Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?

«Жол – тіршіліктің күретамыры» деген тәмсілді кім білмейді?! Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысы үшін жолдың «жыры» өте өзекті мәселе.
Сандарды сөйлетсек, өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдардың 28 пайызы ғана көңіл көншітеді, қалғанында қара жамылғы. Республикалық маңыздағы жол құрылысы да қарқын ала алмай тұр. Әсіресе ең шалғай, Оралдан 600 шақырым қашықта жатқан Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына көктемнің лайсаңы мен қыстың қырауында жете алмайсың.
Ал бұл екі ауданда 30 мыңға жуық халық бар. Ресеймен шекарадағы стратегиялық аймақ. Оның үстіне қос ауданмен шектесетін Астрахан және Волгоград облыстарында 200 мыңнан астам қазақ тұрады, олар атажұрттағы бауырларымен тарихи, туыстық байланыстарының үзілмеуіне мүдделі-ақ.
Екі ауданның туристік тұрғыдан да әлеуеті жоғары. Мәселен, Жәнібек Сталинград майданының жақын тылы ретінде туриске қызықты. Соғыс жылдары мұнда эвакогоспиталь орналасты, жау ұшақтарының бомбасынан жарылып кеткен эшелонда болған Гатчинск дивизиясының сарбаздары жерленген бауырластар зираты, қабырғасын снаряд шұрқ тескен су мұнарасы, басқа да тарихи орындар жетерлік. Бөкей ордасы, аты айтып тұрғандай, қазақтың соңғы хандары Бөкей мен Жәңгірдің атақонысы. Қазақ даласында алғашқылардың қатарында қазынашылық үйі, мектеп пен дәріхана салынған, сусымалы құмға сұлу қарағай орманы отырғызылған, ағартушы Шәңгерей Бөкеевтің басшылығымен тұңғыш фотостудия ашылған тарихи мекен. Күні бүгін ол үлкен мұражайға айналған. Осындай туристік тартымдылық «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, дені дұрыс жолдың болмауынан ешкімге көрінбей жатыр. Жақын жерден баратын бірлі-жарым саяхатшы есеп емес, әрине.
Жәнібек пен Бөкей ордасына асфальт жол қажеттігі кеңестік кезеңде де көп айтылып, ақыры аяқсыз қалыпты. Одақ тарап, екі тізгін, бір шылбыр өзімізге тигесін жергілікті халық жақын арада жол келіп қалар деген үмітпен жүрді. 2018 жылы мамырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев БҚО-да жұмыс сапарымен болды. Бірқатар тапсырмалардың ішінде «екі ауданға жол 2021 жылдың аяғына дейін салынып, бітуі тиіс» деп, нақты міндет қойды. Содан бері өткен екі жылда жолдың үштен бірі ғана салынды, 250 шақырымы, сөздің тура мағынасында, шаңы шығып, әлі салынбай тұр.
Мердігерлер бар, қаржы жоқ
Түсінікті болу үшін тарқата кетсек, құрылысқа тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, қаржы беруші – ұлттық экономика министрлігі. 2019 жылы жолдың жоба-жоспары сызылып, тендер ойнатылды. Жалпы құны 52 млрд теңгеге бағаланған 138 шақырымды құрайтын Қазталов–Жәнібек–РФ шекарасы және 103 шақырымды құрайтын Өнеге–Бисен–Сайқын бағытындағы жолдарды төрт мердігер өзара бөліп алып салатын болды. Айтпақшы, құрылыс құнының қымбаттығына материалдарды тасымалдау шығындары әсер етті. Басқасын былай қойғанда, жолға төселетін қиыршық тасты Оралдан жүк көліктерімен тасудың өзі аз шығын емес. Бөкей ордасы аумағындағы Жамантау кен орнынан алынған қиыршық тас сапасы жағынан төсеуге келмей тұр. Сол себепті қажетті материалдарды Ресей аумағымен теміржол арқылы жеткізу көзделді.
Ал енді іс жүзінде не істелді? Өткен жылы сол 52 млрд теңгенің бар-жоғы 2,5 миллиарды ғана мердігерлер қолына тиген. Теңізге құйылған тамшыдай бұл там-тұм қаржы қай жыртықты жамауға жетеді? Сондықтан жұмыс тоқтап тұр. «Қайыршыға садақа бергендей қылмай, қаралған ақшаны дұрыстап бөлсе, құрылыс қарқынын арттыруға біз дайынбыз» деп отыр мердігер компаниялар. Ал тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» өткен жылы ұлттық экономика министрлігінен 20 млрд теңге сұраған екен. Министрлік «ондай қаржы жоқ» деп, ауызды құр шөппен сүрткен. Нәтижесінде үш жылда жол салынады деген экс-президент тапсырмасы орындалмай қалуы ғажап емес. Екі жылдағы тасбақа жүріс қалған, жылға жетер-жетпес уақытта жорға желіске айналып, 250 шақырымдық айнадай жолға айналарына күмән көп. Ендеше жергілікті таксистер үшін көліктерінің дөңгелектерін жаңалап, біліктерін күшейтіп, «сақта Құдай!» деп, жолға шығудан басқа амал жоқ.
Бұрын болған пойыз қайта жүрсе...
Кеңестік кезеңде бұл екі ауданға пойыз тоқтайтын. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да пойыз жүріп тұрды. Сосын, мемлекеттердің шекаралары шегенделген уақытта ол тоқтады. Бірақ теміржол бар, ниеттеніп қатынасты неге қайта қалпына келтірмеске? «Мен Батыс Қазақстан облысының шалғайда жатқан екі ауданы тұрғындарының өтінішімен қолыма қалам алып отырған азаматпын. «Барайын десем, жер шалғай» дегендей, Бөкей ордасы мен Жәнібектен Оралға дейін 600 шақырым. Соның тең жарымында асфальт деген атымен жоқ, кәдімгі қара жол. Бұл қашықтық қырық күн шілде мен ақ түтек ақпанда мүлде ұзарып кетеді. Мұндайда Оралға барсақ кері қайта алмаймыз, келсек кете алмай жатқанымыз. «Қонақ келсе, үй иесі ұялады», біреудің үйінде он күндеп жату кімге жақсы дейсіз. Айтайын дегенім, ертеректе біздің екі ауданға пойыз тоқтайтын. «Волгоград–Ақтөбе», «Адлер–Новосибирск» бағытындағы пойыздар аудан тұрғындары үшін рахат болатын. Бір жылдары «Мәскеу–Алматы» пойызына тіркелген екі вагонмен Оралға келіп кететінбіз. Қазір соның бәрі бәлду-бәлду өтірік болып қалды. Қалай тәуелсіздік алдық, пойыз да солай тоқтады. Нақты айтқанда, пойыз мүлде тоқтаған жоқ. Бірақ ешбірі Орда мен Жәнібекке аял қылмай, зулап өте шығады. Бұл мәселені шырылдап айтып та, жазып та жүрміз, ешкім нақты ештеңе айтпайды. Жартасқа барып айқайлағандай, жаңғырығымыз өзімізге ғана жетеді. Орал жол бөлімшесінің басшысына сауал қойсақ, «Оны мен шеше алмаймын, ол аудандар шекарада тұр. Сондықтан пойыз тоқтауы үшін әуелі шекаралық тексеріс қызметін жолға қою керек» деп жауап берді. Апыр-ау, сонда қалай болғаны? Ел басқарған ағаларымыз адамдар арасында шекара болмайды, барыс-келіс, сауда ұлғаяды деп, Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойып жатыр. Ал біз болсақ бір облыстың ішінде қатынай алмай отырмыз. Арнайы пойыз шығармай-ақ қойыңыздар, тек үстімізден өтетін пойыздарды тым болмаса бес минутқа тоқтатып, халықтың облыс орталығына жетуін қамтамасыз етуге болмай ма?» – деп сауал тастайды аталмыш аудан тұрғындары. Өте өзекті мәселе. Ендеше билікте отырғандар Жәнібек пен Бөкей ордасы халқының жанайқайына құлақтарын түрер, құрғақ уәдеден нақты іске көшер деп сенгіміз келеді.