Жанкешті тағдырлардың сақабасы

Міне, бұл фәнидің азабы мен жұмағын қана ішкен тағдыр иесі – ұлы жазушы Қабдеш Жұмаділовтің мәйіті салынған көлік те орнынан жылжи бастады.
Осыдан жарты ғасыр бұрын 300 мың қазақты ұлы Отанға бастап, аптыға аңсап басып Алматыға келіп еді, енді: «Еңбектеп келіп өмірге, Шалқалап үйден шықты әкем», – деп Қасым ақын айтқандай, тар табытқа оранып, елу жыл ұя басқан үйінен шалқалай жатып, тоғыз жолдың торабынан мәңгілік қоныс тебуге аттанып барады. Қабырғасы қайысқан қаралы жұрттың басы салбыраған үнсіз. Қозғала бергенде: «Қош бол, Қабдеш!» – деген Сәуле жеңешеміздің жанайқайы естілді. Енді осынау жазушылар үйінің ауласы да құлазып қалатыны анық. Бұл үйде тұратын соңғы жазушы да бақилық сапарға аттанды. Маған Таскескенге дейінгі ұзақ жолдың екі шетінде Қабдешпен қоштасып қалуға, өздерінің тағдыр озанын ақырғы сапарға аттандырып салуға жиналған қара халық самсап тұратындай көрінген. Олай емес, сол баяғы бойкүйез тіршілік пен күйбің иелері теріс қарап, өз беттерімен кетіп барады. Айқайлағым кеп кетсе де, ас-сабыр рахыммен, Қабаң туралы, ол жазған шығармалар туралы ойға қалдым.
Орайы келген реттегі әр жылдардағы пікірлерімді ішімнен тұжырымдай еске ала бердім: Қабдештің қазасы арқылы қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл қазақ қауымы үш қоғамның – феодализмнің, социализмнің, тәуелсіз Қазақ елінің бақ пен сорын басынан кешіп, жаны күйініп, сүйініп, жүрек қанының әр тамшысын ұлтының тағдырына арнаған соңғы көсем куәгері мен ұлы жыршысынан айырылды. Жазмыш оған ұлт тағдырының тауқыметі мен тәубесін ащы өзегіне түсірген ғұмыр кешуін беріп, рух күшінен қуат алған аса қуатты талант сыйлады. «Қазақ идеясы – Қабдеш Жұмаділовтің өмірлік мақсатының алтын діңгегі», «Қабдеш Жұмаділов – ұлтының «рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының көз жасының аманатын ар-ожданына кір келтірмей, қайсарлықпен орындап шыққан нысаналы тұлға», «Қабдеш қаламының қуатына туған халқы әлі де мұқтаж еді». Халықтан шыққан халықтық (халық емес) жазушы туралы осынау бір ауыз лебізімді Альфред де Мюссенің: «Өткеннің барлығы өшіп тынды, ал болашақта не болатыны белгісіз… Кешегі қоғам біткен жоқ, ертеңгі қоғам өз өмірін бастап кетті», – деген сөзін желеу ете отырып, Қабдеш – Қабаң да өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде атаулы тойларын тойлап өтті, кешегі тіршілікпен толық есебін айырысып үлгерді және оның рухын өлтірмей, мына дәуірімізге жалғастырып әкелді, енді ертеңгі келешекпен де жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті» деген алғау сөзбен бастар едім.
Шындығында да, мұқым бір ұлттың қияметті де киелі болмысын қайталанбайтындай тебіреніспен, қолына қалам ұстаған кез келген суреткердің маңдайына бұйыра бермейтіндей құдіретті құштарлықпен, тағдырдың әбілһаят суына суара отырып жазылған «Соңғы көштен», «Тағдырдан», «Дарабоздан» кейін жан сусынын қандыратын туындыны өмірге әкеледі деп дәметудің өзі де, софы Аллаяр айтқандай, дәрменсіздің үміті» еді.
Сүйінішке орай, біз қателесіппіз. Өзі тауып айтқандай, «соңғы көштен» кейін де – көш, «тағдырдан» кейін де – тағдыр, «дара боздан» кейін де – дара боздар, «қайтқан қаздардан» кейін де – «ажалдан қашқан періштелер», «таңғажайып дүниеден» кейін де – «қыл көпір» бар екен.
Сондай бір жанкештілікпен өткен, «шығармашылық» атты «бейнет сусынын» (Абай) қана ішкен, ұзақ жылға созылған салбурынды өмірден соң, көзіңді жан терезесінен жоғары көтеріп, мынау жарық дүниенің «кең аспанына, елінің мейіріміне» жанарының құмарын қандыра қарап, бір ықылым сәтке ойын да, бойын да суытқан Қабдештің – Қабаңның фәни тіршілігіне ел-жұрты сүйінішпен қарап өтті. Бірақ зар күйін сақтаған «сәйгүліктей», тумысынан «бейнет сусынына» шөлі қанбаған һас болмысты өнер иесіне тән жанкешті (жансебіл емес) құштарлықпен, екінші бір кең тыныспен қаламын енді қайтып қолына алмайды.
Ақыл азабына, сана сабылысына, көңіліндегісін көпке жеткізуге ұмтылған неткен жанкешті (иә, тағы да осы сөзді қайталамасқа әддіміз жоқ) қуатты құштарлық десеңізші!
Мұндай құбылыс арғы-бергі әлем әдебиетінің, тіпті барша өнер атаулының тарихында сирек. Гете («Фауст»), Гюго («Тоқсан үшінші жыл»), Толстой («Қажымұрат») ғана басынан кешкен тауқыметті де тағдырлы ырыздық. Халқымыздың ғасырларға кеткен хатибының есесін қайырғысы келді ме, кім білсін, Жаратқан ием Қазақ еліне ондай сыйды сондай бір жомарттықпен сыйлапты. Оған өтпелі кезеңдегі Ілияс Есенберлиннің («Көшпенділер», «Алтын орда»), Бекежан Тілегеновтің («Сексен алтыншы жыл», «Қара жел», «Тұйық өмірдің құпиясы»), тәуелсіздіктен соңғы Мұхтар Мағауиннің («Тамыздан кейінгі әңгімелер», «Одағай әңгімелер», «Жармақ»), Қабдеш Жұмаділовтің («Прометей алауы», «Қыл көпір» романдары мен «Ажалдан қашқан періште» бастатқан әңгімелері) пайғамбар жасына жеткеннен кейінгі арыны анық дәлел.
Шығармашылығы бір әңгімемен, бір хикаятпен, бір романмен өлшенетін, көркем ой қуатының шама-шарқы соған ғана қаптал жеткен тамаша суреткерлер бар. Ал мына шоғырдың, соның ішінде Қабдеш Жұмаділовтің шабыт шарпуы мен қалам қарпуы жойқын болды. «Өмірден соң да өмір бар» деп рух рауаяттарында айтылатындай, бұл шоғыр бір адамға тиесілі шығармашылық жолды қайырып тастап, зар күйіне түскен нар жолының екінші айналымын да қайырып тастаған жайы бар.
Мұхтар Мағауин «Одағай әңгімелері» мен қос жарылған «Жармақтың» тізгінін түйіп қойып, «Шыңғыс ханға» ойысты. Ал Қабдеш Жұмаділов «қыл көпірден» өтіп, «академиктердің көз жасына көшті». Мұны, енді, көмбеге тура тартқан Алшағырдың бурыл құйрықты бозайғырының екпіні демеске лажың жоқ. Әттең, Алшағырдың бозайғырына да мәңгілік ғұмыр бұйырмаған. Кереқарыс маңдайы жарқырап Қабаң да қара жердің суық құшағына кірді.
Қадари хадиске жүгінсек, ләухұл-махпуздың тақтасындағы маңдайыңа жазылған ырыздық пен кермек дәмді толық татпай мына жалғаннан көшпек емессің. Бұл орайдан шалғанда, бұла шағымызда сүйініп оқыған «Жас дәурен» жыр жинағының авторы Қабдеш ақынның өзі: «Әлемде талай қызық бар, Аралап көрсең нанасың. Бөліп тұр қызыл сызықтар, Бақыт пен сордың арасын», – деп жырлаған бақ пен сордың сызығын арлы-берлі, аумалы-төкпелі, алма-кезек кесіп өткен жанкешті (иә, Қабдештің шығармаларын оқыған адамның осынау бір жанкешті деген жанкешті сөзді қайталамауы мүмкін емес) кейіпкерлердің тұтас бір қауымының (галерея деген аздық етеді) тартар азабы мен көрер қызығы Қабдеш қаламгерге жазмышынан бұйырса керек.
Егер де көркем уақыт пен кеңістікті өлшемге алып, Қабдешті – Қабдеш ретінде қатарға қосып, Қабдеш Жұмаділов деген атты әдебиеттің тақтасына ойып тұрып жаздырған «Қаздар қайтқанда» әңгімесінен бастап, қаламының ұшынан шыққан соңғы «Ажалдан қашқан періштеге» дейінгі Қабдеш бейнелеген кейіпкерлер қауымының арасына саңылау салмай, бір желінің бойына тізсек, онда сізге өтірік, маған шын демейін, бізге өтірік, сізге мәлім, Алтай мен Алатаудың арасындағы шекара бойын тұтастай кеудесімен жауып тұруға қапталынан жететін шеп құрылар еді және олардың барлығы шетінен жауынгер әрі отаншыл қаһармандар (кейіпкерлер емес). Сонда, өз жерімізден басталып, өз жерімізге құятын ұлы дариядан қағыс қалдырған ырыздығымызды, сол бір «өлім ішінен – өмір, өмір ішінен өлім іздеген отаншыл жанкештілер» өздерінің намысты ырысымен толықтай қайтарып берер еді.
Мұны асылық демеңіз, бір сәт қазақ даласын қайыстыра леки жортып, қылышын жарқылдата білеген «Дарабоздағы» сайын сарбаздарды, пайғамбардың желбіреген ақ туының шылауына ере шеру тартқан «Прометейдің алауындағы» дала сахабаларын, шекара бойлай бір сүйем жерді жаудың табан астында қалдырғысы келмей жанталасқан «Тағдырдағы» тауқымет иелерін, «Абылайдың ақырғы күніндегі» елін келешекке аманат еткен хан Абылайды, сол «Абылайдың соңғы батыры Бердіқожаны», азаттық үшін өмірін қылыштың жүзіне сертке байлаған «Көкжалдағы» көкжалды (Оспанды), бошалап кеткен ұрпақтың боталап қайтқан «Соңғы көшіндегі» жүрегі жаралы арыстарды, туған жерге деген аңсарын ешқандай атақ-абырой баса алмаған «Атамекендегі» ақыл зиялыларын, «Көкейтестідегі» Наркескенді, желтоқсанның ызғары қарып, қыл көпірден өткен, тәуелсіздіктің ыстық табы бетін шалған «Қыл көпірдегі» рух қаһармандарын көз алдыңызға елестетіңізші!
Олардың барлығы: күйбің тіршіліктің бұлдыр елесін, жалғанның жалған мағынасын іздеп жабығып жүрген шерменделер емес. Отаны үшін жүрегін отқа қарытқан, күресінді күйттемей, азат Отанды кие тұтқан жанкешті шаһит қаһармандар! Отан сахабалары. Бірі ұлы Отанды жаудан азат етсе, екіншісі рух шекарасын бекітіп берсе, үшіншісі шекараның шебі үшін жанталасады, төртіншісі ұлтының еркінен тыс, жаттың қолымен кесілген кеңістіктің шебін бұзып, кектене ашынып, ұлы тарихи Отанға асығады.
Қабдеш Жұмаділов кейіпкерлерінің көкейін тескен бір-ақ аңсар бар, ол – Отан, Отан және Отан! Көркем қуат та, ішкі рух та, оқиға да, шиеленіс пен тартыс та, көркемдік шешім де Отан тағдырына құрылған. Түптің түбінде Қабдеш Жұмаділовтің сол отаншыл жанкешті қаһарман кейіпкерлеріне қойылған асқақ рухты ескерткіштердің рухы шығыс шебімізде самсай атойлап тұратынына мен сенімдімін.
Біз қазір Отан деген қасиетті сөзді айтуға кібіртіктеп, шытына қабылдайтын кепиетке ұрындық. Ал Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтқандадан» бастап, «Ажалдан қашқан періштеге» дейінгі кеңістіктегі кейіпкерлері Отанына, тарихи Отанына ұмтылады. Қарттары алатын ажалдың өзін Отанынан іздеп, Отанында өмірін жалғастыратын немересін жетектеп жанқиярлыққа барса, ажалдың құшағынан қашқан ана құрсағындағы шарананың өмір бесігін Отанында тербету үшін жанын қасым етуге жантәуекел етеді. Қызыл шаһа «Бақ пен сордың» арасын бөліп тұрған қызыл сызықты аттай бере, өз Отанында дүние есігін ашады.
Шағын ғана осы екі туындыда бүкіләлемдік нысана бар. Адам санына алаңдамайтын бір жарым миллиард жұрттың туыт шектеу саясатын жегісіне жеткізген Моянның «Қызыл шаһа» романына «адамның тектік ар-ұятын қорғағаны үшін» Нобель сыйлығы берілді. Сол идеяны осыдан алпыс жыл бұрын, сонау «қаздар қайтқан» заманда жазып, мына дәуірде қайталай тәкіралаған Қабдеш Жұмаділовтің аманатты аңсары қазақ қоғамын былай қойып, қазақ әдеби сынының назарына да ілікпеді. Миллиардтар елі Моянның «Қызыл шаһасынан» соң екі бала, аз ұлттарға үш бала өсіруге рұқсат берді. Ұлы елдің орта дәрежелі қаласының ғана санына қарайлас ұлтымыздың қызыл шаһаларының тағдыры бізді әл-әзірге алаңдататар емес. Отанымыздағы қызыл шаһа періштелер ажалдан қашып шет ауып кетпесе екен деген тілеуден басқа қам-қаракетке біз де шарасызбыз.
Рух пен ұлт сақабасы атанған жазушылар әулетінің абызы Қабдеш Жұмаділов өз елінің алдындағы кезекті бір парызын осылай орындаған.
Айтпақшы, рух сақабасы демекші, Рахманқұл (Бердібай) дегдарды тітірендірген көзқамандар мен Оралханды (Бөкей) түршіктірген дүдәмалдардың мысы басып бара жатқан мынау «беті суық заманда» біз осы иманымызды үйіретін Жаратқанның өзінен сескенуден қалып бара жатқан жоқпыз ба деген күдік пен күмән ойымызды жеңе бастағандай. Қуық балақ, сыпсың сирақтарды былай қойғанда, ернін қимылдатуға ерінбеген ересек еркектер мен кексе әйелдердің өзі ислами құндылықтарды былай қойып, пайғамбарымызды өсектің тақырыбына айналдыруға машықтануға бет алып бара жатқаны ақиқатты шындық.
Сондай бір зауалды нышандарды байқағанда Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы» романындағы сайын сахараға рух нұрын шашқан Ақтайлақ би мен Құнанбай қажы арқылы Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовтен бастап, Мұхтар Құлмұхаммедке (жазушының емеурінді кейіпкері) дейінгі ұрпақтарды шарпыған сауап уағызының салауаты ойыңа оралады. Бес тал сақалмен, бес елі етекпен күресуді мемлекеттік идеологияға айналдыруға ден қойғанымыз, шынымен де, алаңдатса – алаңдатарлықтай. Ал «иман айнасының» (Абай) ұлттың ар-ождан тазалығы мен әдеп тәрбиесін сақтауға тигізетін сауабы осы шығармада барынша мейіріммен суреттелген.
Салауатты зиялыны ойға қалдыратын бұл романның түпкі нысанасы уақыт өте келе барынша ашылатыны жәзман, яғни күмәнсіз айғақ. Алайда жазушының сол алаңын ерте түйсініп, еркімізді есімізге неғұрлым ерте жеңдірсек, қазақ қоғамының ішкі бірлігінің жігі ажырамас еді, барынша мығымдала түсер еді. Романның «Киелі көш» тарауына сүйемел етіп алынған «Ағзаб» сүресіндегі: «Ей, пайғамбар! Сөз жоқ, біз сені әрі куә, әрі жұбатушы, ескертуші етіп жібердік. Алла жаққа жол нұсқап шақырушы бір жарық алау түрінде жібердік», – деген тәмсілдің, шығарманың аты неліктен «Прометей алауы» деп аталуының астарын ойлы оқырман осы емеуріннен-ақ түсінері кәміл.
Сондай қасиетті алауға сүйіне ұмтылған қазақ қауымының алдынан «Тозақ оты» тосып тұрғанын, азаттық аңсаған бұла тәнінің Такламакан шөлінің аңызақты аптабына қақталарын, бостандық іздеген көштің «Көкжалының» өміріне қанды қақпан құрыларын, аялаған «Аққуларының аранға түсерін» кім білген?! Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің маңдайына бейне бір Қазақ елінің тағдыр тауқыметін түгендеу жазылып қойғандай, аталған үш хикаяттағы тозақ азабы «Қыл көпірде» жазушының ой желісімен қайталана сабақтала сараланады.
Үш хикаяттағы басты желі – азаттық үшін тартқан азап тауқыметі. Мейлі, Тарымның тары құмында, Алтайдың бауырында, Алатаудың алқымында, Сарыарқаның сауырында болсын, бәрібір, ұлтының ар-ожданы үшін күйіндіге ұшыраған ер-азаматтар мен ақ жаулықты арулардың тағдыр зауалы біреу-ақ: ол – ұлт намысы. Елін сүйгені үшін – ел ағалары, ерін сүйгені үшін – ел аналары азап шегеді.
«Бостандықтың дәмі тәтті, ырыздығы ащы» деген сол. Осындағы азапты өмірге ашына отырып, тәуелсіздік жолының қандай ауыр сынақтан өткенін сезінесің. Бүгінгі тәуелсіз өмірдің шуағында Қабдеш Жұмаділов суреттейтін «Тозақ отындағы», «Көкжалдағы», «Аранға түскен аққулардағы» азат рухты жандардың жан азабы бар екенін ұғынасың. Бұл ойды жазушы «Қыл көпірдегі» ой ағымында барынша қанық қалам қуатымен иландыра талдады. Бұл шығармалардың барлығы да: Қазақ елі қылкөпірден өтті, енді сенімді қадаммен келешекке қарыштай адымдайтын шағымды шақ туды деген нысаналы сеніммен рухыңды көтере баяндалып, ертеңгі күннің ерен құбылыстарына емеурін танытумен аяқталады.
Осы романдар мен хикаяттардың арасында, Қабаңның екінші тыныс алған кезеңінде жазылған шағын жанрдағы шығармаларының өзі трагедиялық тақырып пен трагедиялық ситуацияға құрылған. «Ажалдан қашқан періште» мен «Тұл махаббат» әңгімелерінің көркемдік шешімі өмірге деген құштарлықпен, жаныңа үміт сыйлаған шуақты сезіммен аяқталады. Екі туындыдағы кейіпкерлер тағдырдың тұңғиық тылсымына шөгіп бара жатып, жан дәрменінің септігімен қараңғылық тұмшалаған тереңнің түбінен өмір сәулесіне ұмтылады. «Тұл махаббаттағы» зәрлі зәузат зары өмір жырына ұласады. Жас жұбайлардың бақытқа ұмтылып, бақытсыздықпен аяқталған тағдыры қамтылған «Жеті ата» атты шағын әңгімедегі ата-баба рухының зауалы да сол шикі өкпе ұрпақтардың қамы. «Пәни мен бақи арасындағы» кейуана Қаншайым мен мейірлі Мониканың бауырынан өрген үмітті ұрпақтың ертеңі күдікті көңілге сенім ұялатады.
Кейде «Қисынын тапса – қар жанады» дегендей, қисынын тауып, дәстүрге сүйеніп бұзылған заңның өзі үрімге де, ұлтқа да олжа салатынына сүйінесің. Бірақ бәріміз Әзімбай емеспіз, бар бәйбіше Қаншайым емес, тіпті осы үрдісті аңсар етіп отырған Қабдеш ағамыздың өзі де Әзімбайға тартпағаны анық. Жай ғана армандауға болмай ма дегендей, біріміздің қолымыздан келіп, біріміздің қолымыздан келмей жүрген бір гәп қой бұл, бірақ сол гәптің түбінде де ұрпақ қамын ойлаған үлкен «гәп» жатыр.
«Қалың елім, қазағым» деген ауқымға сыйып кететін пікірлер шоғырында даналық та, ағалық та, адалдық та, намыс та, тіпті шамкөстік де бар. Мұның барлығы ұлыларға тән мінез. Ол бәріміз жиі айтатын, бірақ орындай бермейтін:
«Айтып өткен адамда арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай», – деген аңсарды ұстанған шығармашылық ұстын.
Мұндай шамырқанулардың барлық себебі мен салдары «Кешірімде» айтылған. Ол адамдарды, олардың ой-қырын біз де білеміз. Біріне түсіністікпен, біріне түсініксіздікпен, біріне әттеген-аймен, біріне «дұрыс екен, жарайсыз, Қабе!» деп қараймыз да, біз де «кешірімге» жүгінеміз. Кешірімге жүгінеміз де, қылдай қиянаттың өзін ауырсынатын пенде Қабдештің жанын жаралаған пенделерге, әсіресе жазушыны жастайынан талаған қырқылжыңға қаратылған қыжылымызды кешірімге қимаймыз. Өйткені ол бір Қабдешке емес, алдыңғы толқын арыстарға да (Әди, Ілияс, Әнуар, Олжас, Мұхтар), тіпті азу тісіміз шығып үлгермеген кезде бізге де қадалған кәрі шөңге – тікен еді. Ал қайымдасқандардың уәжіне жазушының жауабы да берілген. Олардың ақ-қарасына төрелік айту біздің міндетімізге жатпайды. Қалай дегенмен де, бұл толайым пікірлерде қаламгер Қабдеш пен пенде Қабдештің тұлғасын толықтыратын, жан дәрменін білдіретін ақ адал ой бар.
Жазушының жан сыры мен психологиясы «Еменнің иір бұтағы», «Басынан Қаратаудың көш келеді», «Жеті ата», «Бір шөлмек сыра», «Демократия», «Кешірім», «Қыл көпір» атты туындылардағы өтпелі кейіпкер Айжарықтың ой ағымы арқылы ашылады. Тек бұл шығармаларда ғана емес, жалпы, тәуелсіздіктен кейінгі жазылған үлкенді-кішілі туындылардың барлығында да жинақтай баяндау үрдісі анық аңғарылады. Бұл тәсіл жазушы мәтіні арқылы ойды саралай талдауға, жауапкершілікті өзіне ала отырып, айтар ойын ашық білдіруге, яғни жан толғанысын барынша шынайы жеткізуге, сол арқылы оқырманын күмәнсіз сендіруге мүмкіндік береді. Шығармашылық иелерінің тұлғалық болмысын түсінуге жол ашады.
Қабдештің қаламынан шыққан шығармалардың барлығында жан айқайы мен жан ашуы бар, жанкешті тағдыр бар. Атақты шыншыл, жазған хаттарының өзімен Николай бірінші патшаны түршіктірген Шағатайдың үрімі Петр Чаадаев: «Маған барлық күнәні артуға, мені кез келген қылмыспен айыптауға болады, бірақ халқын алдап, өтірік айтты дей көрмеңіздерші!» – деген екен. Сол сияқты біз де: «Қабдеш Жұмаділовқа қарата кез келген жаланы жабуға болады, бірақ оның қаламы ұлтының ар-ожданына адал қызмет етті, оның жан айқай мен жан ашуында жалғандық жоқ», – деп кепілдік бере аламыз.
Қабдеш Жұмаділов туралы сөз болғанда оның өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екеніне ешкім күмән келтірмейді.
Міне, Қабдеш ағамыздың рухы өзі аманат еткен тоғыз жолдың торабындағы нысаналы, тағдырлы төбеге мәңгілік қонақтады. Қабірден шөкімдей топырақ шықпапты, тұтасымен жақпар тас екен. Жігіттерге рақмет, жалпақ тасты жарып отырып, қашап отырып қазыпты. Тіршілігінде тағдырдың тасын жарып өмір сүрген Қабдеш ағамыз о дүниенің тас қақпасын да жарып ашты. Менің көз алдыма, қайырылып бір осы арадан өткенде, «бақыт пен сордың арасын бөліп тұрған «қызыл сызықтың» мәңгілік сақшысындай боп аспанмен таласқан Қабаңның ұстыны ту алыстан менмұндалап жол бойы мен жолаушыларға «Тағдыр» кітабының бір беті боп ашылып тұрған «Соңғы көштің» жанкешті тағдыр иелеріне орнатылған ескерткіштер қарсы алатындай боп елестеді. Ылайым, солай болғай. Иесіз, киесіз ел емес қой.