Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 29 Тамыз 2023

Жансая Сағындыққызы: Кәсіпкердің қаржылай сауатты болуы маңызды

None
None

Нарық заманында кәсіпкерлердің қаржылай сауаты болуы көп мүмкіндікті ашатыны рас.

Әрі қаржылық сауаты болған адам қазіргі кезеңде кәсіпті тиімді ашу жағынан өзіне дәл қазіргі кезеңде ненің қажет ненің қажетсіз екенін түсіне алады. Осы орайда әрбір кәсіп ашамын деушілер нені білуі тиіс деген сұраққа қаржы маманы, салық эксперті Жансая Сағындыққызы кәсіпкерлер мен қарапайым адамдарға кеңесін берді.

– Әңгімемізді қаржылық сауаттылықтан бастасақ қаржылық сауаттылықты арттыру үшін әрбір адам нені білуі тиіс деп санайсыз?

– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Және қаржылық сауаттылық ең алдымен өз-өзіне есеп беруден басталады. Қазіргі заман талабы бірінші үнемдеу екені белгілі. Біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Бірақ қаржыны басқаруда ең алдымен өз-өзімізге есеп беруді ұмытып кетеміз. Ал есеп беру дегеніміз, ең алдымен күнделікті шығын мен кірісті санаудан бастап, қарапайым дүкенге барар алды екі дүкеннің бағасын салыстыру. Көп жағдайда «Ақша келеді, бірақ қайда кеткенін білмейміз» деп естіп жатамыз. Бұл жерде айтар кеңесім, табыстың кем дегенде 10 пайызын жинау. Садақа береке кілті. Табысымның берекелі болуы күнделікті үздіксіз садақа беруден деп білемін. Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады.

– Соңғы жылдары елімізде кәсіппен айналысатындар көбейді. Олардың арасында кәсіп ашамын деп ұтылып жатқандары да қаншама. Осы орайда, жаңадан кәсіп ашпас бұрын кәсіпкерлер нені білуі керек деп есептейсіз?

– Кәсіп ашпас бұрын ең бірінші қалай сауда жасап айналысқаннан бөлек, оның салығы қанша болады, оны қалай төлеу керек деген нәрселерді білген жөн деп есептеймін. Одан бөлек, ЖК туралы да толық түсініп алған артықтық етпейді. Ал ЖК-ны бірінші ашқанда 5 таңбалы кодпен 5 түрлі кәсіп ашуға болады. Одан кейін салық режимімен 3-6 ай сайын сауда-саттықтың есебін тапсырып отыру керек.

– Ал кәсіпкерлер кәсіпті ашқанда ЖК мен не ЖШС-мен ашу керек деген екі түрлі пікірде жүреді. Бұл екеуінің айырмашылығы мен тиімділігі қандай?

– ЖК бұл жеке кәсіпкер ретінде өзі ғана, яғни жалғыз жұмысшы ретінде кәсібін тіркейді. Егер оның табысы бір жылда 60 миллионға дейін ғана болса, онда оған жеке кәсіпкер ретінде кәсіп ашқан тиімді. Ал жылдық табысы 100-200 миллион болатын болса, ЖШС ашқан дұрыс. Ал оның айырмашылығына келсек салық төлеуі мен есеп беруі екі түрлі болады.

– Кәсіпкерлер көбіне сізден қандай мәселелер бойынша кеңес сұрайды?

– Бұл салада 10 жылдан асқан тәжірибем болғандықтан, көбіне салығы көбейіп, не болмаса бір ретті салық төлеп, мәселелерін күрделендіріп, тығырыққа тірелгендер келіп жатады. Соның ішінде есеп беретін кезде бір ғана маманмен жұмыс істеудің орнына әртүрлі мамандардың көмегіне жүгініп, соңында мәселелері айыппұл төлеуге тура келгенде менен кеңес сұрап жатады. Осы орайда мен кәсіпкерлерге салық есебіне тиянақты қарап, кәсіпке келгенде жалпылама түсінігі болса деймін. Салықтың есебін көп жылдық тәжірибесі бар, сауатты маманға тапсырса деймін. Одан бөлек, кәсіпкерлер өз қаржысын басқару, бюджетті жоспарлау, несие қаражатын сауатты пайдалану туралы нақты білсе, артықтық етпейді.

– Кеңесіңізге рақмет!

Тегтер: