Жәнібек ешкімнен сескенбейді

Өткен айдың соңында АҚШ-қа қайта сапар шеккен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлерді бір толқытып қойған-ды.
Ол инстаграмдағы парақшасына «Жақында» деген жалғыз сөз қалдырып, алдағы қызықтың ауанын аңғартқан. Сөйтсек, қазақ ұланы бекер жұмбақтамапты. Жақында орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ж.Әлімханұлы (14-0, 9КО) және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Винченцо Гуалтьери (21-0-1, 7КО) арасында біріккен жекпе-жек өтетінін ресми хабарланды.
Бұл кездесу биылғы 14 қазанға жоспарланып отыр. Өтетін орны да белгілі: АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласы. Бұл бокс кешін Жәнібек жаттығатын Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастырады.
Бұл, ең алдымен, Әлімханұлының өзі үшін жақсы жаңалық екені күмәнсіз. 2022 жылы мамыр айында Дензел Дигнумды (Ұлыбритания) ІІ раундта нокаутпен жеңіп, WBO нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атанған соң, отандасымыз біраз қиындыққа тап болды. Бұл нұсқа бойынша әлем чемпионы Деметриус Андраде әуелден-ақ Әлімханұлымен кездесу өзіне еш қызықсыз екенін мәлімдеген-ді. Жеме-жемге келгенде, яғни чемпион атағын қорғау міндеті көлденең тартылғанда, Андраде тайқып шықты. Ол ақшалы, пайдалы жекпе-жектерге ғана келіседі екен-мыс. Бұдан кейін аталған нұсқа бойынша толыққанды әлем чемпионы атағы отандасымызға жекпе-жексіз берілді.
Содан бері Әлімханұлы чемпион атағын екі рет сәтті қорғады. 2022 жылдың қарашасында ол ұлыбританиялық Дензел Бентлимен 12 раунд жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Сөз аңдыған біраз жұрт бұл жолы Жәнібектің төмен дәрежеде жұдырықтасқанын айтып, біраз даурықты. «Бұл боксшының сесі күшті болғанмен, яғни жұртты қорқытуға тырысқанмен, сенімді жеңетін түрі жоқ» дегенді айтқандар аз болмады. Жәнібек қаңқу сөздердің ешқайсына мән бермеді. Ол биыл мамырда Стивен Батлерді (Канада) ІІ раундта естен тандырып, бабында екенін анық байқатты. Бұдан кейін біраз әлем чемпионын жекпе-жекке шақырғанмен, олардың ешқайсысы мойын бұра қоймайтындай көрінген.
Сондықтан Гуальтьери-Әлімханұлы кездесуі қазақ боксшысының болашағы үшін де маңызды. Атақтан үміткер Эскива Фалкан (Бразилия) кезінде Г.Головкинді жекпе-жекке шақырып, даурығып жүретін-ді. Бірақ биылғы 1 шілдеде IBF нұсқасы бойынша бос қалған әлем чемпионы атағы үшін кездесуде ол Гуальтьериге есе жіберді. Ал германиялық боксшының Әлімханұлымен кездесуге келісуі де осындай дағдарыстан шығудың жолы болуы мүмкін.
Қазір орта салмақта (72,6 келі) WBA нұсқасында – кубалық Эрисланди Лара, WBC нұсқасында Джермалл Чарло (АҚШ) чемпиондық белбеуге ие. Бұл боксшылардың ешқайсысына Әлімханұлы қаржылық тұрғыда қызықты емес. WBC нұсқасы бойынша уақытша чемпион доминикандық Карлес Адамес те Жәнібектің шақыруына елең ете қойған жоқ. Сондықтан қазір Гуальтьеримен кездесу отандасымыз үшін ең дұрыс қадам болатыны сөзсіз.
Жәнібек даңқты Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасудан да қашпайтынын мәлімдеді. Бірақ «Канело» қазір бірінші орта салмақтағы әлемнің абсолют чемпионы Джермелл Чарломен кездесуге дайындалып жатыр. Бұл жекпе-жек биылғы 1 қазанда Лас-Вегас қаласында өтеді.