Бауырмал

КазГУ-дің журналистика факультеті. Иә, оның 1969 жылғы 1-курсына 164 үміткер құжат тапсырып, солардың ішінен 50 қыз-жігіт оқуға өте бір қиындықпен түскен едік. Республикамыздың 12 облысы мен Ресейдің Новосібір, Қарақалпақстанның Тақтакөпір өңірлерінің өкілдері болып табылатын осы талант иелерімен университетте білім алған бес жыл ішінде біз бір үйдің балалары секілді тату-тәтті тірлік кештік.
Кейін де байланысымыз үзілген жоқ. Сол курстастарымыздың ішінде әсіресе тоғыз жігіт ерекше, тіпті өзгеше деп айтарлық қарым-қатынаста болдық. Сөйтіп дос, бауыр болып кеткен жайымыз бар. Олар: 1974 жылы оқу бітірген соң Алматыда қалып еңбек еткен Қазақ радиосындағы Намазалы Омашев, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі Асқар Егеубаев, «Қазақстан коммунисі» мен «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдарындағы Сәулебек Жәмкенов, Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаев, Қазақ теледидарындағы Жүрсін Ерманов пен Есен Сафуанов, «Лениншіл жас» газетіндегі Дәуітәлі Стамбеков және осы жолдардың иесі мен едім. Кезінде 60, 70 жасқа толғандарында бұл әріптестерімнің бес-алтауы жөнінде қалам тартып, өмірі, шығармашылықтары хақында мақала жазғанмын. Ал бүгін... Иә, бүгін 75 жылдық мерейтойы қарсаңында, жоғарыдағы аттары аталған курстастарымның ішіндегі тағы бірі әрі бірегейі, тегеурінді талант Нескең, Несіпбек аға Айтов туралы аз-кем сөз қозғамақпын.
Алдымен айтарым, ол алғашқы оқу жылының алғашқы семестріндегі алғашқы айлардан бастап-ақ курстастары бізді өзінің өте ширақ жүріс-тұрысы және өткір мінезі арқылы тәнті етті. Қолына алған не нәрсені де кейінге қалдырмай тез ойлап, тез шешетін. Әлі есімде, курстастарымыздың көбінің студенттік алғашқы айлардағы көңіл күйі сабақтан соң ару Алматыны аралап, кинотеатр мен парктерге баруға бейім болатын. Дұрыс қой. Ауылдан келген әрі өз аудан, аймағынан арғы жерді аттап басып көрмеген оларды сол кездегі астананың жалт-жұлт еткен қызылды-жасылды көрінісі еліктіріп, тартпай тұра ма?! Ал Несіпбек ағамыз болса... Азды-көпті өмір көрген өзін және мектеп қабырғасынан келіп университетте топ ете түскен «оқушы» бізді жоғарыдағыдай бос жүріске толы дулы да шулы ортаға саналы түрде жібермеді. Ондай сәттерде ол: «Мұндай көрсеқызарлықты қойыңдар. Уақытша нәрсеге алданып, басты ісіміз – қағаз бен қаламға деген құштарлығымызды жоғалтып алып жүрмейік, – дейтін үлкендігін білдіріп. – Өздерің ойлап қараңдаршы. Біреуміз әжеміздің жалғыз-жарым малын сатқызып, екіншіміз әкеміздің тірнектеп жиған зейнетақысын қалтамызға басып, газет-журналда жұмыс істейтін маман боламыз деп келдік қой мұнда. Енді соны, яғни Құдай берген қабілет – жазу-сызуымызды дамытып, жетілдіру үшін лекция, семинар, кітапханадан басқа, тәлім-тәрбие аларлық рухани орталықтарға баруға қадам жасайық».
Осылай деген Нескең бір күні сабақтан соң: «Жазушылар одағына барамыз», – деді. Сөйтті де екі-үш шикіөкпе бізді жанына ертіп алып, Коммунистік проспект бойындағы 105-үйге бет алды. Үлкен де еңселі ғимараттың кіреберісінде кітап сататын киоск бар екен. Ағамыз мұны бұрыннан білетін болуы керек, табалдырықтан аттаған бойда бірден соған бұрылды да әрқайсымызға екі қаламгердің туындысын нұсқай көрсетіп, соларды бір-бірден сатып алуға ишарат етті. «Сөмкелеріңе салып қойыңдар, – деді жүріп келе жатып. – Қазір осындағы «Жалын» альманағының редакциясына барғанда керек болады». Осылай деп бірінші қабаттың сол жағындағы бөлмеге сәлем бере кіріп барды. «Өтебай аға, – деді жолбасшымыз өзінің қашанғы өткір мінезіне басып. – Мен КазГУ-дің журфагының 1-курс студенті Несіпбек Айтов деген ақын ініңізбін. Жаңадан ашылған альманахқа бір топ өлеңдерімді алып келдім. Ал мына жігіттер сізге сәлем беріп, кітабыңызға қолтаңба жаздырып алуға келген Дулат, Кәрібай, Жанболат атты курстастарым». «О, бәрекелді! – деді мына сөзге жайдары үнмен тіл қатқан төрдегі кісі. – Өлеңіңді телефонмен сөйлесіп жатқан ана Жарасқанға бер. Поэзия сол әріптесіңнің еншісінде. Оқып көрсін. Ал мен оған дейін мына балалардың өтінішін орындайын. Автограф дедіңдер ме?! Қане, әкеліңдер!»
...Сөйтіп біз сол күні «Жалын» альманағы редакциясында жазушы Өтебай Қанахин мен ақын Жарасқан Әбдірашевқа барып танысып, ол ағаларымыздың 1968–1969 жылдары баспадан шыққан «Жер басып жүрсем...», «Тұлпартай-сұңқартай» кітаптарына қолтаңба жаздырып алып қайтқанымыз бар. Сөз ретіне қарай айта кетейік, бұл сапарымызды Нескеңнің іле-шала басқа басылымдарда жалғастырғаны тіпті қуанышты болды. Онда «Тау басында екеу тұр», «Әуелеп ұшқан алты қаз», «Ұйқым келмейді...», «Ардақ» секілді эсселерін «Лениншіл жас» газетінен қызыға оқып, талантына сырттай табынып жүрген Оралхан Бөкеевті алғаш рет көріп, қысыла-қымтырыла амандастық. Спорт тақырыбындағы деректі шығармаларын халқымыздың сол кездегі ары мен намысы бола білген Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айхановтың даңқты өмір жолына құра білген жазушы, «Білім және еңбек» журналының жаңа редакторы Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауында болып, қамқорлыққа толы сөздерін естідік.
Журфак бағдарламасындағы сабақтардан кейінгі бос уақыттарда артық дырдуға әуес болмай, өз мамандығымызға сай пайдалы істерге бейімделуге арналған Несіпбек ағамыздың біз сөз еткен бастамасы жоғарыдағы ұмтылыстармен шектеліп қалған жоқ. Мұнымен қатар ол кураторымыз Әбілфайыз Ыдырысовпен келісе отырып, тағы бір қызықты істі ұйымдастыруды қолға алды. Бұл аудиториямызға атақты ақын-жазушы ағаларымызды кездесуге шақырып, курстастарымызға ол талант иелерінің өмірі көп творчествосынан хабардар ететін танымдық әңгімелерге кенелтуі еді. Осындай жүздесулердің арқасында біз кездесуге келген қаламгер Әди Шәріповтің сөзінен өзінің «Партизан қызы» повесі ой-қиялдан емес, өмірден алынып жазылған шығарма екенін білдік. Кітап авторы сондағы басты кейіпкер 1941 жылы соғыс басталғанда Беларуссия орманындағы халық кекшілдері отрядында жарық дүние есігін ашқан Майя Ағаділованың 1958–1963 жылдары КазПИ-де оқып, одан соң Павлодардағы №3 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүргенін айтқанда, керемет таңғалып, таң-тамаша күй кешкенбіз. Ал атақты журналист Жекен Жұмахановпен кездескенде, ол кісі не деді дейсіздер ғой?.. Білмейді екенбіз, 1941–1945 жылдарғы от кешуде ағамыз Батыс майданындағы қазақ тілінде шығатын армиялық газетте әскери тілші болып жұмыс істепті. Сол қызмет бабындағы іссапарларда жүргенде, Невель қаласы маңындағы қорғаныста тұрған ротада пулеметші Мәншүк Мәметованы көріп, әңгімелесіп, көлемді мақала жазған. Тверь орманындағы ауыр шайқастан соң тылда ес жиып жатқан полкта Әлия Молдағұлованы жолықтырып, мазмұнды интервью алған. Ал Великие Луки түбінде... Газет тапсырмасымен қазақтың тағы бір қаһарман перзенті Ыбырайым Сүлейменовті іздеп барып, атақты мергенмен жан-жақты сұхбат құрған. Майдангер ағаның осы әңгімелерін естігенде, керемет риза болдық. Иә, жоғарыдағы сөздерден соң қарияны қалай құрметтемессің?! Қалай мақтан тұтпассың?!
Осындай мысалдар арқылы айтайық дегеніміз: жоғарыдағы жылы жүздесулердің бастамашысы Несіпбек аға еді. Сондай кездесулер арқылы ол курстастары біздерді тек оқу оқып қана қоймай, көрнекті қаламгерлерді көрсін, білсін деді және олардың әсерлі әңгімелерінен шығарма жазудағы ізденістерін тыңдап, үлгі-өнеге алса деп ойлады. Сондықтан да оның сабақ арасында Жазушылар одағына қайта-қайта барып, тұғыры биік тұлғаларды студенттер аудиторияларына ертіп әкеліп жүрген еңбегі зор. Оны біз ұмытпаймыз.
Кейіпкерімізбен университетте оқыған кезде де, одан бергі жарты ғасырға жуық жүріп-тұрған уақыттарда да ерекше деп айтарлық екінші байқаған нәрсеміз: оның айналасындағы адамдарға деген көңілінің кең, қабағының ашықтығы. Былайша айтқанда, жақсы көретін адамына құшағын айқара ашқан аңқылдақ мінезі. Өзім деген жандарға жан аямай жасайтын жақсылығы. Бұл жай, құрғақ сөз емес. Мұны өмірдегі нақты мысалдармен өре отырып баяндасақ, көз алдымызға төмендегідей жайттер келеді.
Курсымызда Құрманғазы Бексайынов деген ағамыз болды. Аға деп отырғанымыз, көбімізден бес-алты жас үлкен-тін. Ара-тұра өзінің айтқанынан ұққанымыз: Қытайда туған ол сол өңірдегі мектеп интернатта оқып жүріп, 60-жылдардың басындағы онда орын алған солақай саясатты көріп өседі. Бұл Мао билігі кезіндегі мәдени революция деп аталатын зардабы мол науқанның қолшоқпарлары – хунвейбиндердің Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдеріне жасаған өктемдігі еді. Қазақ оқығандарын күн санап көшеден ұстап әкетіп түрмеге тоғыту, елді мекендердегі халықтық дәстүрдегі өнер орындарын шаңырағын ортасына түсіріп қиратып кету, тарихи маңызы бар ескерткіштерді от қойып өртеу... Бір жылы ол мектептегі оқу маусымы аяқталған соң аудан орталығындағы интернаттан қырдағы ауылына каникулға келсе, елді ашаршылық жайлаған екен. Үйлеріндегі неше күннен бері нәр татпай, сыртқа шығуға да шамасы келмей жатқан әке-шешесінің баласына айтқан сөзі мынау болыпты: «Ауылда адамдар қырылып жатыр. Бір тілім нан таппағандықтан ісіп-кеуіп, біз де өлуге жақынбыз. Сен мұнда аялдама, қарағым. Күш-қуатыңның барында шекараға жет. Сөйтіп арғы бетке өт. Сонда ғана аман қаласың. Қайыр қош...»
Ауылдағы үйлерінен мынадай сөзді естіп, аштық аранын көзбен көрген төрт-бес жеткіншек шекарадан таудағы елсіз жер арқылы елеусіз өтіп, Зайсандағы кеңес заставасына келеді. Ондағы жергілікті өкімет орындары бұларды мектеп пансионатына орналастырып, мемлекет қамқорлығына алады. Қазір ел біле бермеуі мүмкін. Ол кезде кеудесінде сәулесі бар қазақ жастарының көрші елден бергі бетке жасырынып өтуі көп болған. Бір жақсысы, жалған ұранмен өзінен-өзі бүлініп, берекесіздікке ұшырап жатқан Қытай жоғарғыдай себеппен кеңестік Қазақстанға бассауғалап кетіп жатқан тағдыр иелерін іздемейтін. Сұрамайтын. Себебі 60-жылдардағы ашаршылықтан ол жақтағылардың біреуді біреу іздейтіндей шамалары жоқ еді. Осындай жағдайға байланысты Құрманғазы ағамыз мұндағы мектепті алаңсыз оқып бітіріп, азаматтық әскери борышын өтеу үшін Молдавияның Тирасполь қаласына аттанады. Одан қайтып келген соң сол Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы кеңшарда екі жыл еңбек етіп, КазГУ-ге оқуға келіп түседі.
Біртоға, салмақты кісі-тін. Лекциялардан қалмай, сабақты жақсы оқыды. Себебі ағамыз осылай еңбектенсе ғана студенттік өміріне ауадай қажет стипендия мен тегін жатақханаға қол жеткізетінін жақсы білетін. Университетті бітіретін жылдың көктемінде Нескеңнің аузынан Құрекеңнің Мәскеуге қызметке шақырылып жатқанын естідік. Онда курстасымыз Бүкілодақтық телерадиодағы шетелге хабар тарататын Шығыс Азия секторының Қытайға қарсы үгіт-насихат жүргізетін бюросында жұмыс істейтін болыпты. Ескерте кетейік, ол кезде бұл көрші ел мен Кеңес Одағы бір-біріне жау-тын. Эфирдегі аталмыш құрылым, міне, сол уақыттағы қалыптасқан жағдайға байланысты ұйымдастырылған шара еді. «Дұрыс қой, – деді әңгімесінің соңында Нескең. – Туыс-туғаны жоқ оның өкіметтен өзге кімі бар? Сондықтан сонда барып жұмыс істеп, мемлекет қамқорлығында жүргені жөн».
Осыдан кейін көп ұзамай біз емтихандарымызды толық тапсырып бітіп, диплом алардағы университет талабы бойынша Қырғызстанның Ош қаласындағы үш айлық әскер қатарында болған соң, Алматыдағы жаңадан орналасқан қызметімізге кіріскенбіз. Бір күні Несіпбек ағамыздың бәрімізді Алматы іргесіндегі Калинин колхозындағы үйіне аяқ астынан шақырғаны... Бардық. Шай үстіндегі әңгімеге қарағанда енді екі аптадан соң Құрекең Мәскеуге аттанбақшы екен. «Оны ол жаққа жалғыз жібермейік, – деді үй иесі. – Басқа жер. Бейтаныс қала. Бөтен адамдар. Осындай жағдайда жүріп ол орыс па, оймауыт па, әйтеуір солардың біреуіне үйленіп кетсе не болмақ? Сондықтан курстасымыздың басын құрап, Мәскеуге екеу етіп аттандырайық. Өзінен сұрап көрдім, сөйлесіп жүрген қызы бар екен. Аты – Клара. Бірақ... Үйленіп, үй боларда кім-кімге де ақыл айтатын ағайын керек емес пе? Ал ол Құрекеңде жоқ. Курстасымыз соған байланысты не істерін білмей жүр. Әңгіменің тоқетері, біз көмектесейік. Оның ең бастысы – тәуекел деп уәделескен қызын осы үйге келін етіп түсіру. Қаладағы қызметке орналасқан бәріміз жиналып, шағын той рәсімін жасау. Содан соң, көптеп көмектесіп, Мәскеуге шығарып салу».
«Жарайды! – дедік. Нәтижесінде бәрі де солай болды. Курстастарымыздың келіншектерінен жасақталған «елшілік» өкілдері мен қыз арасында «келіссөз» де жүргізілді. Нескең мен Манат жеңгей шаңырағына шашу шашылып, келін де түсірілді. Жеті-сегіз отбасының ақ ниетке толы көңіл күйімен шағын той да болды. Артынша жас жұбайлар әуежайдағы біздің қошеметімізбен қол ұстасып Мәскеуге де аттанды. Онда барған соң, олар көп ұзамай Нагатинская Набережная орамынан бір бөлмелі пәтер алып, сүйінші сұрағаны да есімізде. Кейін Жұлдыз бен Азамат атты сәбилері өмірге келгенде, Телерадио басшылығы оларға қайтадан үш бөлмелі үй бергені бар. Қызыл алаң маңайындағы Садовое кольцо көшесіндегі ол жерде Құрекең мен Клара 15 жыл тұрып, алаңсыз өмір кешті. Бірде Нескеңнен: «Олар Алматыға қайтқалы жатыр. Келген соң ерулік беруді ұмытпау керек», – деген хабарды естігенде таңғалдық. Сөйтсек, сол уақытта Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы жағдайдың жақсаруына байланысты Бүкілодақтық телерадиодағы көрші елге қарсы насихат таратып келген құрылым қызметін тоқтатыпты да оның қызметкерлерінің өз республикаларына қайтуына рұқсат беріліпті. Солардың қатарындағы Құрекең де Мәскеудегі пәтерін Алматыға ауыстырып, Қазақ радиосына жұмысқа орналасты. Сол жерден зейнетке шығып, қазір уайым-қайғысыз өмір сүруде.
Бұл оқиғаны баяндау арқылы біздің оқырмандарға айтайық дегеніміз мынау еді. Ол мақаламыздың басты кейіпкері Несіпбек ағамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – Абай дана айтқан ұлы ұғымды «болмасаң да ұқсап бақ» ұстанымымен жоғарыдағыдай ізгі істер ұшқыны арқылы мөлтек пішінде көзге елестеткен: «Бар қазақты сүйе біл, бауырым деп», – деген сақи тірлігі. Түсінікті тілмен айтқанда, төңірегіндегі ниеттес, тілектес жандарға жасаған жақсылығы, досжар адамдарға қолұшын беріп, қолтығынан демеген қамқорлығы. Жоғарыдағы осындай жайт солардың біреуі ғана. Ал олар қаншама еді десеңізші... Мәселен, университетте оқып жүргенде жатақхана ала алмаған Тұрсын Жұртбаевтың жас отбасы Нескең мен Манат жеңгейдің Ақсай және Горный гиганттағы жалдаған баспаналарында екі жыл бірге тұрып, туған інісі секілді болып кеткені... Біз Ләззат екеуміз оқу бітіріп, отау құрғанымызда өзі тұрған Калинин колхозынан үш күн табанынан таусылып жүріп үй іздескені, сөйтіп Шыныбек деген кісінің ауласынан пәтер табылған соң отын базасынан көмір түсіріп алғанымызша әр кеш сайын пешке жағуға үйінен сексеуіл арқалап әкеп беріп тұрғаны... Міне, осыларды және осылардан басқа да адамгершілік айнасы іспетті ізгі істерді сонау 1969 жылдың жазынан танысқаннан бастап, 2023 жылдың қоңыр күзіне дейін Нескеңнің қасында жүрген біз өте жақсы білеміз. Сондықтан бұларды бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай етіп өмірлік мысалдармен өре отырып айтуымыз, жазуымыз керек. Бұл – борышымыз. Міндетіміз.
Мақаламыздың соңын халқымыздың тілдік қорындағы қасиетті де қастерлі парыз деген сөзге қатысты оқиғамен аяқтағымыз келіп отыр. Иә, бұл қайырымды, жомарт, жылы жүректі жандардың бір кездегі өзіңе көрсеткен көмегін ұмытпау, қамқорлығын елге үлгі етіп айтып жүру, мүмкіндігінше өзіңнің де сондай игі, ізгі іс-әрекет жасауға ұмтылуға тырысуың керек деген ұғым ғой. Несіпбек ағамыз, міне, осыны ұмытпайтын, оны темірқазық етіп ұстанатын адамдар тобынан еді. Бұны айғақтау үшін тағы да нақты мысалға жүгінеміз. Соны дәлел ғып айта отырып, оқырмандардан төмендегі оқиғаларға назар аударуды өтінеміз. Мәселен, тегеурінді талант Төлеубек Жақыпбайұлы. Тағдыры трагедияға толы осы қаламгер алдындағы парыз бен қарызды өтеуде Несіпбек ағамыздың атқарған еңбегі... Міне, соны қысқа да нұсқа етіп баяндап айтсақ, сонда бәрі де түсінікті болмақ.
Ол бұл ағасымен 1965 жылдың күзінде танысыпты. Онда Нескең Шұбартау өңірінің Баршатас ауылындағы орта мектептің жетінші сынып оқушысы екен. Өлеңге әуестеніп, аудандық газетке барғыштап жүрген шағы. Сонда жеткіншек бұған редакцияда бөлім меңгерушісі боп істейтін келбетті де кесек мінезді жігіт ағасының көзі түсіп, бауырына тартады. Ол кісі содан төрт-бес жыл өткен соң Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Қыран туралы хикая» атты кітабы шығып, сол алғашқы көркем шығармасымен-ақ елді елең еткізген Төлеубек Жақыпбайұлы атты дарын иесі еді. Нескеңнің айтуынша, бұл рухани ағасы сонау 30-жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келеді. Балалық шағында ата-анасының еренсіздігімен мектепке көпке дейін бармай, 12–13 жасында ғана Шәуешектегі гимназия есігін ашады. Соған қарамастан, өзінің зеректігі арқасында бастауыш сыныптарды жарты жыл сайын аттап өтіп, он жылдық білім ұясын өте жақсы бағамен бітіреді. Сол өлкедегі «Тарбағатай», «Шыңжаң» газет-журналдарында жұмыс істеп, қандастарымыздың 50-жылдардың ортасындағы алғашқы көшімен кеңестік Қазақстанға оралады. КазГУ-ге оқуға түскен студенттік жылдар Төлеубек Жақыпбайұлының ең бір бақытты шағы болыпты. Бұл кезеңде дарынды жас бірнеше әннің иесі атанып, әңгімелері «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жариялануы арқасында Алматыдағы әдеби ортаның назарын өзіне аудара бастайды. Бірақ осы уақытта ол өзі жан-тәнімен сүйген, үйленеміз деп сөз байласқан шетел тілдері институтындағы ғашық қызы уәдесінде тұрмай, басқа жігітке тұрмысқа шығып кетеді де, өмірдің алғашқы ауыр соққысына ұшырайды. Студент Төлеубектің сөзін де, сазын да өзі жазып шығарған жұртшылыққа белгілі «Жас қалам» атты мұңлы әні, міне, сол кезде туған еді. Университетті бітірер кездегі тағдырдың осы қиындығы жанына қатты батқан намысқой жігіт дипломын қолына алғаннан кейін Алматыда қалуды жөн көрмей, Семей облысына аттанады. Сөйтеді де ондағы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетіне келіп жұмысқа орналасады. Бала Несіпбектің 1965 жылы өзіне тәлімгер, ұстаз, рухани аға болған қаламгермен танысуы сол редакцияда бастау алады.
Осы арада уақыттан сәл оза отырып баяндайық, біз КазГУ-ге оқуға түскен 1969 жылы Төлеубек Жақыпбайұлының жоғарыда айтып өткен «Қыран туралы хикая» кітабы жарыққа шығып, алыс ауданда тұратын жас жазушының атағы Алматыда дүрілдеп тұрды. Өйткені бұл әңгімелер жинағындағы «Қансонарда», «Асан ата», «Лашын», «Жеңешем» деген көркем туындылары тіл байлығымен, қызықты сюжет және шығармаларындағы формалық ізденістерімен әдебиет сүйер қауымды ерекше тәнті еткен еді. Қаламгердің жазған дүниелеріне сырттай табынып жүрген күндердің бірінде біз ол кісіні ойда-жоқта көрдік те. Бұл 1970 жылдың көктемінде Несіпбек ағамыздың Горный гиганттағы Гвардейская көшесінен жалдаған пәтеріндегі кездесіп, жүздесуіміз еді. Қызығы сол, ол үйдің ауласы өте тыныш әрі кең-тін. Емтихан жақындағанда жатақханадағы у-шудан қашқан екі-үш жігіт сонда барып, сабаққа дайындалуды жақсы көретінбіз. Бір күні сондай оймен аталмыш көшедегі 12-үйге жетіп, қақпадан ішке кірсек, жаздыгүні шай ішетін ағаш көлеңкесі астына төселген текеметте бір бейтаныс кісі малдас құрып отыр. «Балалар! Мына қонақ жазушы Төлеубек Жақыпбайұлы деген ағаларың болады, – деп таныстырды ол адамды Нескең. – Мені әдебиетке баулып, тырнақалды өлеңдерімді аудандық газетке алғаш рет жарыққа шығаруға жәрдемдескен жан. Шұбартаудан келді. Еңбек демалысын пайдаланып, жаңа кітабының қолжазбасын «Жазушы» баспасына өткізу ойында бар». «О-о-о!» – дедік біз мына сөзге. Сөйттік те шұрқырай амандасып, бұл кісіні студенттер қауымының сырттай жақсы білетінін айтып, көңілін көтеріп тастадық.
Сол көктемде, одан кейін де тағдырлы талантты Несіпбек ағаның үйінен жиі көріп жүрдік. Тағдырлы дейтініміз, 1971 жылы қаламгер Алматыға көшіп келіп қатты қиналды. Газет-журналдардан орын табылмады. Баспаға тапсырған кітабы шықпай, үйсіз-күйсіз жүрді. Шұбартаудан көшіріп әкелген бала-шағасы қаладан қашық Талғар ауданының шеткері елді мекенінде орын тепкендіктен, таңертең Алматыға келіп жұмыс іздеген ол кісі кешке отбасына жете алмай, көбінесе Нескеңнің әкесі Тұрысбек ақсақалдың қала іргесіне жақын Калинин колхозындағы үйін паналайтын. Өстіп жүріп есіл азамат 1977 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Осы қайғылы оқиғадан кейін Нескеңе қатты бір ой түскенін біз жақсы білеміз. Ол еңбегі еш, тұзы сор болған трагедиялы тұлғаның алдындағы адамгершілік парызды өтеу қажеттілігі еді. Осыған белін бекем буып кіріскен ағамыз бұл бағыттағы жұмысын бірінші кезекте жатпай-тұрмай Төлеубек Жақыпбайұлының көзі тірі кезіндегі газет-журналдарға жарыққа шыққан әңгімелері мен әдеби шығармаларға жазған рецензияларын, сондай-ақ әріптестерінің оның туындыларына әр жылдары білдірген лебіздерін жинаудан бастады. Мұнымен қатар марқұмның шығармашылық мұрасы туралы комиссия құруға мұрындық болды. Ол мына жағдайға байланысты еді. Есіл азамат қайтыс болғанда, барлық жазған-сызғаны салынған қоңыр чемоданы Нескеңнің үйінде қалыпты. Соны ашып көріп, не бар екенін тізімге алу үшін ағамыз Алматының «Қазақфильм» шағын ауданындағы үйіне марқұмды жақсы білетін Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов және Құрманбай Толыбаев пен жазушының отбасы мүшелерін шақырып ақылдасады. Ол кезде Төлеубек Жақыпбайұлының зайыбы Қамаргүл жеңгейдің әлі үй-күйі жоқ, көшіп-қонып жүрген уақыты еді. Балалары Маздап пен Назым кішкентай-тын. Жиналған жанашырлар ақылдаса келе, марқұмның мұрасына әлі де Нескең ие бола тұрсын деп чемоданды қайта аманаттайды. Арада біраз жылдар өткен соң, жағдайы сәл-пәл түзелген Қамаргүл жеңгей ағамызға бір кітапқа жететін қаржы тапқанын айтқанда, бұған қатты қуанған Нескең қоңыр чемодандағы жарты қолжазбаны шұғыл дайындап, жазушының отбасына жібереді. Ол баспадан аз ғана тиражбен бір том болып шығады. Осы кезде Несіпбек ағамыз да рухани ұстазының қалған еңбегін оқырмандарға қалай жеткізсем деп тыным таппай жүрген уақыты еді. Бұл түйінді Жәнібек Елекбаев деген азамат шешеді. Ұзақ жылдар Мәскеудегі қазақ диаспорасын басқарған, ұлт мәдениетіне қатысты көптеген құндылықтарды қаржы жағынан қолдап, Арқадағы жау қолынан қаза тапқан шанышқылы Бердіғожа батырдың кесенесін тұрғызуға атсалысқан меценат ол Астанадағы Нескеңмен болған бір кездесуінде тағдырлы талант мұрасын қолдауға уәде етеді. Сөйтеді де, ұстазы Төлеубек Жақыпбайұлының қоңыр чемоданда қалған барлық туындыларын 2015 жылы 30 баспа табақ көлемінде дайындап, «Фолиант» баспасынан «Қыран» деген атпен жарыққа шығаруға қол жеткізеді.
Кейіпкеріміздің ағалар алдындағы парызға адалдығы дегенде ойымызға тағы бір оқиға оралады. Ол оның өмірі күрмеуі көп күрделі жайттарға толы ақын Шәкір Әбенұлына деген ілтипаты мен құрметі дер едік. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Шәкеңнің бұл өмірде көрмегені жоқ десек артық айтқандық емес. 1928 жылғы тәркілеу мен 1932 жылғы ашаршылыққа қарсы шығарған өлеңдері үшін Шыңғыстаудан Алатауға қуылады. Мұнда өзінің еті тірілігінің арқасында Алматыдағы атақты ақын-жазушылармен танысып, Сәкеннің атшысы, Жамбылдың хатшысы болады. Халық мұраларын жинау орталығының жазғы экспедициясына қатысып, Дулат, Жанақ, Түбек, Сабырбай, Байкөкше ақындардың өлең-жырларын жинастырады. 1942 жылы майданға аттанады. Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып елге оралғанда үстінен арыз түсіп, «байдың тұқымы, болыстың баласы» деген жаламен Сібірдегі Александровск түрмесіне айдалады. Қорлық пен зорлықтан тек 1955 жылы ғана құтылады. Шәкір ақынның сол кезде бір ғана арманы болды дейді білетіндер. Ол елдің шеті мен желдің өтінде жүріп, әр жылдары жазған өлең дастандарын жинап, жеке кітап етіп шығару еді. Бұл мәселеде оған ешкім қол ұшын бермеді, көмектеспеді деп айтуға болмайды. Жанашырлық танытып, жәрдемдескен адамдар болды. Олар Сапар Байжанов, Әзілхан Нұршайықов сияқты қаламгерлер еді. Соның нәтижесінде 60–70-жылдары «Таңшебер мен Жапал», «Кейпін батыр» атты өлеңдер мен толғаулары баспадан жеке кітап болып жарық көрді. Десек те, 80-жылдары Шәкір ақын тағы да ел назарынан тыс қала бастады. Міне, сол кезде, жанында жергілікті ақын Төлеген Жанғалиевтан өзге қара тартарлық ешкім қалмаған ол кісіге Несіпбек аға қол созған еді. Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші болып істейтін кейіпкеріміз қарияның «Дастандар» атты қолжазбасын «Жазушы» баспасына апарып беріп, перспектикалық жоспарға енгізуге мұрындық болды. Ойлап қараса, ақынның 50, 60, 70, 80 жылдық мерейтойлары ешқашан аталып өтпеген екен. Осыны жазушы Қалихан Ысқақовқа айтып, «Қазақ әдебиетіне» мақала жазуға қолқа салды. Мұнымен қатар Шәкеңнің жарияланбаған өлеңдерін газет-журналдарға апарып беріп, жарық көруіне жанашырлық танытты. Тіпті қарт ақынды мүшәйраға да қатыстырған кездері болды. Сондағы бір қызық оқиғаны курстас досымыз Сәулебек Жәмпенов әлі күнге дейін ұмытпай айтып келеді.
«Ол кезде Несіпбек, Дәуітәлі және мен «Қазақфильм» шағын ауданында тұратынбыз, – дейді Сәукең. – Бір күні Несіпбектің үйіне шақырғаны... Заулап отырып шауып бардым. Есіктен кіре бере байқағаным, оның қолындағы конверт болды. «Мынаның іші толған ақша, – деді маған күле қарап. – Соны екеуміз таусылғанша ішеміз. Қыдырамыз.» Мәселенің мәнісі былай екен. Жазушылар одағында мүшәйра өтіп, оған бұл Шәкір атасының бір топ өлеңін қоса салмай ма. Сөйтсе, онысы жүлделі орын алып шыға келіпті. «Осылай да осылай. Адресіңізді беріңіз, салып жіберейін, – десе қария. – Соның қызығын өздерің көре беріңдер», – деген мәрттік мінез танытып, батасын берген ғой. Содан екеуміз «мүшәйра жуу фестивалін» бастап кеп жіберейік. Ол қыдыру, ол той-думан мен серуен бірнеше күнге, конверттегі ақша түгесілгенше созылды».
* * *
...Ақын Несіпбек Айтов!.. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров секілді поэзия әлеміне дүрілдеп келіп, дүркіреп өткен нөсер секілді ақпа-төкпе тума талант еді ол. Осы мақаламызды жазарда құрметті оқырман, біздің көптеген ақпарат көздерін асықпай қарап, кейбіреуімен қайта танысуымызға тұра келді. Олар: Нескеңнің 1974 жылы жарық көрген «Қозыкөш» атты тұңғыш кітабынан бастап, 2022 жылға дейін «Жазушы», «Жалын», «Елорда», «Фолиант» баспаларынан шыққан 20-ға жуық кітабына жазылған рецензиялар, аударма саласындағы Шығыс жұлдызы Әлішер Науаидың «Хамсасы» мен орыстың «Игорь жасағы туралы жыр» туралы туындысын қалай, қай деңгейде тәржімелеп шықты деп пікір білдірген әдебиетіміздің аға буын өкілдерінің еңбектері және оның өзі туралы жазылған «Бозала таңның бозторғайы» ұжымдық жинағындағы авторлар мақалалары. Мұндағы айтайық дегеніміз: соларда көбіне, тіпті тұтастай десе де болады, біздің кейіпкеріміз туындыларының тақырыбы, тілі, шығармаларындағы ерекшеліктер айтылғандығы. Жан-жақты талданып жазылғандығы. Ал ақынның адами болмысы... Біз, міне, осы саланы қаузап, игеруді жөн көрдік. Соған күш салдық. Өйткені бұл тақырыпты да біреу көтеріп, жазуы керек қой... Мақсат – өзгеге ұқсамауға тырысу. Бұрынғыларды қайталамауға ұмтылу. Ал алға қойған бұл міндетіміз қалай орындалып, жүзеге асты, оны өздеріңіз оқып көресіздер ғой деп ойлаймыз.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері