Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Жанды ауыртатын қар ұлпалары мен тербелген шам

Хан Канг
Фото: ашық дереккөз

(Оңтүстік Кореядағы дағдарыс туралы Нобель сыйлығының иегері Хан Кангтың The Guardian сайтына берген сұхбаты) Автор: Лиза Аллардайс

Сеул көшелерінде наразылықтар күшейіп тұрған шақта, әлемге әйгілі жазушы Хан Канг өз елінің қатыгездікке бой алдырған, өткенін ашып көрсету процесінің қаншалықты ауыр болғанын және Нобель сыйлығын алу сәтіндегі сезімін The Guardian журналының тілшісі Лиза Аллардайсқа Zoom арқылы берген сұхбатында әңгімелеп берді.

Өткен жылдың 10 қазанында жазушы әрі ақын Хан Канг Сеулдегі үйінде 24 жастағы ұлымен кешкі ас ішіп отырған. Олар қандай шай ішетінін талқылап отырды: жалбыз ба, жидек пе, мүмкін түймедақ. Дәл сол сәтте телефон шыр етті. Арғы жақта Стокгольмдегі Швед академиясы Хан Кангқа әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын табыстағанын хабарлады. Алғашқы ойы – бұл өң бе, әлде түс пе дегендей, жаңалықтарды тексерген. Ақпарат расталып, ол Нобель сыйлығын алған алғашқы кәріс жазушысы атанды.

54 жастағы Хан Канг – салыстырмалы түрде Нобель тарихындағы ең жас лауреаттардың бірі. Телефоны хабарламалардан «отқа оранғандай» дызылдап кеткені сонша, тіпті ата-анасына да қоңырау шала алмаған. Ақыры дыбысын өшіріп, ұлымен қайтадан «шай таңдау» әңгімесіне оралады. Екеуі түймедақты таңдады.

«Алдымен сабырға келу керек деп ойладым», – дейді ол Сеулден бейне-қоңырау арқылы күліп. «Бұл өте, өте тыныш кеш еді».

Алайда елдің басқа бөлігінде жағдай мұншалықты тыныш болған жоқ. Оңтүстік Кореяны нағыз «Хан Канг қызбасы» шарпыды: жаңалықты атап өту үшін үкімет отырыстары тоқтатылды, оның кітаптарына сұраныс күрт артқандығы сонша, баспаханалар жеткізіп үлгермей жатты. Қолдағы нұсқалардың бағасы аспандап, әлеуметтік желілерде жазушының шығармаларын қолмен көшіріп жариялау трендке айналды. Хан Канг аяқ астынан тап болған мұндай ұлттық қаһарман мәртебесіне дайын болмағанын айтады. «Жазушыға шамадан тыс назар онша пайдалы емес. «Жазу үшін біраз беймәлімдік қажет. Көшеде еркін серуендей алу керек. Ең бастысы – ішкі тыныштық», – дейді ол өзіне тән мұқият ағылшыншасымен.

Қалың, сұр түсті жемпір киген, маңдайына көмескі күмістей бір тал шаш төгілген Хан Канг 5 000 шақырым алыста отырса да, сабырлы әсер қалдырады. Сеулде күн әлдеқашан ұясына қонған, дәстүрлі корей үйінің ағаш шатырлары күн сәулесіндей жылы әсер сыйлайды. Хан Канг қазір ұлымен бірге тұрады. Бұрынғы күйеуі, әдебиет сыншысы әрі профессор Хон Хюн Лимен ол көп жыл бұрын ажырасқан. Оның Zoom бейнесінің артқы фоны жазушы өміріне тән әдеттегі белгілерден ада: кітап сөрелері де, суреттер де жоқ.

Хан Канг
Фото: ашық дереккөз

2018 жылы Сеул өнер институтындағы креативті жазу пәнінен сабақ беруді тоқтатқан соң, Хан ұлы екеуі қала орталығындағы тар көшеден Onulbooks атты шағын (шамамен 10 шаршы метр) кітап дүкенін ашқан. (Нобель сыйлығы жарияланған соң, дүкен алдына жанкүйерлері қаптап кеткен екен). Бұл іс көп табыс әкелмесе де, Хан Канг кітаптарды мұқият таңдап, әрқайсысына өз қолымен шағын ұсыныстар жазып қоюды ұнатқан. «Тіпті таңертең дүкеннің шамын жағып, кешке өзім өшіргеннің өзі бір ғанибет». «Бұл біраз уақыт құпия еді, бірақ өткен күзден бері бәріне мәлім болды», – деді күлімсіреп.

Қазір ол дүкенді күнделікті басқару ісін менеджеріне тапсырған. Мұндай жұмсақ әрі сабырлы дауыс иесі осыншалық ауыр, адам жанын түршіктіретін шығармалардың авторы дегенге сену қиын. «Менің барлық романдарым – адам қатыгездігі тақырыбының түрлі нұсқалары», – деп айтқан еді ол бір сұхбатында. Оңтүстік Кореяның қанды ХХ ғасырын ең дәл және сезімтал сипаттаған жазушы ретінде Хан Канг бүгінде елінің ар-ожданы мен ішкі дауысы іспетті тұлғаға айналды. Ол демократия жолындағы күресте Корея халқының ең қараңғы кезеңдерін жарыққа шығарды. 2016 жылы жарық көрген Human Acts («Адам әрекеттері») романы – 1980 жылдың мамырында Хан Кангтың туған қаласы Кванджуда болған студенттер көтерілісінің жантүршігерлік шежіресі. Авторитарлық билікке қарсы шыққан бейбіт шерулер он күнге созылып, шамамен екі мың адам (негізінен бейбіт тұрғындар) әскери күштердің қолынан оққа ұшты, ұрып-соғылды және азапталды. Жазушының жаңа романы We Do Not Part («Біз айырылмаймыз») – одан да ілгері тарихи қасіретке, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Чеджу аралында әскери заң енгізілгеннен соң басталған халық көтерілісіне арналады.

Сол кезде шамамен 300 000 (бірақ интернетте 30 000 адам деп қате жазылған) адам қырғынға ұшыраған. Бұл екі қырғын да ұзақ жылдар бойы үкімет пен оңшыл топтар тарапынан жоққа шығарылып, бұрмаланып келген. Хан Кангтың шығармалары осы ұлттық жараларды сөйлетеді, алайда олардың әсері ұлттық шеңберден әлдеқайда кең – олар әмбебап. «Адамзат деген не?» деп сұрайды ол Human Acts романында. «Біз адамдық қасиетті өз күйінде сақтау үшін не істеуіміз керек?». Оның туындылары тек тарихи куәлік емес, сонымен бірге терең эмпатияның актісі. Алғашқы кітабы жарық көргеніне отыз жыл толған уақытта Хан Канг өз эсселерінің бірінде былай деп жазған еді: «Мен жабайылық пен адамдық қадір-қасиет арасындағы терең ордың үстінен өтетін көпір іздеп келемін». Оның прозасындағы кішкентай ғажайыптың бірі – қатыгездік пен азаптың нәзіктік пен сұлулықпен қатар өмір сүруінде. Қорқыныш пен шабыт оның беттерінде бір-біріне сіңісіп кетеді. Ол сөйлегенде де дәл жазғанындай — поэтикалық әрі үнемді тілмен сөйлейді: «Адамзат табиғаты өте кең ауқымды нәрсе. Оның ішінде сүйіспеншілік те бар, асқақтық та бар, нәзіктік те бар», – дейді жазушы. Оның ең танымал болған шығармасы – The Vegetarian («Вегетарианка») – ағылшын тіліне аударылған алғашқы романы. Бұл еттен бас тартып, өзін ағашқа айналып бара жатырмын деп сенетін әйел жайлы сюрреалистік, феминистік астарлы хикая. 2007 жылы Оңтүстік Кореяда жарық көргенде, сыншылар оны «шектен шыққан әрі оғаш» деп қабылдаған. Расында, ол шектен шыққан және оғаш – бірақ тамаша. Бұл роман арқылы ол халықаралық деңгейде мойындалды әрі адал оқырмандары көбейді: 2016 жылы Хан Канг Халықаралық Буккер (International Booker Prize) сыйлығын жеңіп алды. Сол жылы Human Acts жарық көріп, артынан әпкесінің өліміне арналған прозалық поэма – The White Book («Ақ кітап») басылып шықты. Кейін ол Greek Lessons («Грек сабақтары») атты әсерлі роман жазды. Онда көзі көрмей бара жатқан мұғалім мен сөйлеу қабілетін жоғалтқан әйелдің тағдыры баяндалады. Ал қазір жазушы Human Acts-тегі саяси зорлық тақырыбына қайта оралып, оны өз сөзімен айтқанда, «сол кітаптың сыңары» ретінде жаңа роман жазды. «Ата-анам мені мұндай шындықтан қорғағысы келді, бірақ менде сұрақ көп еді: адамдар мұндайды қалай жасай алады?», – дейді Хан Канг.

1
Фото: ашық дереккөз

We Do Not Part романы 1948 жылдың сұмдық қысы туралы. Сол кезде Чеджу аралының тұрғындарының оннан бірі небәрі үш ай ішінде қаза тапқан. Бұл шығарма – қырғын мен саясат жайлы ғана емес, сонымен бірге достықпенаналықмейірім туралы әсерлі әңгіме. Басты кейіпкер – Кенға, Сеулде тұратын жазушы (автормен әдейі параллель жасалған). Оның досы Инсон –бұрынғы кинорежиссер, қазір жалғыз өмір сүретін ағаш шебері. Кездейсоқ жарақат алып, ауруханаға түскен соң, Инсон Кенғадан өз сүйікті құсын құтқарып әкелуді өтінеді. Сол құсты іздеп, боранды түнде жолға шыққан Кенға бірте-бірте Инсонның анасының қасіретті тағдырын және аралдың жасырылған тарихын ашады. Қасіретке толы оқиғаларына қарамастан, We Do Not Part романының тұтас болмысы тыныш, тіпті түс секілді әсер қалдырады – бәрін қар басып қалған ба дерсіз.

«Иә, бұл шығарма ауыр әрі жанды ауыртатын тақырыптарды қозғайды», – дейді Хан Канг. «Бірақ мен оны бейнелеу үшін өте нәзік, жеңіл нәрселерді қолданғым келді: қар ұлпалары, тербелген шам жарығы, қабырғадағы көлеңкелер, құс пен қауырсын секілді». Екі ұлдың ортасында, ортаншы бала болған Хан Канг Кванджу қаласында кітап пен мұңға толы үйде өседі. Әкесі өмір бойы әдебиет жолында күрескен жазушы еді. Балалық шағы екі үлкен көлеңкенің астында өтті: алдымен – асүй еденінде шала туған күйінде жарық дүниеге келіп, шетінеп кеткен әпкесінің қазасы. «Мен сол өлімнің орнында дүниеге келіп, сол жерде өстім», – деп жазады ол The White Book шығармасында. Ал он жылдан кейін оның балалық әлемін екінші бір қасірет – Кванджу қырғыны басып қалды. 1980 жылдың қаңтарында, яғни, көтеріліске төрт ай қалғанда, тоғыз жасар Ханның әкесі оқытушылық қызметін тастап, отбасымен Сеулге қоныс аударады. Үш жылдан соң, он екі жасында, Хан кітап сөресінің бір түкпірінен қате қойылған бір фотоальбомды тауып алады. Оның ішінде шетелдік журналистер түсірген Кванджу қырғынының суреттері бар еді.

«Ата-анам мені ондай нәрседен қорғағысы келді, бірақ менде сұрақ көп еді. Адамдар мұндайды қалай жасай алады?» «Маған орманның күн сайынғы көзге ілінбес өзгерістерін сезіну ұнайды», – дейді Хан Канг. Жас студенттердің жараланып, азап шеккен суреттері арасынан ол бір фотосуретті ерекше есінде сақтаған: жаралыларға қан тапсыру үшін кезекке тұрған қала тұрғындарының бейнесі. «Дәл сол сәт мені адамзат табиғатының өзара сыйыспайтын екі шындығымен бетпе-бет әкелді», – дейді жазушы. Бұл менің бүкіл шығармашылығымның бастауындағы жара. «Балалық шағымнан бастап адам қатыгездігі жанымды ауыртатын. Ал денеңде жара болса, сен оны қайта-қайта байқап, сезіп, тіпті түртіп көргің келеді ғой», – дейді ол, өз білегін баяу сипай отырып. Хан Канг үшін жазу – азаптың өзі. «Мен жазғанда өз денемді қолданамын», – деген ол Нобель дәрісінде. We Do Not Part романының алғашқы бөлімінде оның кейіпкері, жазушының ішкі бейнесі саналатын Кенға былай деп толғанады: «Жаппай қырғын мен азаптау туралы жазуға бел буған мен қалайша аңғалдықпен, тіпті бетпақтықпен осының азабынан тез құтыламын деп үміттене алдым екен».

1
Фото: ашық дереккөз

Кенға секілді, Хан Канг та жаза алмайтын, ұйықтай алмайтын, ас ішуден қалған, басы мен іші қатты ауыратын кездерді бастан өткерген. Ол бала кезінен бері миды қыспаққа алатын мигрень дертімен күресіп келеді. Human Acts романын жазу кезінде де ол рухани және тәндік азаптың шегіне жеткенін еске алады. «Мен тірі қалғандар мен аза тұтқандардың жарасын қиялым арқылы бөлісуім керек деп сезіндім». «Мен оларға тәнімді де, сезімімді де «қарызға бердім». Ал бұл сөзсіз ауырпалық әкеледі», – дейді жазушы. Хан Канг өзінің осы дертін – жазушы болуға қажетті көзқарас пен кішіпейілдіктің бастауы деп санайды. «Адам – өте әлсіз жаратылыс», – дейді ол. Бақытына қарай, пандемия кезінде кофеиннен толық бас тартқалы бері оның бас ауруы айтарлықтай азайған. Бұдан бірнеше жыл бұрын, The Vegetarian романын жазу кезінде, жазушының буындары сырқырап, пернетақтада теру мүмкін болмай қалған. Ол романның алғашқы екі бөлігін қолмен жазып, соңғысын екі қаламды бір уақытта ұстап отырып әріптеп терген. Біраз уақыттан соң қолы қалпына келсе де, Хан Канг қайтадан жаза алмай қалам ба деп қатты қорыққан. Human Acts жарық көргеннен кейін ол күтпеген жайтқа тап болды. Көптеген оқырман романнан кейін нақты физикалық ауырсыну сезінгенін айтқан. Бұл жазушыны ойландырды. «Бір күні өзіме: бәлкім, біз зорлық пен адам қатыгездігінің айғақтарын көргенде бірге қиналамыз, себебі бұл сүйіспеншіліктен шығар деп ойладым», – дейді ол. «Міне, дәл сол ой – We Do Not Part романының бастауы болды». Хан Канг алғаш рет Чеджу аралындағы көтеріліс туралы жиырма жасында естіген. Ол кезде жазушылыққа біржола ден қою үшін журналистік жұмысынан кетіп, аралдан шағын студия жалдап тұрған еді. Бір күні ол жасы келген пәтер иесіне ауыр сәлемдемені поштаға апаруға көмектесіп жатқан. Кенет әлгі әйел тоқтап, қабырғаны нұсқап: «Міне, осы жерде көптеген арал тұрғындары атылған», – деді. Бұл оқиға жас Ханның есінде мәңгі сақталыпты. 2018 жылы жазушы Чеджуға қайта оралып, екі жыл бойы Сеул мен аралдың арасында қатынап тұрған. Теңіз жағалауы мен ормандарды аралап, Чеджудың ауа райын сезіне жүріп, ол жаңа романының оқиғасына барған сайын жақындай түскенін айтады. «Мен олардың – даусыз, үнсіз қалған отбасылардың сезімін сезе алдым», – дейді ол.

Human Acts романындағыдай, Хан Канг тағы да тарихи құжаттар мен тірі куәгерлердің естеліктерін жинай бастаған. Бұл жолғы зерттеу жұмысы тек Кореямен шектелмей, Аушвиц, Босния, Нанкин, үндістер қырғыны секілді адамзат тарихындағы ең қанды беттерге дейін созылған. «Осы екі кітапты жазу кезінде мен олардың барлығын ортақ бір нәрсе байланыстырып тұрғанын ұқтым», – дейді ол. «Бұл адамзат тарихында қайталанып келген зорлық пен қатыгездік». We Do Not Part – оның алғашқы романы, ағылшын тіліне Дебора Смиттен өзге аудармашы қолымен аударылған шығарма. Смиттің Хан Канг шығармашылығына деген ыстық ықыласы жазушыны ағылшынтілді әлемге танытқан болатын. Олар 2016 жылы The Vegetarian романы үшін Халықаралық Букер сыйлығын бірге алған еді.

Алайда осы марапаттан кейін аударма төңірегінде дау туып, Смит «мағынаны бұрмалау» мен «еркіндік шегінен асу» айыптарына ұшыраған. Кей сыншылар бұл нұсқаны «мүлде басқа кітап» деп бағалады. Смит кейінірек Нобель марапатынан соң жазған эссесінде: «Бұл жеке басыма тиген өте ауыр жағдай, ал сырт көзге көрінбейтін жайттар одан да сорақы», – деп еске алған. Ал Хан Канг бұл сынға араша түсіп: «Айыптаулар шындыққа жанаспайды. Кейбір адамдар аудармашының қателігі мен шығармашылық еркіндігін шатастырып жіберді», – дейді. 2018 жылы The Vegetarian романының түзетілген нұсқасы жарық көріп, онда 67 өзгеріс енгізілген. Қазір Дебора Смит аударма тәжірибесі жайлы мемуар жазып жатыр, ал Хан Кангтың жаңа кітабын Эмили Яе Вон мен Пейдж Аниях Моррис аударған.

Нобель дәрісін оқуға Стокгольмге ұшардан екі күн бұрын, Оңтүстік Корея тағы да дүр сілкінді. 3 желтоқсанда сағат 23:00-де президент Юн Сок Ель елге әскери жағдай енгізді. Бұл шешім ұзаққа бармағанымен, ел бойынша наразылық күшейіп, Юн уақытша қызметінен шеттетілді. «Бұл маған бірден Гванджу қырғынын еске түсірді», – дейді Хан Канг.

«Бұл өте үрейлі болды. Ешкім мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқ. Не боларын болжау қиын еді». (Біз сөйлескеннен кейін президент Юн ұзаққа созылған қарсыласудан соң ақыры тұтқындалды). 1980 жылғы қанды оқиғамен үндескен бұл жағдайға қарамастан, бүгінгі цифрлық дәуір сол кездегідей шындықты жасыруға мүмкіндік бермейді. «Ол кезде еркін баспасөз де, интернет те жоқ еді». Қазір әркімнің қолында телефон бар. Олар шам ұстап, бірге ән айтады. Бұл жүректі тебірентер көрініс», – деді жазушы.

«Күдер үзгім келмейді», – деп аяқтады сөзін Хан Канг.

Нобель сыйлығының иегері ретінде қоғам алдында өзіңізге бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік сезінесіз бе? — деген сұрағыма: «Мен тек жазушымын», – деп жауап береді ол сабырлы дауыспен. «Бұл сыйлық менің шығармашылығыма әсер етпеуі керек. Мен тек кітап жазуды жалғастыра беремін. Бұл туралы көп ойлауға құлқым жоқ. Қазір мен 54-темін, демек, жазуға әлі де уақытым жеткілікті деп үміттенемін».

Кадзуо Ишигуро бір кездері әзілдеп: «Жазушылар Нобель сыйлығын алпыста, отызында жазған шығармалары үшін алады», – деп еді (Ол Нобельді 62 жасында алған.) Ал Хан Канг, керісінше, жазушының ең өнімді кезеңі елу жастың маңы деп есептейді. Қазір ол тағы бір «қысқы триптихының» үшінші бөлігін жазып жатыр. The White Book кітабының жұбы іспетті, қазіргі Сеул өміріне арналған «өте оғаш үш оқиғадан» тұратын шығарма.

Жазу үстінде Хан Канг өте тәртіпті өмір сүреді: ерте ұйықтап, таңмен таласа жазуға отырады. Сосын серуендеуге шығып, өз ауданының сүйікті көшелері мен шағын таулы соқпақтарымен сейіл құрады. «Маған орманның күн сайынғы ұсақ өзгерістерін сезіну ұнайды», – дейді ол. Қазір Сеулде түн болып қалған еді, сондықтан оның күн тәртібін бұзғым келмеді. Біз қоштасар сәтте ол былай деді: «We Do Not Part романының ең басты тақырыбы – зорлық емес, махаббат. Иә, мен қырғын мен азғындық туралы жаздым, бірақ менің шын жазғым келгені махаббат еді. Уақыт өткен сайын, жасым ұлғайған сайын, мен жарыққа қарай жылжып бара жатқанымды сеземін».

Ағылшын тілінен аударған

Жантас Еркінұлы

Тегтер: