Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 14 Маусым 2023

Жаннат Есмағанбетова: Мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істеуге қабілетті

None
None

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғауға байланысты 2006 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы халықаралық деңгейде «Мүгедектігі бар жандардың құқықтары туралы конвенцияны» қабылдап, 2008 жылы 3 мамырда күшіне енген еді.

Міне, сол кезден бастап, мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісінше әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Ал сол әлеуметтік көмектерге қандай көмектер кіреді? Әрі қандай мәселелер бар деген сұрақ төңірегінде Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына қарасты Атырау облысы бойынша мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесші Жаннат Жаңабайқызымен сұхбаттастық.

— Соңғы жылдары республикамыз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар үшін  қандай қолайлы бағдарламалар іске қосылды?

— Жалпы облыста барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны – 20 738 адам, оның ішінде І топтағы мүгедектігі барлар – 1863 адам, ІІ топтағы мүгедектігі барлар саны – 7406 адам, ІІІ топтағы мүгедектігі барлар – 7359 адамды құраса, мүгедек балалардың саны 4110-ға жетеді.

Ең біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар курорттық-санаторийларда емделу үшін порталға тіркелу ыңғайлы жасалынған. Бірақ бұрындары бізге «қай санаторийге барасың» деген қалауымыз, таңдау мүмкіндігіміз болмады. Ал қазір біз қай курорттық орындарға барғымыз келеді, соны таңдай аламыз. Одан бөлек, техникалық, гигиеналық құралдарды да таңдауға мүмкіндіктер туды. Бұл порталдың тиімді жағы да сол. Өйткені бұрындары үкімет не береді, соны ғана алып жүретінбіз. Енді өзімізге қолайлысы қайсы, ұнайтыны қайсы соны таңдаймыз. Сонымен бірге, инватиксилердің қызмет көрсетуі де біршама жақсарды. Неге десеңіз, бұрын инва таксилер бізді тек бір жерге ғана алып баратын. Тек І топтағы мүгедектігі бар жандарды ғана қалаған жеріне апаратын. Ал қазір болса, ол қызмет түрі ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға да көрсетіліп жатыр. Бұрындары дүкен, базарларға апармайтын, қазір ол жерлерге де апарады. Сосын бізге қызмет көрсететін көліктердің де саны көбейді.

Енді арба жағына келсек, бұрындары бөлме ішіне, сыртқа арналған арбалардың пайдалану уақыты 7 жыл болатын болса, қазір оның да мерзімі біршама қысқарды. Бұдан бөлек, активтер де қосылып жатыр. Оның ішінде балаларға арналған арбаларда бірнеше модельдерімен толықтырылды. Енді арбаға байланысты тағы айтарым, кезінде облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып жүргенімде, Атырау облысында арнайы көрме залын аштым. Неге десеңіз, бұрын мемлекеттік қызмет көрсету порталына кіргенде, арбаларды таңдайтын болсақ, тек суретіне қарап таңдайтынбыз. Бірақ дәл сол арба бізге келеді ме, келмейді ме, нақты білмейтінбіз. Сол үшін, яғни арбаларды қолмен ұстап, көзбен көру үшін Атырау қаласынан шоурум аштық. Бұл менің идеям еді. Онда әртүрлі модельдегі арбаларды мүгедек жандар келіп, өздері қолмен ұстап, таңдап барып, тапсырыс беретін болды. Кейінірек, облыста инва СТО ашылайын деп жатыр. Арба техникалық зат болғаннан кейін бұзылады, кейбір жері сынады. Әрине, оны жөндеу үшін инва СТО қажет. Одан бөлек, бұрындары ортопедиялық аяқ киімдерді Алматы қаласынан тапсырыс беріп алатын едік. Қазір оны да Тыныштық Победовна деген кісінің ұсынысымен жүзеге асырғалы жатырмыз. Сонымен қатар бізде «Өмір гүлі» атты қор бар. Оның жұмыс істеп жатқанына биыл 10 жылдан асып қалды. Және бұл қор ақысыз жұмыс істейді. Одан басқа да, тегін қызмет көрсететін, мәселен, компьютермен жұмыс істеу, СММ қызметі, контент жасау секілді жұмыстарды мүмкіндігі шектеулі жасөспірім балаларға үйретеді.

— Ал жұмыспен қамту мәселесі қалай жүріп жатыр?

— Кейбір мекемелер «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алады. Бағдарлама бойынша егер жұмыс істеуге рұқсаты болса, күніне 2-4 сағат жұмыс істеуі үшін кейбір мекемелер жайлап есіктерін ашуда. Яғни кез келген мүмкіндігі шектеулі адамның қандай жұмыс істеймін десе де мүмкіндігі бар. Мәселен, эксперт болсын, не кеңесші болсын, отырып істейтін жұмыс болса, істей алады. Мәселен, менің өзім күніне 4 сағат жұмысқа барып-келемін. Яғни мүгедек жандардың құқығын қорғаймын әрі оларға қажетті кеңестерін беремін.

Енді облыс бойынша нақты есеппен айтатын болсақ, 2023 жылдың 1-ші маусымында«Жұмыспен қамту» орталықтарына әлеуметтік осал топтарға жататын мүгедектігі бар адамдар қатарынан 666 адам хабарласып, оның ішінен 574 адамға (86,2%) әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілген. Оның ішінде: тұрақты жұмысқа орналасқаны – 72 адам (оның ішінде квотамен 32 адам),  ақылы қоғамдық жұмысқа – 275 адам, әлеуметтік жұмыс орнына – 13 адам, жастар тәжірибесіне мүгедектігі бар 4 жас түлек, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 1 адам жіберіліп, «Күміс жас» жобасы шеңберінде елуден асқан 9 адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 191 мүгедектігі бар адамдар «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне жолданды және 9 адам өз істерін ашу мақсатында 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.

— Мүмкіндігі шектеулі адамдарға биыл жәрдемақы төлеу мәселесі қалай жүргізіліп жатыр?

— Жалпы берілетін жәрдемақыларды мен көп және бәріне жетеді деп айта алмаймын. Бірақ Атырау облысында І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек жандар мен кішкентай балалар қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Сонымен бірге теміржол билеттеріне елу пайыздық жеңілдік қарастырылған. Тек Scat әуе компаниясының ұшақтары ғана І топтағы мүгедектер үшін жылына бір рет тегін қызмет көрсетеді. Наурыз айынан бастап ІІ топтағы мүгедектер үшін жарты бағасына ұшуға жеңілдік берілді. Дәрілерге  келсек, тегін берілетін дәрілерді емханадағы дәрігерлеріміз береді. Ал кейбір дәрілерді өзіміз сатып алуымызға тура келеді. Бірақ ол дәрілер қымбат болғаннан кейін оны сатып алуға жәрдемақыдан түсетін ақшамыздың жетпей қалатыны рас. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қараушыларына да арнайы жәрдемақы төленеді. Оны алпыс мыңнан жоғары, тіпті 80-90 мыңға дейін алатындар бар. Енді алдағы уақытта І топтағы мүгедек жандарға қараушы таңдауға, немесе 56 мың теңге көлемінде таңдау жасалынатын болады. Бірақ жәрдемақымыз уақытылы түсіп келеді. Тіпті пандемия кезінде бүкіл ел айлықсыз, ақшасыз қалғанда, бізге жәрдемақы уақытылы түсіп отырды. Одан бөлек, дәрілер, азық-түліктер демеушілердің тарапынан бізге жеткізіліп отырды. І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар емханаға бара алмайтын болғаннан кейін дәрігерлер үйге келіп, анализімізді алып кетеді. Бірақ осы жағдайлар жасалынып жатыр деп тоқтап қалмай, үкімет тарапынан әлі де қолайлы жағдайлар жасалынса деймін. Мәселен, жәрдемақымызды көтереміз деп жатыр, сол тезірек көтерілсе. Осы орайда, бір мәселені айта кетсем, бізге түсетін жәрдемақыларды кіріс ретінде санайды. Бұл дұрыс емес. Енді І топтағы мүгедек жан 76 мыңдай ғана алады. Бұл көпбалалы отбасыларда кіріс ретінде санап, көп жағдайда кері әсерін тигізіп жатады.

— «Кедергісіз келешек» жобасына көзқарасыңыз қалай? Әрі ол жоба бойынша жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып келеді ме?

— Қазіргі таңда жаңа ғимараттар көптеп салынып жатыр. Сол ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдайлар жасалынған-жасалынбағаны тексеріледі. Егер мүмкіндігі шектеулі жандар бір ғимаратқа кіре алмайтындай мәселе туындаса, фото, видео түрінде отчет жасап, «мен мына ғимаратқа кіру үшін осындай кедергіден өте алмай тұрмын. Ол үшін ешқандай жағдай жасалынбаған» деп тиісті орындарға арыздана алады. Осыған орай, жуырда Amanat партиясымен бірлесе отырып, қанша ғимаратта жағдай жасалынған, жасалынбаған, қанша нысан тексерілді деген мәселе бойынша топ-топқа бөлініп, тексергелі жатырмыз.

 «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы Amanat партиясының Атырау облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы мүгедектігі бар адамдарға 1,8 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу жоспарланған. Оның ішінде осы уақытқа дейін 42 нысан бейімделген болатын.

— Алдағы уақытта тағы қандай жағдайлар жасалынса дейсіз?

-Негізі алдағы уақытта «Инва» таксилерді «Яндекс» таксиге бергелі жатыр. Яғни «Яндекс» такси инватаксидің барлық қызметін алса, біз кез келген уақытта өзімізге қажетті көмекті аламыз деп ойлайды. Солай ғой. Бірақ біз кейде қаланың сыртына баратын жағдайлар болады, сол кезде  «Яндекстің» бағдарламасы болмағандықтан, ол жерлерге бару бізге қиындық туғызады. Міне, осындай мәселелер әлі де зерттеліп барып, жасалынса деймін.

Ал өзімнің жұмысыма келсем, алдағы уақытта үйірмемде балаларды контент, пост жазуға үйретіп, үйден жұмыс істеп, әлеуметтік желілер арқылы ақша табуына жағдай жасасам деген жоспарымда бар. Одан бөлек, даун синдромымен ауыратын балаларға арнайы театр ашсақ деймін. Оны жүзеге асыруға да болады. Себебі Атырау облысында арнайы қор бар. Сол қор арқылы Заида Нұғманованың басшылығымен 14 баланың қатысуымен арнайы қойылымдар қойылып тұрады. Мұндай ерекше балалармен айналысатын театрлар әлі республикамызда жоқ. Сондықтан осындай бастамаларды неге қолға алмасқа деймін.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Тегтер: