялылық лебімен буырқанып-бұрсанған 80-жылдардың ортасы еді. Сондағы бел алған қайта құру екпіні баспасөз қызметкерлері алдына да жаңа міндеттер қойып жатты. Солардың бірі әрі бірегейі 30-40-жылдардағы жазықсыз жазалауға ұшыраған арыстарымыздың жарты ғасырға жуық жабық тақырып боп келген өмірі мен қызметі және еңбегін жалғанның жарығына шығара жазу болатын. Сол кездегі газет-журнал қызметкерлері біздер үшін бұл, әрине, өте қуанышты, сөзбен айтып жеткізгісіз керемет үлкен оқиға еді. Бірақ көктен іздегеніміз жерден табылған бұл бетбұрысқа қоғамымыз, ондағы ғылыми-зерттеу орындарындағы мамандарымыз дайын болмай шықты. Соның салдарынан кандидаттық, докторлық диссертацияларын көбінесе партия, кәсіподақ комсомол секілді саяси, одан қала берді интернационализм, халықтар достығы сияқты әсіре қызыл тақырыптардан қорғаған ғалымдар архивтегі жоғарыдағыдай алапат ақпараттар ағынына жол ашылғанда, не істерлерін білмей абдырап қалды. Рас, жоққа шығармаймыз, осындай әрі-сәрі кезде ғылым өкілдері арасында жаңа жағдайға бейімделіп жұмыс істей бастаған энтузиастар болды. Бірақ Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай тәрізді бірлі-жарым олар сол уақыттағы анталаған қай газет-журналдың жұмырына жұқ болсын?..

Сөзімізді созбайық, Орталық Комитеттегі үсті-үстіне берілген жоғарыдағыдай тапсырмаларды үзікке қиық жалғағандай етіп әрең орындап жүрген күндердің бірінде төмендегідей пәрменнің келмесі бар ма? «Шұғыл!» деп белгі соғылған ондағы нұсқауда біз журналдың келесі нөміріне мемлекет қайраткері, атақты ғалым Санжар Асфендияров туралы мақала ұйымдастырып беруіміз керек екен. Білуімізше, бұл кісінің есімі энциклопедияда бар. Ол 1958 жылғы жүргізілген комиссия жұмысының жемісі. Ал ғылыми еңбектерін жариялауға рұқсат жоқ. Себебі толық ақталмаған. «Осындай жағдайда бұл аяулы жанның өмірі мен қызметін зерттеуге кім бел шешіп кірісе қойсын», дейміз ішімізден өзімізге-өзіміз.

Жоқ! Олай емес екен... Ондай адам бар болып шықты! Мұны бізге айтқан кезінде «Лениншіл жаста» бірге істеп, кейін ҚазПИ-ге оқытушылыққа ауысқан әріптесіміз Балтабай Әбдіғазиев еді. «Өзінің негізгі тақырыбы болмаса да, – деді ол, – Ханкелді Әбжанов деген замандасымыз халық жауы атанған арыстарымыз туралы материал жинаумен айналысып жүр. Білетінім, қосымша түрде шұғылданып келе жатқан оның сол жұмыстарының арасында Санжар Асфендияров жөнінде де деректер бар». Мына сөзді естігенде қалай шыдап отырайық, бейтаныс жанмен сол күні-ақ хабарласып, сөйлестік. Телефондағы даусынан байқаймыз, өзіндік ішкі мәдениетке ие адам. Мұны оның сабырлы да салмақты үні мен сыпайы сөзі анық аңғартады. Өтінішімізді айтқан кезде жағдайымызды бірден түсінді. «Жарайды», – деді қысқа ғана. Сөйтті де қажет мақаланы бес-алты күн ішінде жазып беруге уәде етті.

Хо-о-ш, содан... Аталмыш материал уағдаласқан мерзімде қолға тигенде қандай қуанып, толқыдық десеңізші!.. Қуануымыздың себебі түсінікті. Ол Орталық Комитет берген тапсырмаға сәйкес игерілуге тиіс тақырыпқа лайық автордың табылып, мақаланың редакция қоржынына келіп түскендігі. Ал толқығанымыз, сол материалдағы тағдыры таңғажайып жан Санжар Жафарұлы Асфендияровқа қатысты тың да соны деректердің ақпарат атаулының қай түріне де мұқтаж 80-жылдар оқырмандарына мүлде бір жаңа әлем есігін ашқандығы.

«Қалай?» дейсіздер ғой. Автор материалы кейіпкерін көзге елестетіп көрсек, мынадай жәйттерге куә боламыз. ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербургтегі әскери-дәрігерлік академияға оқуға түскен жас ұлан. Бірінші дүниежүзілік соғысқа аға дәрігер боп қатысқан білікті маман. Патша армиясының сәтсіз ұрыс қимылдары салдарынан Шығыс Пруссиядағы немістер қолына түскен орыс армиясы жаяу әскер дивизиясы қатарындағы тұтқын. Халықаралық Қызыл крест қоғамының көмегімен Германиядағы концентрациялық лагерьден Швеция арқылы Ресейге оралған репатриант. Ал оның Қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарындағы өмірі мен қызметі ше? Түркістан өлкесіндегі аштықпен күрес жөніндегі комиссия басшысының орынбасары, Қазақ АССР-ы Денсаулық сақтау халық комиссары, Мәскеудегі Шығыстану институтының директоры, республикамыздағы тұңғыш жоғары оқу орны болып табылатын ҚазПИ-дің алғашқы ректоры. Міне, Санжар Жафарұлы Асфендияров өзі өмір сүрген аумалы-төкпелі заманда осындай ірі де іргелі істердің басы-қасында жүрген. Айтпақшы, 49 жылдық аз ғана ғұмырында ол кісі жоғарыдағыдай күрмеуі көп күрделі жұмыстарды атқарумен қатар ғылым және әдебиет салаларына да араласып, оны дамытуға үлес қосып үлгерген адам екен.

«Оған бұл аяулы жанның «Ертедегі дәуірден бергі Қазақстан» тарих оқулығы мен оқиғасы Шығыс халықтары өмірінен алынған «Әлем шатыры» атты көркем повесть жазғаны анық дәлел бола алады», – деп аяқтайды біз сөз етіп отырған мақаласын Ханкелді Әбжанов.

Бұл материал мазмұнын бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндап отырғанымыз құрметті оқырман, ол уақытта жұртшылық Санжар Асфендияров сияқты тұлғаларға байланысты ақпаратқа өте зәру-тін. Қазір ғой, компьютер түймесін басып қалып монитор экранына көз тіксеңіз, Алаш арыстары туралы неше түрлі дүниенің топ-тобымен шыға келетіні. Ал ол уақытта... Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Әбдірахман Әйтиев туралы мақалалар үйден тау тұрғызғандай мол да Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев жөніндегі дүниелер жаңбырдан кейінгі терек жапырағынан анда-санда тырс еткен тамшыдай там-тұм болатын. Сөздің тоқетері, Ханкелдінің «Қазақстан коммунисі» журналындағы осы жарияланымы 80-жылдардың ортасындағы оқырман қауым сұранысын ойдағыдай өтеген бірден-бір толыққанды дүние еді. Оның бұл басылым мен одан кейін өзіміз ауысып барып қызметімізді жалғастырған «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қаншама тамаша мақалалары шықты десеңізші!.. Бірақ солардың ішіндегі қылкөпірдің үстінде тұрғандай қиналған сәттегі қиындықтан құтқарған жоғарыдағы туындыны біз ешуақытта ұмытпаймыз.

...Газет-журнал жұмысы қызық. Бұлардың бір күні келесі күнге ұқсамайды. Жоғарғы жақтан келген жаңа міндет. Өзгеше талап. Бұйрықтар... Соларды орындаймыз деп қызылтанау боп жүрген күндердің бірі-тін. Орталық Комитеттің тиісті бөлімінен тағы бір нұсқаудың келгені... Ондағы пәрменге қарағанда, жоғарыда өзіміз сөз еткен репрессия құрбандары бар емес пе? Міне, соларға байланысты материалдарды журналға жариялауға біз енді жаңаша сипат беруіміз керек екен. Мұның себебі қайта құрудың арқасында билік жазықсыз жапа шеккендердің кезекті бір үлкен тобын ақтауға деген дайындықты бастаған сияқты. Сондықтан оған байланысты құрылған комиссия 80-жылдардың аяғындағы өз жұмысына кіріскенге дейін республикалық басылымдар бұл бағытта ауқымды істерді атқаруға күш салуы керек. Атап айтқанда, сол сұрапыл кезеңнің сұрқай көріністері түрлі дерек, факт, фотоайғақ және құжаттар арқылы газет-журнал беттерінде жан-жақты ашылып көрсетілуі тиіс. Бұл осыған дейін беріліп келген жеке мақалалар емес, құрама, қазіргі тілмен айтқанда дайджест арқылы бір өзі бірнеше міндетті атқаратын кешенді топтамаларға лайық тақырыптар деген сөз еді.

Орталық Комитеттің осы тапсырмасымен танысып отырғанда, көз алдымызға кенет төмендегі көріністің келгені... Ол Мәскеуде жарық көріп, бүкіл одаққа тарайтын «Огонек» журналының соңғы нөмірінде шыққан дүние еді. Онда Бүкілодақтың Атқару Комитетінің мүшесі, «Известия» газетінің редакторы Н.Бухаринге арналған 1937 жылғы соттағы куәгерлер мен мемлекеттік айыптаушының және «халық жауы» атанған оның өзінің сөздері ықшамдалып алынған үзінділер негізінде жасалған құрама материалдар топтамасы-тын. «Бізге неге солай істемеске? – дедік жоғарыдағы жәйт ойымызға оралғанда. – Бухариннің басындағы жағдай 1937-1938 жылдары ұсталған өзіміздегі мемлекет қайраткерлері Ұ.Құлымбетов, О.Жандосовта да болған жоқ па?» Өкінішке қарай... Бұл әрекетіміз жүзеге аспады. Орталық Бас архив басқармасы қызметкерлерінің түсіндіруі бойынша қазір оған рұқсат жоқ екен. Себебі кезінде репрессияға ұшырағандарды қаралап, сөз тасыған қызылкөздер бар емес пе? Міне, солардың кейбіреулерінің біз сөз етіп отырған 80-жылдардың ортасына дейін әлі де тірі, сау-сәлемет ғұмыр кешіп жүргендігі-тін. Үш әріп мекемесінің «қамқорлығындағы» олар үшін жазылмаған заң бойынша бір кездегі бұлар берген «ақпарат» қай уақытта да сыртқа тарамауы тиіс болып шықты.

Енді не істеу керек? Өстіп отырғанда бізді бұл қиындықтан ғалым Кеңес аға Нұрпейісов құтқарғандай болды. «Мен бәрін түсінемін, – деді ол кісі. – жоғарғы жақ «өйт-бүйт» деп бұйрықты қарша бората береді. Ал архив деген тасқорған мекеме мейлі он жерден жариялылық болып жатсын, өз тәртібіне сүйеніп, белгілі бір мәселеде мұрағатқа ешкімді беттетпейді. Сендер үшін қазіргі жағдайдан шығатын бір жол бар. Айталық 30-40-50-жылдары талай атышулы оқиғалар болды ғой. Олар сол уақыттағы газет-журналдарда баяндама, жарыссөз, есеп формасында жарияланып тұрған. Қазір енді соны тауып алып, қайталап беру керек. Мұндағы мақсат – өткендегі қиын жағдайды ел есіне салып, көз алдарынан өткізу. Бүгінгі ұрпақ ол уақыттың қандай болғанын осындай материалдардан оқып, білсін. Көрсін. Солардың бірі мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1952 жылғы 28 октябрьде Алматыда өткен VIII пленумының материалдары. Ескеретін жәйт, кезінде «Социалистік Қазақстан» газетіне шыққан оларды сол күйінде көшіріп бере салмай, оған бір білікті тарихшыны тартып, соның сын тезінен өткізу керек». «Жарайды, – дедік бұл идеяға қуанып кеткен біз. – Бірақ жаңағы өзіңіз айтқан маманды қайдан табамыз? Оған сіздердің Тарих және этнология институтында кім лайықты деп ойлайсыз?» «Ол Ханкелді Әбжановтың қолынан келеді. Редакция атынан хабарласып, қолқа салып көріңдер. Меселдеріңді қайтара қоймас».

Содан не керек, тағы да Ханкелдіні іздейік. Табайық. Игерілуге тиіс тақырыптың жай-жапсарын түсіндіріп, оны орындап беруге үгіттейік. «Жақсы, – деді ол баяғы әдетімен қысқа ғана тіл қатып. – Жасап көруге тырысайын. Күтіңіздер».

архив
Фото: из открытых источников

Шамасы бір жетідей уақыт өтті-ау деп ойлаймыз қазір. Редакцияға келген Ханкелді бізбен амандасып болған соң алдымызға екі папканы әкеліп қойды. Алғашқысын ашып қарасақ, ол 1952 жылдың күзіндегі атышулы VIII пленум материалдарының газетке шыққан ксерокөшірмесі екен. Байқаймыз, мұны журналға бұл күйінде жариялауға болмайтын сияқты. Себебі ел біріншіден, сөз етіп отырған дүниенің не үшін беріліп отырғанын түсінбеуі мүмкін. Екіншіден, топтама кішігірім бір кітаптың көлеміндей үлкен болып шықты. Журнал үшін бұл, әрине, ауырлау. Үшіншіден, ксерокөшірмені қадалып оқымай-ақ жай парақтап қарағанның өзінде 80-жылдар оқырмандарына түсініксіз, тек сол уақытқа яғни, 50-жылдарға тән сөздердің көптігі еді. Демек...

Ал екінші папка... Иә, оны ашқанымызда, жүзіміз жадырап сала берді. Олай болатыны, мұнда топтаманың кілті дерлік алғысөздің бар екендігі еді. Өзінің атынан жазылған бұл аңдатпада Ханкелді сталиндік режим атты тоталитарлық жүйенің елді үнемі үрей үстінде ұстап отыратынын айтқан. «Соның бір дәлелі, – дейді ол, – қолдан ұйымдастырылған идеологиялық жазалау науқандары еді». Осылай деген ғалым оқтын-оқтын қайталанып отырған бұл зауал толқыны 50-жылдардың басында Қазақстанды да айналып өтпегенін еске салады. «Тәжірибеден» өткен тәсіл бойынша Мәскеу алдымен республикалық екі газетке сын материал ұйымдастырып жариялатады. Ол сол уақыттағы Қазақстан тарихына қатысты өмірге келген іргелі еңбектерді күстәналаған үш ғалым: Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниннің 1950 жылдың 26 желтоқсанындағы мақаласы еді. Соны «негізге» алған орталық ел басшылығына аталмыш сыннан қорытынды шығарып, кінәлілерге қатаң шара қолдануды талап етеді. Мәселені ушықтырмай, жұқартып-жұмсартып көрсету арқылы түсіністікке қол жеткізу үшін республика Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов оған 10 айға жуық уақытын жұмсайды. Бірақ қадалған жерінен қан алатын Мәскеу өз дегенін істетіп, оған ел кейін атышулы деп ат қойған 1951 жылдың 28 октябіріндегі VIII пленум баяндамасын жасаттырады. Байқап қарасақ, бұл тура 1946 жылдың 26 авгусындағы Ленинградтағы, сондағы «Звезда» және басқа журналдардағы кемшіліктерге байланысты шыққан БК (б) П Орталық Комитеті қаулысына сәйкес бар ауыртпалықты мойнына алып, жұртқа жеккөрінішті болған А.Ждановтың басындағы жағдай. Аталмыш науқандарға орай жасалған баяндамалар ол жақта А.Ахматова, М.Зощенко бастаған атақты ақын-жазушылардың жазалануына себепкер болса, ал мұнда қазақ ақыл-ойының алыптары Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовтің қудаланып, ғалымдар Е,Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиевтің Сібір және Қарағанды лагерьлеріне айдалуымен аяқталады.

Мұндағы айтайық дегеніміз, құрметті оқырман, егер журналға жоғарыда сөз етілген баяндаманы 1951 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінен көшіріп алып, бас-көз жоқ бере салсақ, ел мұны түсінбеуі, оқырмандарға оның әсерінің өз деңгейінде болмауы әбден мүмкін еді. Қуаныштысы сол, ол зерделі зерттеуші, білікті маман Ханкелді Әбжановтың қолына түсуінің нәтижесінде жанданып, академиялық талап үлгісі деп айтарлық ұстамды сипатқа ие болды. Атап айтқанда, алдымен оған жоғарыдағыдай салиқалы да салмақты алғысөз жазылды. Содан соң баяндамадағы сол заманға байланысты қолданған түсініксіз сөздерге анықтамалар берілді. Сондай-ақ мәтіндегі ұраншыл ұғымдар мен науқаншыл қайталаулар алынып тасталып, мәселенің мәнісін білдіретін баяндаулар мысал, факт, деректер негізінде қалдырылды. Сөйтіп, 80-жылдардың аяғындағы «Қазақстан коммунисі» журналына «51-ші жылдың ызғарлы күзі» деген атпен шыққан бұл материал сол уақытта 34-35 жыл бұрын жарық көрген газет тігінділерінің тек Алматы мен облыс орталықтарындағы архивтерде ғана сақталып, ал жүздеген аудандар мен мыңдаған ауылдардағы оған қолдары жетпеген оқырмандарға күтпеген сенсация болды. Сондықтан да ол топтама ойымызға оралғанда, оған редакцияның өз қызметкері секілді аянбай тер төккен ғалым Ханкелді Әбжановтың еңбегін ризашылықпен еске аламыз.

...Осы мақаламыздың басынан бастап біз бір нәрсеге ерекше көңіл бөліп отырдық қой деп ойлаймыз. Ол кейіпкеріміздің өзіміз қызмет еткен қай басылымда да айтулы автор, орнықты орындаушы бола білгендігі. Ғалымның бұдан басқа тағы бір қырын сөз еткенде, оның мына қасиеті еске түседі. Ол кейіпкеріміздің ылғи болмаса да реті келген жерде ақылшы, кеңесші сияқты көмегін аямағандығы. Қол ұшын беретін мұндай жәрдем редакцияда қандай жағдайларға байланысты туындайды дейсіздер ғой. Түсінікті болу үшін айтайық, күнделікті шығып жататын газет «бүйірі шығып тоймайтын, өңеші де толмайтын» конвейер. Тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған оған өз қызметкерлеріміздің жүгіріп жүріп жазған хабар, репортаж, очерктері, редакцияға келетін оқырман хаттарынан дайындалатын түрлі формадағы топтамалар мен арнайы тапсырыс арқылы орындалатын автор материалдары, бәрі-бәрі қажет. Керек. Мұның сыртында радио және телевизия хабарларынан жылт ете түскен, архивтерден табылған деректер мен қайталанбас оқиғалардың куәгері болған жандардың сөздері негізінде құралып, жасалатын перспективалық жоспардың тақырыптары тағы бар. Сондай қызықты, мазмұнды материалға арқау болатын идеяны редакцияға бір келгенінде Ханкелдінің айтып қалмасы бар ма?! Ол жұрт аузында осы 2000-жылдардың басына дейін айтылып келген: «Республика басшысы болған П.К.Пономаренконың 1954 жылғы сөзі ғажап еді. Оның стенограммасы қайда екен? Тауып алып, газетке жарияласа ғой, шіркін!» – деген ой-пікір болатын. «Соны бірігіп іздейік, – деді ғалым. – Көр де тұр... Егер ол табыла қалса, «Егемен» үшін ерекше дүние болары сөзсіз».

Бұған елең ете түскен біз оны идея иесімен бірге ал кеп іздесейік. Президент архивінен сұраймыз. Жоқ. Орталық мұрағатқа өтініш айтамыз. Табылмады. «Ол сол кездегі биліктің съезд, пленум не актив сияқты ресми жиынында жасалған баяндама емес екен, – деді бір күні Хангелді. – Білетіндер мұны бірінші басшының Алматыдағы зиялы қауым алдында ауызша сөйлеген сөзі деп айтады. Сондықтан оны архивтер емес, әлгі іс-шарадан есеп, шолу мақала жазылуға тиіс газет-журналдан іздеу керек?» «Жақсы», – дедік оған біз. Сөйттік те алдымен 1954 жылғы «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правданы» қарауға отырдық. Ештеңе көзге шалынбады. «Қазақ әдебиеті» апталығын парақтадық. Байқалмады. «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналына үңілдік. Көрінбеді. Осылай дал болып жүргенде: «Мен сол жиынға қатысқан бір адамды таптым, – деді редакцияға арнайы келген Ханкелді. Ол – академик Досмұхаммед Кішібеков. Әңгімесін тыңдап көрсем әлгі оқиға ағамыздың есінде өте жақсы сақталған. Ендеше, неге оны сол кісіге автор ретінде жазғызып, мақала етіп бермеске?!

Ғалымның мына хабарына қуанып кеткен біз Досмұхаммед ағаға телефон соғып, хабарласпаймыз ба?! «Иә, – деді ол кісі алғашқы аман-саулық сұрасқан соң. – Қазақстанға басшы болып келген алты айдан кейін Пантелеймон Кондратьевичтің Алматыдағы зиялы қауыммен кездескені рас. Бұл тамыз айының басы еді. Жиын қаладағы Опера және балет театрында өтті. Ол кезде мен академиядағы Тарих, археология және этнография институтының философия секторында жұмыс істеп жүрген болатынмын. Аталмыш жиынға институт партия ұйымының хатшысы, ғалым Ақай Нүсіпбеков еңбек демалысында жүргендіктен, ол кісінің орынбасары ретінде қатысуым тура келді».

«Онда не айтылды?» – дейміз ғой дегбірсізденген біз оқиғаны білгенше асығып. Қазақстанның жаңа басшысы сөзін ә дегеннен-ақ, деді бұған Досмұхаммед аға, – республикамыз тек түрлі кен көздеріне мол ғана емес, сонымен қатар мәдениеті жоғары, білімді кадрларға да жеткілікті ел екенін атап көрсетті. Бірақ осы ғажап адами ресурсты пайдалануда билік басындағылардың өресі жетпегенін еске салды. Мәселен, атағы әлемге әйгілі тұлғалар: академик-геолог Қ.Сәтбаев пен жазушы-ғалым М.Әуезовті республика басшылығы бағалай білмей, қыспақ көрсетіп, тентіретіп жібергенін не деуге болады деді. Біз енді ол дарындарды қайтадан Алматыға шақырдық. Олар қазір өз жұмыстарын атқаруға кірісті.

Пантелеймон Кондратьевич осылай деді де ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылға тоқталды. Ол ғажап суырыпсалма ақын деді. Біз Қазақстанға жұмысқа келгеннен кейін басшы маған да, екінші хатшы Л.И.Брежневке де қабылдауға сұранып келген адамдар болды. Солар Жамбыл ақын емес, жай сауатсыз қарадүрсін адам. Оның атынан өлең шығарған Ғали Орманов, Тайыр Жароков секілді көмекшілері деген сөздерді айтты. Ол жолдастардың аттарын атамай-ақ қояйын, бірақ біз бұлардың солақай пікірлеріне қосылмайтынымызды білдірдік. Өйткені қазір арамызда Жамбыл жоқ, бірақ әлгі ақындар бар. Олар да, дау айтқан арызқойлар да осы залда отыр. Егер Жамбылдың атынан өлең жазған әдеби хатшы ақындар болса, неге олар Жамбылдың шығармаларындай дүниелер туғызбайды. Көзім жетеді, туғыза алмайды. Әрине, қарт жыраудың өлеңдерін әлгі ақындар қағазға түсірді. Оны Павел Кузнецов, Марк Тарловский орыс тіліне аударды. Жамбыл өлеңдерінің кейбір жерлерін олар өңдеген де шығар. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе қарт ақын туындыларының терең мәнінде. Ғажап рухани байлық екендігінде. Айтарым, Жамбыл өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранитті қашап жылтыратты, әрледі, көпке жеткізді деді. Сөйтті де әр халық өз асылын бағалай білу керек екенін еске салды».

Жоғарыдағы айтылған сөздерді қаз-қалпында баяндаған Досмұхаммед аға осыдан соң бізді тағы бір деректен хабардар етті. Ол П.К.Пономаренконың бұрынғы басшы қызметте болған білікті кадр Ә.Қанапинге байланысты пікірі. «СОКП Орталық Комитеті жанындағы екі жылдық. Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп келген соң, жергілікті билік бұл кісіні жұмыссыз қалдырған, – депті Пантелеймон Кондратьевич. – Аталып отырған адам Мәскеудегі академияға барғанша, Алматы облыстық партия комитетінде бірінші хатшы болған. Сонда оның жазығы не? Ол жағы белгісіз. Біз оны жұмысқа шақырдық. Таяу күндерден бастап Әмір Қанапияевич республика Мәдениет министрі қызметіне кірісетін болады».

Досмұхаммед ағаның өзіміз іздеген жәйт бойынша айтқан жоғарыдағы әңгімелерін қызыға тыңдаған біз ғалымнан оны мақала етіп жазып беруге қолқа салдық. Ол кісі бұған келісіп, материалды 10-15 күнде бітіріп әкелгенде қандай қуандық десеңізші! Өйткені қатардағы көп естеліктің бірі емес, тарихи дүние-тін. Неге десеңіздер, онда көбі атышулы 37-де ұсталған, одан кейінгілері 41-45-тегі от кешуде оққа ұшқан, соңғылары 52-нің ызғарлы күзіндегі кезекті жазалау толқынында Сібірге айдалған қазақ зиялыларының сол сұмдықтардан аман қалғандарына билік тарапынан айтылған ең алғашқы жылы сөз еді. Ендеше, сондай қадамға барған Пантелеймон Пономаренкоға мың тағзым! Сол жиындағы оңды ойларды ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа жеткізген Досмұхаммед Кішібеков ағамызға сан алғыс! Және аталмыш іс-шара материалдарын іздеуге атсалысып, табылмаған жағдайда сол басқосуға қатысқан адамды тауып, газетке мақала жаздыртуға идея берген Ханкелді Әбжановқа көп рақмет!

...Жә, айта берсек әңгіме көп. Бұлардың бәрін жіпке тізгендей сөз етіп, елді шаршатпайық. Ойымызды кейіпкеріміз туралы төмендегі мысалмен аяқтайық. 2015 жылдың басы болатын. Үкімет Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы қаулы қабылдады. Газет-журналдарға қойылған талап алдымен Таразда өтіп, одан соң Астанада қорытындыланатын сол салтанатты шараға дейінгі 10 айда аталмыш датаға қажет материалдарды көптеп беру еді. Обалы нешік, тарихшылар бұл маңызы зор оқиғаны ақпараттық жағынан демеуге бар ынты-шынтымен араласып жатты. Десек те, кейде тапшылықтың да сезілуі байқалмай қалған жоқ. Соны еңсеру үшін бірде Ханкелдіден: «Газетке шет өңірлердегі жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін қандай ғалымдарды авторлыққа тартуға болады?» – деп сұрамаймыз ба?! Ол бұған үш-төрт тарихшыны атап, редакция атынан өзіміздің сөйлесіп көруімізге кеңес берді. Солардың ішіндегі Атырауда тұратын ғылым докторы Әбілсейіт Мұхтарға телефон соққанымызда, оның айтқанына құлағымыздың елең ете түскені. Ғалымның бізге ұсынғаны «XVIII ғасырдағы қазақ-ауған қарым-қатынасы: Абылай хан мен Ахмад шах» деген тың тақырып еді. Еске түсірейік, бұрындары төл газет-журналдарымызда даланың дара билеушісі ұлы бабамыздың орыс патшайымы ІІ Екатеринамен хат алысқаны жөнінде мақалалар шыққанын білетінбіз. Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенмен арадағы бірде қату, бірде тату жағдайдан да хабардартынбыз. Сондай-ақ Цинь империясының боғдыханы Цянь-Луньмен мәмілегерлік байланыс орнатқанын да естігенбіз. Ал бірақ Абылайдың ауған билеушісі Ахмад Шахпен қарым-қатынасы жөніндегі ақпарат ешбір басылымда жарияланған жоқ-тын. Сөйтсек оның 1762 жылы қазақ даласы бас иесіне жолдаған үшбу хаты бар екен. Онда ол Қытайдың өз іргесіндегі жоңғар ұлысын тас-талқан етіп жеңгеннен кейін Иран мен Ауғанстан, Бұхар әмірлігіне, одан Қазақ еліне көз тіге бастағанын айтады. Сөйтеді де оған қарсы бір кезде Абылайдың өзі айтқан «Мұсылман елдері одағын» құрмаса болмайтынын ескертеді. Мұны қазақ жағы құп алып, Кабулге елші аттандырады. Өзінің ойын осылай бекемдеп алған Ахмад шах діні бір төрт ел атынан Бейжіңге хабар жіберіп, жаңа одақ атынан сес көрсетеді. Қытай бұл қарсылықты түсінеді. Санасады. Өйткені Ауғанстан ол кезде өте қуатты мемлекет еді. Жағдайдың басқаша сипат алғанын байқаған Цинь империясы басқыншылық райынан қайтады. Соның нәтижесінде ойға алған жоспарлары 100 жылдан астам уақытқа шегеріледі. Ол экспансиялық пиғылдың өмірдегі жарым-жартылай көрінісі кейін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Шыңжаңда жүзеге асқаны мәлім.

Ханкелдінің кеңесімен «Егемен Қазақстанға» авторлыққа тартылған Әбілсейіт Мұхтардың жоғарыдағы мақаласының тарихы міне, осындай. Тың да соны фактіге құрылған бұл материал сол кезде оқырмандарды өзіне бірден баурап алған болатын. Және ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған туындылардың ішіндегі ең таңдаулы дүние ретінде де танылған еді.

ханкелді
Фото: из открытых источников

Адамның есінде кей жандар әртүрлі жағдайларға байланысты сақталып қалады. Мақаламыздың кейіпкері Ханкелді Әбжановты газет қызметкерлері біздер, мәселен, жоғарыдағы нақты мысалдармен айтылған ақылшы, кеңесші, қажет жерде орнықты орындаушы ретінде жақсы білеміз. Ол осындай қасиеттерімен өзге авторлардан даралана көрініп тұрады. Оның өмірі мен қызметін Ғылым академиясында көп жылдар бойы бірге жұмыс атқарған әріптестерінің айтқаны жөн деп білеміз. Ұстаздық, тәлімгерлік қырын аспирант шәкірттерінің сөз етеріне сеніміміз мол. Ал ғылымдағы сіңірген еңбегі және жеткен биіктерін оны жақсы білетін доктор, профессор, академик замандастары бағалап, саралап жатса, сол жарасымды болмақ. Әркім өзі ғұмыр кешкен мына тіршілікте содан байқап-білгенін сөз етіп, өмірдегі көріп, көңілге түйгенін айтады ғой. Осы тұрғыдан келгенде, көп жылдар бойғы серіктес, мұраттас, ниеттес жан туралы жүрекжарды сөзіміз міне – осы.