Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 14 Наурыз 2024

«Жанымның жарық жұлдызы» (Абай аудармасындағы бір жұмбақтың шешімі)

Тұрсынжан Шапай

Абайдың Лермонтовтан жасаған ғажап аудармаларының бірі – «Көңілдің күйі тағы да».

Бұл өлең о баста, 1909 жылғы алғашқы жинақта ақынның төлтума туындысы ретінде беріліпті. Өткен ғасырдың 50-жылдары оның Лермонтовтан аударма екені анықталды. Және бұл – жеке өлең емес, орыс ақынының «Измаил-Бей» поэмасының кіріспе бөлігі болып шықты: Лермонтовта – 12 жол, ал өлеңді төрт жолдық шумақтарға бөліп тәржімалаған Абайда артық бір шумақ бар – 16 тармақ.

Содан бергі басылымдардың бәрінде «Көңілдің күйі тағыданың» аударма екені анықтап айтылып, соңғы:

Жанымның жарық жұлдызы

Жамандық күнде жарымсың.

Сөз болсын ескі ер сөзі,

Кейінгіге қалынсын, –

деген шумақ Абайдың өз жанынан қосқаны деп түсінік беріліп келді. Бертіндегі, Абай шығармаларының 1995 жылы шыққан екі томдық толық жинағында да бұл туралы: «М.Ю. Лермонтовтың «Измаил-Бей» поэмасынан аударма. Абай соның кіріспесінен 12 жол алып аударған да, өз жанынан төрт жолдық тағы бір шумақ қосқан» дейді.

Кейінгі зерттеу, мақала, түсініктерде де соңғы шумақ туралы пікір осыған саяды. Мәселенің жай-жапсары нақ осылай екені бәрімізге ап-анық, күмәнсіздей көрінеді. Өйткені Абайдың аудармашылық тәжірибесінде түпнұсқаға байланбай еркін кететін, өз жанынан көркем, тосын толғамдар қосып, тіпті кейде тақырыптан ұзап, стильдік, мағыналық жағынан жаңа рең беріп, төлтумаға айналдырып жіберетін жайлар бар екенін жақсы білеміз. Бұл да сондай мысалдардың бірі деп тануға әбден болар еді. Бірақ осы өлеңнің түпнұсқасы мен аудармасын салыстырып оқыған сайын, көңіліңнен бір күдіктер кетпей тұрып алады: 1) жаңағы шумақты Абай не үшін қосты, түпнұсқа мазмұнына тағы қандай қосымша мағына үстегісі келді?; 2) шумақта 2-жаққа қарата айтылған интонация бар («Жанымның жарық жұлдызы, Жамандық күнде жарымсың»), сонда бұл жолдар кімге (неге) қарата айтылған?; 3) әсіресе ойландыратыны – «Жанымның жарық жұлдызы» деген метафоралық бейне. Қазіргі қазақтың құлағына еш таңсығы болмағанмен, Абайдың тұсындағы дәстүрлі поэтикалық тіл тұрғысынан тосындау естіледі. Мұндай жаңа қолданыстардың түр-түрін жасаса да, дәл осы «жұлдызды» орам ақынның шабытты қаламына жарқ етіп, кездейсоқ ілінген бейне ме, әлде Лермонтовтағы барша «жұлдыздың» символдық мәнге ие метафора екенін жақсы білгендіктен, Абай саналы түрде жаратқан сәулетті сөз бе?

Мұндайда Абайдың «жұлдыз» сөзін өз өлеңдерінде 4-5 жерде ғана, онда да, тура мағынасында, ал Лермонтов «звезданы» 124 мәрте қолданғаны да ойда тұрады…

Лермонтов

Осы мәселелердің байыбына бару үшін, алдымен, осы өлеңнің түпнұсқа мәтіні мен аудармасын толық келтірейік.

Лермонтов:

Опять явилось вдохновенье

Душе безжизненной моей

И превращает в песнопенье

Тоску, развалину страстей.

Так, посреди чужих степей,

Подруг внимательных не зная,

Прекрасный путник, птичка рая

Сидит на дереве сухом,

Блестя лазоревым крылом;

Пускай ревет, бушует вьюга…

Она поет лишь об одном,

Она поет о солнце юга!..

Абай:

Көңілдің күйі тағы да

Өмірсіз жанның алды ішін.

Аударды өлең жағына

Нәпсінің сынған қайғысын.

Жат жерде елге қосылмай,

Сенімді доссыз жалтақтап,

Көк қанат бейіш құсындай

Қу ағашқа қонақтап,

Ол бұтақтан қозғалмас,

Өкіріп дауыл, соқса жел.

Өзгеге бола жырламас,

Ыстық күнді жоқтар ол.

Жанымның жарық жұлдызы,

Жамандық күнде жарымсың.

Сөз болсын ескі ер сөзі,

Кейінгіге қалынсын.

Абай түпнұсқа өлең мазмұнын қапысыз дәл берген. Қамтылмаған, ескерілмеген бірде-бір жол, мағына, бейне жоқ. Сөзбе-сөз дөп түспеген тұстарда балама нұсқа ұсынылады. Айталық, «вдохновенье» – шабыт. Ақындық шабыт. Абай оны «көңілдің күйі» деп аударады. (Жалпы, «шабыт» деген сөз Абайдың ешбір шығармасында кездеспейді). «Тоску, развалину страстей» деген жолды «Нәпсінің сынған қайғысын» деп, қиыннан қаншалық қазақы қиыстырса, түпнұсқадағы мағынаны да соншалық толық, селкеу түспеген көркем күйде сақтаған. Тәржімадағы қай сөз, қай бейнені алсаңыз да, орысша мәтінмен дөп түскен дәлдікті немесе соған бара-бар мейлінше жақын баламаны табасыз. Ең бастысы, Абай түпнұсқа өлеңнің лирикалық тұтас мазмұны мен мағынасын, романтикалық әуезін қазақша айнытпай жаңғыртқан. Яғни қазақ ақыны «өз жанынан қосқан» соңғы шумақты әзірге есепке алмай тұра тұрсақ, бұл – қазіргі теориялық түсінік тұрғысынан қарағанда да, толыққанды дәл аударма.

Лермонтовтың үміті сөніп, аңсар-құмары таусылғандай күйзелісті күй кешкен әдепкі романтикалық кейіпкерінің өмірсіз жанын әлдеқайдан ұшып келген көк қанат бейіш құсындай шабыт лепесі тірілтіп, тербетіп оятқандай болады. Сенісері, сырласары жоқ жат жерде көк қанаты жалтылдап, қатып-семген қу ағашқа қонақтап, бұрқасын-дауылды, мейірімсіз, суық тағдырына қарысып, ыстығы қыздырған, күні жарқыраған өзге бір аңсарлы қиырдың жырын жырлатқан ақындық шабыт – романтик Лермонтовтың байырқалы тыным мен аласапыран арпалыс арасында шарқ ұрған өз жанының бейнесіндей. Өз әнін өзге өлкенің аңсарымен әдіптеп отырған бейіш құсы – Лермонтов кейіпкерінің өз елінде жат жерде жүргендей жатырқау күйіне, романтикалық қарсылық, жалғыздық сезіміне меңзейтін де бейне. Романтикалық шабыт иесінің 12 жолдық орысша нұсқадан танылған осы жайы қазақшасында да айқын таңбаланған.

Енді аударманың түпнұсқада жоқ соңғы шумағына оралайық.

Лермонтов өлеңінің бар-жоқ мағынасын толық қамтып, барша поэтикалық шырайымен жарқырата аударғанымен қоймай, осы шумақты Абай не үшін қосты екен?

Осының алдында айтқанымыздай, кей аудармаларында Абайдың әрқилы себептермен оригиналдан ауытқып, өзінше толғап кететін, жаңа жолдар, шумақтар қосып, тіпті түпнұсқа мазмұнын мүлде өзге арнаға бұрып жіберетін жайлары бар екенін жақсы білеміз. Және ол себептердің әрқайсысын түсінуге, түсіндіруге болатын негізі, өз логикасы бар. Соған орай, ондай шығармаларды аударма дейміз бе, әлде ақынның төлтума туындысы деп танимыз ба деген тағы бір мәселе туындайды. Ол – жеке әңгіме. Ал мына аудармадағы қосымша шумақтың қисынын табу қиын-ақ… Мағыналық, бейнелік тұрғыда толық тиянағын тауып, күмәнсіз аяқталып тұрған өлеңге жаңағы «Жанымның жарық жұлдызы» деп басталатын басы артық тағы бір шумақ қосуда не мәніс болды екен? Және бұл – түпнұсқада жоқ «бейтаныс», біреуге қарата айтылған сөз. Кімге?

Абай мен Лермонтов

Лермонтов туындысының тек төркініне үңілгенде, оның жеке өлең емес, «Измаил-Бей» поэмасының кіріспе немесе пролог, арнау (посвящение) сипатындағы бастапқы шағын бөлігі екені ойда тұрады. Яғни бұл – оқиғалы, көлемді шығарманың бастауы, құлақ күйі іспетті дүние. Алдағы баяндалар жайлар мен әрекет, кейіпкерлер сипаты, поэма сюжетінің романтикалық, трагедиялық ауаны осы шағын ғана кіріспе үзіктен-ақ айқын сезілгендей. Оқиғаның қай тарапта өтетінін де аңғарасың – оңтүстік: «Она поет о солнце юга!» (Абайда – «Ыстық күнді жоқтар ол»). Былай қарасаңыз, осы аңдатпа емеурінмен өлең ешбір қосымшасыз да тиянағына жетіп, толық аяқталғаны көрініп тұр. Рас, бұл – Лермонтов нұсқасына қатысты әңгіме. Поэмаға бастау сөз болғандықтан, оның көркемдік мазмұн-мақсатын біз осы ыңғайда түсінеміз. Талдап-тәпсірлеуімізді де тұтас поэма («Измаил-Бей») контексімен байланыстырамыз. Ал Абай аудармасында ол – үлкен шығарманың бөлшегі емес, жеке өлең ғой… Ендеше, тәржіма нұсқаны Лермонтов шығармашылығының пафосы мен көркемдік мотив-сарындары ауқымында болмаса, нақты «Измаил-Бейге» қатысты қарастырудың жөні бар ма?

Демек, поэма мәтінінің құрамында тұрған түпнұсқа туынды мен аударма нұсқаны (қанша дәл аударылса да) түсініп-парықтаудың аздаған айырым сипаты болады деген сөз. Анықтаңқырап айтсақ, орыс тіліндегі өлең бас-аяғы толық, өзіндік жеке бітімі бар шығарма болғанмен, оқырман оны ұзақ баянның бастауы, поэманың көркем аңдатпасы ретінде қабылдайды. Ал қазақша нұсқасына көлемді дүниенің бөлшегі, кіріспесі деп емес, ақынның жан сыры, ішкі әлемінің оқшау күйі көрініс тапқан дербес өлең деп қарайды. Мәселен, Лермонтовта бейіш құсына теңелген ақын жаны үскірік суық, бұрқасын боранға ерегісіп, оңтүстіктің күнін жырлайтыны, бір есептен, алдағы баяндалмақ оқиғалар өтетін мекен-тұрақ бағдарына да меңзеп тұрса (оның Кавказ жақ екені белгілі), Абайда «өкірген дауыл, соққан желге» қасарысып, «ыстық күнді жоқтап» ән салған бейіш құсы – ондай бір оқиға мекені, бағдар-тарапқа қатыссыз, жалпы Лермонтов шығармаларындағы жалғыздық сарыны, тағдыр мотиві, романтикалық қарсылық рухының бейнесі болып қана көрінеді. Бірақ қайталап айтайық, түпнұсқа мейлінше дәл және толық аударылған. Ал оны ұғып-қабылдауда байқалатын жаңағыдай мағыналық болмашы айырмашылықтар себебі – әлгіде айтып өткеніміздей, Абай бұл өлеңді жалғас мәтіндерге тәуелсіз дербес туынды ретінде тәржіма қылған деп түсінетінімізде…

Бірақ осы айтылғанның бәрі біз іздеген, түпнұсқада жоқ соңғы шумақтың еш дерегін бермейді. Он екі жолдық Лермонтов нұсқасын қайталап оқыған сайын, мынадай бас-аяғы түгел тамаша өлең мәтініне тағы бір ауыз мәтін жалғап толықтырудың еш қажеті болмағанына көзің жете түседі…

Жоғарыда айттық, Абайдың кейде түпнұсқа тақырыбының ыңғайымен өз ойын жалғап, өз жайын, өз қайғысын толғап кететін аудармалары бар екенін ескеріп, ә дегенде, бұл да сондай үлгілердің бірі болды ма екен деп ойлайсың. Бірақ соңғы шумақтың алғашқы жолындағы бұрнағы ғасыр қазағына таңсық бейне – «жанымның жарық жұлдызы» деген түрі бөлек метафора бұл ойыңа күдік түсіреді. Өйткені «жұлдыз», жоғарыда айттық, Лермонтов шығармашылығы контексінде айрықша орны, символдық мәні бар бейнелі сөздердің бірі. Лермонтов шығармаларының жиілік сөздігіне қарап отырсаңыз, тағы бір қайталап айтайық, ақын бұл сөзді жүз жиырма төрт мәрте қолданғанын көресіз!

Оның үстіне, Абай шығармаларының тілін егжей-тегжейлі зерттеген көрнекті лингвист ғалым Р.Сыздықованың да кезінде: «Абайдың көптеген жаңа теңеулері, метафоралары, эпитеттері орыс тілінің моделімен (мағына жағынан) жасалғанын» атап көрсеткені тағы бар. Бұл ретте ғалым осы құбылыс туралы өзінен бұрынырақ академик Қ.Жұмалиевтің «Абай поэзиясының тілі» деген еңбегінде айтқан пікірін қостаған. Бұған біздің де күмәніміз жоқ.

Соны ескеріп, бұл бейнелі жолдың, бәлкім, тіпті тұтас шумақтың да төркін-түбірі орыс ақынының басқа бір шығармаларынан табылып қалуы мүмкін-ау деген оймен жасаған ізденісіміз нәтиже бермеді. Ақыры, «Измаил-Бейдің» өзіне қайта оралып, поэманы жазуға түрткі болған жайлар, жазылған мезгілі, оқиға, кейіпкерлер дерегі – жалпы, туындының шығармашылық тарихын қаузай бастағанда ғана, біз соңына түсіп сарсылған беймәлім шумақтың бір дерегі көрінгендей болды.

«Лермонтов энциклопедиясындағы» поэтикалық арнау (посвящение) үрдісіне қатысты мақаладан мына мәліметті оқимыз: «Пролог Измаил-Бея первоначально был самостоятельным лирическим стихотворением, имевшим название «Вдохновение», переделанное на «Посвящение»; затем Лермонтов снял название и заключительные строки с обращением к конкретному лицу – вероятно В.А.Лопухиной («И ты, звезда любви моей...»)» (курсив – біздікі).

«И ты, звезда любви моей…»

Бір болжамымыз, сөйтіп, расқа шықты – «жұлдыздың», шынымен-ақ, Лермонтов тараптан келгеніне көз жетті!..

Әу баста жеке өлең ретінде жазылған дүниені кейіннен атын өзгертіп, жаңағы жолдан басталатын соңғы тармақтарын қысқартып, поэманың құлақ күйіндей пролог-кіріспеге айналдырған екен. Демек, аудармадағы артық шумақ та Абайдың өз жанынан шығара салғаны емес, Лермонтовтың өз сөзі болғаны... Бірақ әзірше, бұлай кесіп айта алмайтындай тағы бір жай бар.

Лермонтов бұл шығармасын көзі тірісінде тұтас қайта қарап, ақырғы редакциясын өзі жасап берген көрінеді. Ақын шығармаларының содан бергі басылымдарында «Измаил-Бей», негізінен, сол авторлық нұсқада (авторизованный) жарияланып келе жатқаны белгілі. Бертіндегі біз білетін жинақтарының да бәрінде солай – поэма мәтіні тек автор түзеткен, соңғы жолдары қысқарған бас-аяғы он екі тармақ осы кіріспемен басталады. Сондықтан енді мынадай сұрақ туады: егер бұл поэма алғаш жарияланған кезінен бастап (1843, «Отечественные записки») Лермонтов өз қолымен түзеткен кіріспемен басылып келе жатса, онда ол кіріспенің негізгі нұсқаға енбей, ақынның «черновигінде» қалған бөлігін Абай қайдан білген? Оның көлемі қандай, онда не туралы айтылған және неге қысқартылған?

Осы сұрақтарға жауап алмай тұрып, аударма мәтіндегі соңғы шумақты Абай Лермонтовтың өз шығармасына сүйеніп қосты деп кесіп-пішіп айта алмасымыз тағы анық.

Бұның жауабын іздеген адамға енді Лермонтов басылымдарының тарихына үңілуге тура келеді. Жаңа айттық, ақынның тірі кезінде шыққан жалғыз жинағынан бастап («Стихи Лермонтова Спб., в типографии Ильи Глазунова и Ко., 1840»), негізгі басылымдардың бәрінде дерлік автор мақұлдауынан өткен шығармалар өзгертілмей, сол қалпында басылып келеді деп есептеледі. Сол қатарда «Измаил-Бей» де бар дедік. Дегенмен осы басылымдар тарихына қарап отырсаңыз, соның ішіндегі қайсыбір жинақтарда бұл дәстүрдің ара-тұра бұзылып, ақынның алғашқы қаралай жазылған нұсқасынан (черновик) негізгі мәтінге алынбай қалып қойған кейбір жолдар, немесе шумақтар мен бөліктер шығармалардың біржола орнығып-қалыптасқан мәтініне қосылып кетіп отырғанға ұқсайды. Ал совет дәуірінде шыққан томдықтарының кейбірінде автор өзі шығарманың негізгі нұсқасына қоспаған мұндай қалыс үзіктер – варианттар есебінде жеке бөлімге топтастырып беріліп отырыпты. Мысалы, Лермонтов шығармаларының 1954-1957 жылдар аралығында шыққан алты томдық басылымы осы жүйені ұстанған.

Абай

Ақыры, іздегенімізді дәл осы көптомдықтың ескертпелер бөлімінен («Примечания») және 1988 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағының түсініктерінен таптық: бұл өлеңнің әуелдегі көлемі жиырма жол болған екен, автор оның сегізін қысқартып, «Измаил-Бейге» кіріспе етіп жоғарыда келтірілген он екі тармағын ғана алған. Жалпы, бұл өлеңнің алғашқы толық қалпының қаралай жазылған қолжазбасы да сақталыпты. Лермонтовқа қатысты материалдардың тұңғыш жинаушысы В.Х.Хохряковтың куәлігінше, поэманы ақын 1832 жылдың мамыр айында тәмамдап, пролог – соңынан, шамамен, жарты жыл кейін жазылған. Ең бастысы, аталмыш басылымдардың жаңағы айтқан ескертпе, түсініктерінде осы мәліметтермен бірге, «Измаил-Бейдің» кіріспе бөліміне енбей қалған сегіз жолдың мәтіні де берілген:

И ты, звезда любви моей,

Товарищ бурь моих суровых,

Послушай песни прежних дней...

Давно уж нет у сердца новых;

Ни мрачных дум ни дум святых

Не изменила власть разлуки –

Тобою полны счастья звуки,

Меня узнаешь ты в других!

Осы үзіктің алдыңғы үш жолына көзің түскенде-ақ, Абайдың аудармасындағы әлгі «өз жанынан шығарған» деп саналатын соңғы шумақтың қайдан келгенін бірден түсінесің!..

Рас, кей тұстарында айырмашылықтар бар, оның үстіне, толық аударылмаған. Мұның себебі туралы сөз кейінірек. Алдымен, поэманың мәтініне автор өзі қоспаған бұл үзікті Абай қайдан білді дегенге келейік.

Басылымдар тарихынан білгеніміздей, Лермонтов шығармаларының бұрнағы ғасырдағы (XIX ғ.) жинақтарында бірізділік сақтала бермегендігі, кейбір жинақтарға автордың өзі негізгі нұсқаға кіргізбеген мәтін варианттары, тіпті Лермонтовқа қате телінген бірді-екілі өлеңдер де еніп кетіп отырған. Мысалы, соның бірі – Абай аударған «Қалқамай, мен үндемей жүремін көп» өлеңі туралы ақынның 1995 жылы шыққан шығармаларының екі томдығында: «Бұл өлең Лермонтовтан аударылған шығармалар қатарына қосылып келген. Ақынның кейін табылған өлеңі деп саналып, 1890 жылдары оның жинақтарына енгізіліп келген нұсқа, ақырында, Лермонтовтікі болмай шықты» деп түсінік берілген.

Міне, осындай қоспалары бар басылымдардың бірінің сипаттамасына көз салсақ, орыс ақынының көзі тірісінде жарық көрген жалғыз өлең жинағы мен «Герой нашего времени» романынан бастап (1840), Абай дүниеден қайтқан XX ғасырдың басына дейінгі Лермонтов шығармалары басылымдарының ішінде айрықша назарға түсетіні – 1889-1891 жылдар аралығында профессор П.А.Висковатовтың редакциясымен шыққан алты томдық екен. Өйткені бұл – ақынның ғылыми өмірбаяны, жазысқан хаттарына дейін қамтылған Лермонтов шығармаларының тұңғыш толық басылымы. Висковатовтың өзі: бірді-екілі хаттары ғана табылып қалмаса, Лермонтовтан енді жинайтын ештеңе қалған жоқ десе керек... Осындай көрнекті басылымның өзі автор қалдырған негізгі нұсқадан ауытқып, тілге тиек болып отырған «Измаил-Бейдің» прологына сегіз жолдық қысқартылған бөлікті қосып, жиырма жол етіп «толықтырып» береді. Бұл туралы 1954-1957 жылғы басылымда осы поэмаға қатысты: «В тексте имеются и необоснованные отступления от авторизованной копии» деп ескертпе-түсінік берілген.

Абайдың «жұлдызды» шумақты қайдан тауып алғаны енді түсінікті болса керек!..

Абай өмір сүрген заманда аталмыш басылымға дейін де Лермонтов шығармаларының әлденеше жинағы жарық көргенін ескерсек, орыс классигінің ғылыми жүйеге түсіріліп, біржола орныққан дефинивтік мәтінінен ауытқымай берілген туындыларын ғана білетін қазіргі бізге жұмбақ болғанымен, бұл іспетті «жаңалықтардың» ХІХ ғасырдың аяқ шеніндегі оқырманға еш таңсығы болмаған сияқты.

Шығармаларының жазылған жылдары жүйеленген хронология бойынша, Абай бұл өлеңді («Көңілдің күйі тағы да») 1890-шы жылдары аударған деп саналады. Ал Лермонтов шығармаларының жоғарыда аталған алты томдық жинағы, жаңа айттық, 1889-1891 жылдар арасында басылып шыққан. Соның ішінде, өлеңдері мен поэмалары берілген алғашқы екі томы сол 1889 жылы-ақ жария көрген. Демек, Абайдың қолында дәл осы басылым болған деп ойлаймыз. Бұл, рас, оның бұған дейінгі басылымдарын көрген жоқ, оқыған жоқ деген сөз емес, бірақ мынадай толық жинағы алғаш рет шығып отыр ғой. Бұл – біріншіден. Екінші – негізгі нұсқаға енбеген сегіз жолдық бөлікті «Измаил-Бейдің» кіріспесіне қайта жалғап, «толықтырып» берген бірегей басылым да – осы. Үшіншіден, Абай аударған «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» деген өлеңге қатысты келтірілген түсінікті еске түсірейік... Бұл өлең де Лермонтов жинақтарына дәл сол 90-жылдары жаңылыс енгізілген. Ал сондай жинақтың бірі – аталмыш алты томдық емесіне кім кепіл?..

Осы тұста Абайдың «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» деген шығармасы ойға оралады. Өлең Мүрсейіт қолжазбалары мен ақынның 1909 жылы шыққан алғашқы жинағында бар. Ол туралы Абай шығармаларының 1995 жылғы толық екі томдығына: «Я.П.Полонскийдің «Сердце» («У сердца сокровищ так много») атты өлеңнің аудармасы. Бұл өлең ең алғашқы жинақ (1909) пен қолжазбаларда Лермонтовтан аударылған деп есептеліп, бірақ нақты қай шығармасы екені мәлімсіз болып келді. Оның Полонскийден аударылғаны алғаш рет 1954 жылғы екітомдықта көрсетілген. Өлең Лермонтовтың 1891 жылғы бір жинағында жаңылыс басылған екен» деп түсінік берілген. Көріп отырғанымыздай, бұл жаңылыс жарияланым да сол 90-жылдар төңірегінен табылады. (Ал кейіннен табылған деп Лермонтовқа телінген, басқа көптеген өлеңдер туралы «Лермонтов энциклопедиясында» жеке мақала бар («Приписываемое Лермонтову»), стр. 445-446). Орыс зерттеушілері бұл құбылысты жұртшылықтың Лермонтов шығармашылығына ықылас, қызығушылығы арта түсуімен және оны орыс поэзиясының классигі ретіндегі мәртебесін (репутация) қалыптастыру кезеңімен байланыстырады.

Ал 80-жылдары тәржімаланған деп есептелетін «Бородино», «Әм жабықтым, әм жалықтым» деген екі өлең болмаса, Абайдың Лермонтов шығармаларын дендей аударуы алдыңғы ғасырдың нақ сол 90-жылдарынан басталады...

Біздегі, «Абайдікі екен» деп әр кезде әрқилы ән-күй, өлеңдер табылып жататыны сияқты, Ресейде де сол жылдары Лермонтовты «толықтыру» науқаны қызу жүріп жатқан. Демек, Абайдың қолында дәл біз айтқан басылым болмаған күнде де, соның алды-артында шыққан, соған ұқсас жинақтардың бірі болғаны анық. Лермонтовтікі екені белгілі, бірақ «Измаил-Бей» мәтінінің негізгі нұсқасына кірмеген сегіз жолдық үзіктің, сондай-ақ ақынға жаңылыс таңылған, авторы мәлімсіз «И ты думаешь будто я хладен и нем» («Қалқам-ай мен үндемей жүремін көп»), «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» (Я.Полонский «Сердце») сияқты өлеңдердің алғашында Абай аударған Лермонтов шығармаларының қатарынан табылуы соның айғағы.

Абай

* * *

Осы арада Абай мұрасының терең білгірі, ақын тұлғасы мен шығармашылығы туралы тың пікірлері мол «Жұмбақ жан» деген қызықты кітап жазған Тәкен Әлімқұловтың кезінде: «Лермонтовқа байланысты бір жайт – оның тұңғыш жинағы небәрі 28 өлеңнен құралады. Екі жүзден астам өлеңнің жиырма сегізін ғана кіргізген. Сайдың тасындай іріктелген аз өлең автордың ересен білімдарлығын, талғампаздығын байқатады. Бір қызығы, Абай Лермонтовтан дәл 28 өлең аударыпты. Осыны санаған Амантай Сатаевтың «Абай бір кітаптан ғана аударған» деген жорамалы иланымды. Бұған қосымша айтар нәрсе Абайдың қолына Лермонтовтың бір-ақ кітабының түсуі – тарихтың өкініші» дегені еске түседі. Ертеректе айтылған пікір болғандықтан, кейінгі ізденіс, зерделеу тұрғысынан бұған күмән айтудың орайы келіп тұр. Біріншіден, 28 емес, 26 өлең. Қалған екеуі – поэма: «Мцыри» және «Песня про... купца Калашникова». Ал бұл поэмалардың қатарында «Измаил-Бей» жоқ!.. Сонда Абай поэмадағы өзі аударған кіріспе-прологты және «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» деген үзінді бөлікті қайдан алған?!

Екіншіден, Лермонтовтың көзі тірісінде шыққан бұл тұңғыш, әрі соңғы жинағына оның 1840 жылға дейін жазып үлгерген 400 өлеңінен іріктелген 26 өлеңнің ішінде дуэльде қаза табар алдында ғана жазылған атақты «Выхожу я на дорогу» («Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз»), «Утёс» («Қонады бір күн жас бұлт») немесе олардан ертерек шыққан, бәрімізге белгілі «Кинжал» («Қанжар»), «Парус» («Жалау»), «Пленный рыцарь» («Тұтқындағы батыр») қатарлы әлденеше туынды тағы жоқ... Егер Абайдың бүкіл Лермонтовтан көргені осы жалғыз жинақ болса, өзі үзіндісін аударған «Демон» поэмасын, өлеңмен аударған «Вадим» романдарын қайдан оқыды?..

Ақыры, Абайдың Лермонтовтан аударған шығармаларын орыс ақынының өз қолымен іріктеп енгізген 26 өлең, екі поэмадан тұратын сол алғашқы жинағының мазмұнымен мұқият салыстырып, түгендеп шықтық.

Абай бұл жинақтан... 9-ақ өлең аударыпты!..

Ал бүкіл Лермонтовтан аударған шығармаларының жалпы саны, варианттарымен қосып алғанда, 28-30 шамалы екенін бәріміз білеміз.

Демек, «Абайдың қолына Лермонтовтың бір-ақ кітабы түсуі» мүмкін емес! Лермонтов қайтыс болғаннан кейін де, Абай қолына қалам алғанша, орыс ақынының шығармалары мерзімді басылымдарда (мысалы, «Отечественные записки») біртіндеп жарияланып жатты. Шығармаларының бас-аяғы түгенделген толымды жинақтары да Абай дүниеден өткенше әлденеше дүркін басылым көрді. Сол қатардағы 90-шы жылдары шыққан толық жинақтары туралы жоғарыда сөз еттік. Сондықтан әдеби жұртшылық, ғылыми қауым ортасында әлі де төбе көрсетіп қалатын, Абай орыс ақынының алғашқы өлең жинағымен ғана шектеліп қалды деген жаңсақ пікірдің ендігі жерде еш орны жоқ.

Абай Лермонтовтың тұлғасы мен поэзиясын толық таныған, аудармашы ретінде де жете меңгерген.

Лермонтов – Абайдың жанына ең жақын тұтқан ақыны.

Т.Әлімқұлов: «Абай... өзінің ішкі әлеміне орайласатын үндес, мүдделес, мұңдас, сырлас ақындарды қалайды. Олардың өлмес мұрасынан... өзінің мұратына, көңіл хошына үйлесетін, көкейіне қонатын ішті дүниелерді аударады» дейді.

Дәл осы себепті де, Абайдың қолында, біз болжағандай, Лермонтовтың қанша кітабы болса да, өзіміз білетін сол отыз шақты шығармасын ғана аударған болар еді деп ойлаймыз...

* * *

Сонымен, автор тарапынан бекіген түпнұсқа мәтініне қосылмауға тиіс, оны Абай аудармауға тиіс болған, өзіміз ізіне түсіп, біраз сарсылған әлгі сегіз жолдық өлең үзіндісіне келейік. Ақыры аударылған екен – одан не бүлінді, немесе о баста өз орнында тып-тыныш тұрған кіріспе мазмұнына қандай тың рең, мағына, көрік, қосылды?

Мүмкін, ештеңе өзгермеген болар?..

Алдымен, бұл түпнұсқа есепті сегіз жолдық үзіндінің Абай аударғанда неге төрт тармақты жалғыз шумаққа айналған себебіне үңіліп көрейік. Осы үзіндінің біз жоғарыда келтірген орыс тіліндегі мәтіні мен қазақша аудармасының мазмұнын салыстырып қарағанда, Абай оның бастапқы үш жолын ғана аударғанын көреміз. Соның өзін мағыналық акценттерді өзгертіп, еркін аударған. Осыған орай, тағы бір сұрақ туады – кіріспенің осы тұсына дейін дәлме-дәл аударылып, қалған бөлігін ақын неге өзінше мәністеді (интерпретация мағынасында) және алдыңғы үш жолдан кейінгі мәтін неге тәржімаланбады?

Аударма шумаққа негіз болған үш жол мынау:

И ты, звезда любви моей,

Товарищ бурь моих суровых,

Послушай песни прежних дней...

Осы жолдарды ары қарай аяғына дейін жалғастырып оқысаңыз (жоғарыда келтірілді), поэма кіріспесінің бұл үзіндісі бастапқы интонациялық-стилистикалық тұтастықтан ауытқып, біреуге, нақты бір адресатқа қарата арнайы айтылған сырға айналғанын көреміз. Зерттеушілердің көбінің пікірінше, алғашында бұл, шынымен, ақынның сүйген қызына – В.А.Лопухинаға арналған болса керек. Лермонтовтың бұл үзіндіні поэма прологынан неге алып тастағаны енді түсінікті болды деп ойлаймыз – дербес өлеңде орынды болғанымен, поэма мазмұнына, ондағы кейіпкерлер мен оқиғаларға, т.б. қатыссыз, өз басына ғана қымбат, жеке танысына ғана айтылар сырды кіріспеге енгізуді, әлбетте, жөн көрмеген.

Баспагерлердің автор өзі қалыптаған нұсқадан негізсіз ауытқып, саналы түрде жасаған қателігінен хабарсыз болса да, Абайдың көркемдік өткір түйсігі тұтас пролог мазмұнының дәл осы тұсында бір кінәрат, кілтипан барын шамалаған сияқты. Сондықтан да «И ты, звезда любви моей»-дегі «И ты» деген тіке қаратпаны алып тастап, «звезда любви моей» дегендегі тура мағынасында тұрған махаббат сөзінің («любовь/любви») аясын көп кеңітіп, «жанымның жарық жұлдызына» айналдырады. Ары қарай Абай «Жамандық күнде жарымсың» деп сөзбе-сөз емес, бірақ жалпы мағынасын дәл аударған жолдан кейін бұл шумақтың енді өмірде нақты біреуге емес, кіріспе мазмұнындағы айқын бейне – лирикалық кейіпкер жанын дүр жаңғыртқан ақындық шабыт, поэзия құдіретіне тікелей байланысты екенін ұғасыз. Лермонтовтағы «звезда» – оның өмірдегі махаббатының айнымас сертіндей көз тартқан символ-белгі болса, Абайдағы «жұлдыз» – ақын жанын «жамандық күнде» де адастырмас жап-жарық темірқазық бағдар, сәулелі поэтикалық аңсар іспетті.

Лермонтов шығармаларын жинаушылар мен құрастырып, басып шығарушылар адастыра жаздаған қисынсыз тұстан Абай осылай жол тауып, қиялап шыққандай көрінеді.

Яғни о баста-ақ Лермонтов өзі түзеткенді Абай қайта түзетті десек те болады...

Біздіңше, бұдан әрі қарайғы өлең жолдарының да «Измаил-Бейге» еш қатысы жоғын аңғарған Абай қалған тармақтарға тиіспей, жайына қалдырған. Тек «Послушай песни прежних дней...» деген үшінші жолды «Сөз болсын ескі ер сөзі» деп еркін аударады да, шумақты енді анық өз жанынан шығарған «Кейінгіне қалынсын» деген өз тілегі мен үміт-мақсатын білдірген жолмен аяқтайды. Осы арада бір айта кететін жай, жаңағы «ескі ер сөзі» мен Лермонтовтағы «песни прежних дней» – формалдық жағынан ұқсас, үндес болғанымен, контекст тұрғысынан мағына-мәнісі бір-бірінен аулақ жатқан ұғымдар. Орыс ақынының лирикалық кейіпкері сүйгеніне өткен күннің, жүректегі айнымас махаббаттың көне жырын тыңда деп, екеуара өздеріне ғана мәлім сырларға меңзесе, Абай поэма мазмұнына – XVIII ғасырдың аяғы, ХІХ ғасыр басында өткен оқиғалар баяны мен шығарма кейіпкерлері санатындағы Измаил-Бей, Росланбек сияқты ескі күнгі тұлғалы ерлердің қилы тағдырына нұсқайды. Және, ең қызығы, осы айтылғандарды парықтай келе, жеке-дербес дүние ретінде де еш құнын жоймас бұл поэма прологын Абай нақ сол... пролог түрінде аударған деген қорытындыға келеміз. Абай, шынында да, бұл туындыны аударғанда, оның жай өлең емес, келелі поэмаға кіріспе екенін де есінен шығармағаны анық. Соған қарағанда, Абайдың әу баста «Измаил-Бейді» толық аудармақ ниеті болғанға ұқсайды. Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, бұл сөзде қисын жоқ деп ешкім айта қоймас. Бұл орайда, поэмадағы елін, жерін қорғап, отаршылыққа қарсы, халқының азаттығы үшін алысқан ерлер бейнесі Абайды ең алдымен қызықтырған болуға тиіс. Ал енді Абайда дәл осы «Измаил-Бейден» аударма деп саналатын тағы бір өлең барын ескерсек («Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек»), бұған көзің жете түскендей болады.

Қалай болғанда да, ақынның поэма прологын арнайы аударуы, осы күнге дейін Абай өз жанынан қосқан деп есептеліп келген соңғы шумақтың мазмұны мен емеуріні бізді осы ойға жетелейді.

Лермонтовтың өлеңмен аударылып, бітпей қалған немесе аяғы жоғалып кеткен «Вадим» романы сияқты бұл да Абайдың қилы себептермен іске аспай қалған бір шығармашылық жобасы болуы әбден мүмкін.

Осылайша, Лермонтов туындысының стилистикасы мен интонациясын, бейнелер түзілімі мен мағыналық реңдерін қапысыз түйсініп, дәл аударған Абай, қазақшасы да бар ажарымен түпнұсқаның өзіндей табиғи, жатырқаусыз қабылданатын адекватты тәржіманың және бір үздік үлгісін алдымызға тартады.

* * *

Енді бір сөз қалды.

Әңгімеміздің басында, әдетте, бұл өлеңді Абай кіріспе деп емес, жеке өлең ретінде аударды деп түсінетініміз туралы айттық. Ал «Измаил-Бей» прологының түп-тарихын қазбалай келіп, аудармада оның кіріспе сипаты нақтылана түскеніне қарағанда, Абайдың, тіпті поэманы тұтас аудармақ ниеті де болған сияқты дедік...

Сонымен, қайсысына тоқтаймыз? Аудармасында бұл шығарманы кіріспе деп ұғамыз ба, әлде дербес өлең деп қабылдаймыз ба?

Абай, біздіңше, өз сөзіне үміт артқан, тіпті оның кейінгіге мұра болып қалар тағдырына да анық сенген адам. Егер бұл өлеңді поэмаға қатыссыз жеке шығарма деп қарайтын болсақ, ондағы «Сөз болсын ескі ер сөзі, Кейінгіге қалынсын» деген жолдар Абайдың өз басына, қала берді, жалпы ақын атаулыға қатысты да сөз болып шығады. Яғни келер ұрпаққа ертеректе өткен ескі заман ақынының бір ауыз да болса сыры қалсын, солардың талқысында, қаперінде болсын, керегіне жарасын дейді. Ал енді осы туындыны кіріспе деп ұқсақ, онда жаңағы екі жолды бұдан әрі (поэмада) ескіде өткен ерлер ісінің баяны, тағдыр-талайы сөз болатынына аңдатпа деп түсінесіз. Абай аудармасы осындай екіұдай астар, екіұдай мағына – екіұдай тұтастығымен айрықшаланады.

Бірақ біз үшін бір нәрсе анық – «Көңілдің күйі тағы даның» поэма үзіндісі екенін білген күнде де, білмеген кезде де қазақ оқырманы бас-аяғы түгел, мағыналық, бейнелік тұрпаты толық бұл өлеңді ежелден ешнәрсенің бөлшегі, үзіндісі деп емес, өз алдына жеке шығарма, тұтас дүние деп таныған, тани бермек те.

Тағы бір нәрсеге күмән жоқ – егер «Измаил-Бей» толық аударыла қалса, негізгі 12 жолдық «таза» нұсқасы ғана емес, өзі прологқа жарамсыз деп тапқан қалған жолдардың да қиюлы тұсын алып, оған қосымша мәніс, мағына бере аударған Абайдың осы өлеңін поэманың қазақша нұсқасына кіріспе етіп алуға Лермонтов қуана-қуана келісер еді!..

Тұрсынжан Шапай,

сыншы, абайтанушы