Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:13, 07 Сәуір 2023

Жаңғырық. «Рухани жаңғырудан» не таптық?

None
None

Дәл осыдан бес жыл бұрын, Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласыжарияланды.

Онда автор сөзін: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім», деп бастады да, ұлт ретінде рухани жаңғырудың, іштей түлеудің «нақты жолын» ұсынды. Аталған бағдарлама – 6 бағыт, 17 жобадан тұратын. Оның ішінде бәрі қамтылды, ештеңе қалыс қалмады. Прагматизм, Бәсекелік қабілет, Эволюциялық даму деп шұбырып кете береді. Бір қарағанда бәрі де көңілге жұғымды, ақылға қонымды. «Жаңғырудың» жетер мәресі де айдан-анық: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Мұны қомсынсаңыз: «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» деген де тұжырымы бар. Сонымен не керек, қазақ руханиятының көкжиегін кеңітіп, тынысын ашатын, ұлттың рухын көтеріп, ұстынын тезге салып түзейтін «Рухани жаңғыру» деген бағдарлама өмірге келді.

          Мақала жариялана салысымен мемлекеттік басылымдар қоштауды қарша боратты. Бірқатар зиялылар мұны жер-көкке сиғызбай мақтап ала жөнелді. Біреуі – «ұлттық кодтың кілті» деді, енді біреуі – «болашақтың айқын бағыт бағдары» деді.  Қызды-қыздымен тағы біреуі: «Абай мен Елбасының дүниетануды көріп білуі, бағыттарды анықтауында екеуінде өте ұқсастықтар бар» деп салды. Хош, сонымен 2017-2025 жылдарға бағытталған «Рухани жаңғыру» басталды. Жасыратыны жоқ бастапқы кезде бәріміз де үміттендік. «Елдігімізді, егемендігімізді рухани тұрғыдан нығайтатын болдық» деп елеңдеп, желпініп қалдық. Жұмыс та қызу, қауырт басталды. Бүкіл мемлекеттік мекемелер, жоғары оқу орындары, мектеп оқушыларына дейін «Рухани жаңғыруға» атсалысты. Тұтас қоғам жел көтерген қайықтың желкеніндей дүр ете қалды. Жоғарыдан төменге шейін  алашапқын, қызылтану жанталас басталды. «Өткеннен де» сұрасаң «Рухани жаңғыру», «кеткеннен де» сұрасың «Рухани жаңғыру». Тіпті балабақшада өткізіліп жатқан мерекелік іс-шарада да «Рухани жаңғыру» төрде ілулі тұрды.

Анығы – «Рухани жаңғыру» дегенді дабырлатып, айғай-шуға айналдырған топ оның түпкі мағынасын, мазмұнын жете түсінбеген де сияқты. «Домбырам не дейді, мен не дейміннің» дәл өзі. Өйткені әлі дабыраға толы топ «Рухани жаңғыру» дегенді – жұртшылықты жинап, іс-шара өткізу, мерекелік концерт беру, улап-шулап той тойлау деп түсінген секілді. Оны өздері ұсынған нақты статистика айғақтайды. Мысалы, жобаның алғашқы 4 жылында «қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» ісі бойынша әр өңірде 5 миллионнан астам адамды қамтыған 25 858 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген жоба аясында әр өңірлерде 4 миллионнан астам адамды қамтыған 14 802 іс-шара өткізіліпті. Қорыта айтқанда 2017-2020 жылдары «Рухаи жаңғыру» үшін 131 923 іс-шара өткізіліп, оған 53 612 083 адам қамтылды. Осы аралықта 330 млрд тең­геден астам меценаттық және демеу­шілік қаражат тартылыпты. Әрине, өткізілген іс-шаралардың бәрін бірдей жиын, той деуден аулақпыз, арасында ескірген форматтағы жиналыстар, ғылыми конференциялар да өтіп жатты. Дегенмен бір бағдарламаны іске асыру үшін 4 жылда 100 мыңнан артық іс-шара ұйымдастырудың қаншалық маңыздылығы бар еді?!

          Айтпақшы, «Рухани жаңғыруды» жандандыра түсу үшін арнайы институт та құрылды. Нақтылап айтсақ, 2019 жылы 23 сәуірде үкіметтің арнайы қаулысымен негізі қаланған мекеме ресми түрде «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» деп аталады. Мұнда негізінен бағдарламаны жүзеге асырудың нақты ғылыми тетіктері, ұтымды жолдары зерттеліп, зерделенеді. Қандай нәтижелерге жеткені нақтыланады. Дәл осы институт «сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздерін түсіндірудің» деңгейін білу үшін әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Нәтижесі міне:

«Бәсекеге қабілеттілік цифрлы сауаттылық және шет тілдерін меңгеру көрсеткіші – 53,6%, прагматизм мүмкіндігі бойынша өмір сүре білу және өз болашағын жоспарлау қабілеттілігі – 73,2%, білімнің салтанат құруы – 58,3%, тарихқа құрметпен қарау һәм біртұтас ұлттық бірегейлікті сақтау – 71,4%, заңды және азаматтық борышты сақтай отырып, эволюциялық даму – 77,8%, сананың ашықтығы өзгерістерге дайындық, өзін-өзі жетілдіру 59,5% мөлшерінде жетістік бағамын иеленіп отыр».

Институттың жағымды көрсеткіштерге негізделген зерттеу қорытындысына сүйеніп: «бағдарламаның басты 6 бағыты бойынша қоғамда орнықты пікір қалыптасты» деген тұжырымға келіпті. Құдай-ау, шынымен де нәтиже жоғарыдағы зерттеудегідей болса, халықтың біліктілігі, білімділігі, интеллектуалды деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болмас па еді?! Өзіңіз айналаңызға бажайлап қараңызшы, «Рухани жаңғырудан» соң тұтас ел болып, ұлт болып өскен, жетілген сананы байқай алдыңыз ба? Соның нақты жемісін сезіндіңіз бе?! Жоқ, әрине! Демек бұл арада статистикалық көрсеткіштермен нақтылы жағдайдың арасы жермен көктей.

          «Рухани жаңғыру» дегенде ойымызға оралатын, ауыз толтырып айтарлықтай бір дүние «100 жаңа оқулық» жобасы. Шынымен де бұл оң бастама еді, оның өзі ақыр аяғында сиырқұйымшақтанып, сұйылып жоқ болды.

          Аталған бағдарламаның тағы бір саласы: «қазіргі заманғы қазақ мәде­ниетін әлемдік алты тілге аудару арқы­лы жаһанға таныстыру» деп аталды. Мұның ішінде әдебиет те қамтылды. «Шығармамызды шетел оқитын болды» деп біраз қаламгер елеңдеп, қуанысып қалды. Бірақ бұл жолы да ескі сүрлеу, көне соқпаққа қайта түсті. Әу баста авторлардың іріктелу, сұрыпталуы дау тудырды. Онан соң аударма сапасына сын айтылды. Ақыр соңына кітапты басып тарату, шетел оқырмандарының қолына жеткізу ісі мүлде аяқсыз қалды. Алты тілге аударылып, алты құрлыққа «апырай» дегізеді деген әдеби кітаптар ешбір шетелдің кітап дүкеніне түспеді. Суыртпақтап айта берсек, мұндай орны толмас олқылық «Рухани жаңғырудың» әр бағдарламасынан шыға береді. Онан да ең сорақысына көшейік.

           Естеріңізде болса «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің біраз елінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық жылжымалы көрме өтті. Көрмеге Ұлттық музейдің ең құнды жәдігері – «Алтын адам» қойылды. Алтын адам әлемді шарлады. Оны ұйымдастырушылар: «жұрттың аузының суы құрып тамсанды, қызыға қарады, тарихымызды, мәдени жауһарымызды төрткіл дүние таныды» деді. Өкінішке қарай, мұның аяғы ұрлыққа ұласты. Бұрнада Мәдениет және спорт министрі болған, сол кезде Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен қамауға алынды, бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді. Қайдағы ақша дейсіз бе? Тергеу мәліметінде «Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге және басқа да жобаларға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр» делінді. Міне, басы дабырайып басталған «Рухани жаңғыру» ел есінде мемлекет ақшасына қол сұққан «Алтын адам» ісімен қалды. «Басы жұдырықтай, аяғы қылдырықтай» деп қазақ дәл осындай нәтижесі, өнімі жоқ, пәтуасыз, пайдасыз істі айтса керек. Негізі «Рухани жаңғыру» 2025 жылға дейін жалғасуы тиіс болатын. Бірақ қазір оның жаңғырығы да естілмейді.

Тегтер: