Жаңғыруда ма, қаңғыру ма?
2017жылдың 12 сәуірінде экс-президентН.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көріп, соның негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалыптасты.
Осыған сәйкес, өңірлерде рухани жаңғыруды жүзеге асыратын кеңсе, ЖШС ашылуға бұйрық шығып, жұмыс жүргізіле бастады. Бұл бағдарламаға биыл төрт жыл толды. Алайда төрт жылдың ішінде Түркістан облысында аталмыш бағдарламаны заңды түрде жүзеге асыратын мекеме тек жақында ғана құрылды. Нақты айтқанда, құжаттары ағымдағы жылдың қаңтар айында бекітілді, бірақ мекеме әлі күнге өз жұмысын бастаған жоқ. Ал 2017-19 жылдар аралығында кеңсе тек ауызша түрде ғана жұмыс атқарып келді. Неге тек ауызша десеңіз, құжат жүзінде құрылған кеңсе болмаған, тек жан-жақтан салалық мамандар арқылы ғана жұмыс жүргізілген.
2019 жылдың шілде айында Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесі «Turkistan Media Holding» ЖШС құрамындағы «Рухани жаңғыру» бөлімі болып құрылған. Бөлім үш штатпен жұмыс жүргізген және бөлімде екі салалық маман қызмет атқарған. Ол үш штаттың өзі өткен жылдың тамыз айында екі штат санына қысқартылған. Қандай себептермен қысқартылғаны жайлы нақты дерек жоқ. Өйткені «Turkistan Media Holding» ЖШС басшысының да, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының да бұл сауалға жауабы жоқ. Республика көлемінде Түркістан облысы халық саны жағынан көш бастайтын аумақтар қатарында. Бірақ халық көп шоғырланған аймаққа жатқанымен, бұл өңірге тек екі штат қана бұйырған екен. Республиканың өзге өңірлерінде бағдарламаны жүзеге асыратын мекемелерде, мысалы Алматыда – 25, Шымкентте 12 штат бөлінген. Дәл қазіргі уақытта Түркістандағы екі штаттың тек бір штаты ғана қалды. Оның өзі бөлім басшысы лауазымы. Бөлім бар, бірақ маманы жоқ мекемеде осылай жұмыс атқарыла береді. Себебі ешқандай тексеру жүрмейтін сиқырлы ЖШС жұмыс жасауда.
Бағдарламадағы 17 арнайы жобаны жүзеге асыратын қаражат туралы тіпті айтудың қажеті жоқ. Себебі 2019 бен 2021 жыл аралығында Түркістан облыстық рухани жаңғыру бөліміне жобаға деп бір тиын да бөлінбеген. Ал ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданған хаттың жауабына сенсек, 2020 жылы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына «Рухани жаңғыру» кеңсесіне түрлі форматтағы іс-шараларды атқару үшін 21 млн теңге бөлінген екен. Алайда ол қаражаттың «Рухани жаңғыру» бөліміне неге жетпей қалғаны үлкен жұмбақ. Бұл жұмбақтың шешімін басшылық та, қызметкерлер де әлі күнге шеше алмай отыр. Тіпті құзырлы органдарға жолданған хаттар да жұмбақтың жауабын шешуге көмектесе алмады.
«Рухани жаңғыру» бөлімі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ақша талап етпейтін жобаларды жүзеге асырса, екінші жартыжылдығында жергілікті меценаттардың демеушілігімен төрт жобаны жүзеге асырды. Сондықтан бұл жобаларды жоғарыда айтылған 21 млн теңгенің көмегімен жүзеге асырылған жобалар деп шатастырып жүрмейік.
Енді, міне, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының аяқталуына да бір ай уақыт қалды. Алайда Түркістан облыстық рухани жаңғыруды жүзеге асыратын мекеме өз жұмысын әлі күнге бастаған жоқ, ал ЖШС құрамындағы бөлім басшысы бағдарламаны жүзеге асыратын не жұмыстар атқарып отыр екен? Бұлай деуіміздің себебі – облыстағы аудан, қалалардың жүргізіп отырған жұмыстарын облыс өз деңгейінде көрсете алмай отыр. Қарапайым дүние – ақпараттық қолдаудың өзі төмен деңгейде. Сонда бүгінгі таңда Түркістан облысының «Рухани жаңғыру» кеңсесі жаңғырып жүр ме, әлде қаңғырып жүр ме деген сауал туындайды. Бұл сұраққа кім нақты жауап береді екен?