Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Жансұлу ісі. Апелляция ақтап алмаса...

Жансұлу Дарханбаева
Фото: ЖИ

20 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот Новоишимское ауылының 35 жастағы тұрғыны, аяғы ауыр Жансұлу Дарханбаева есімді мұғалімі қылмыстық кодекстің «ұлтаралық араздықты қоздыру» (174-бап) бабы бойынша екі жылға сотталды.

Сөйтіп «бүгін, ертең» босанады деп отырған Жансұлу түрмеге жөнелтілді. Алайда арада аз уақыт өткенде Жансұлуды толғақ қысады. Содан перзентханаға жеткізіліп, аман-сау босанады.

Аяғы ауыр келіншекті екі жылға соттап, алды-артына қаратпай түрмеге сүйрелей жөнелетіндей Жансұлу не бүлдірді дейсіз ғой. Соттың сараптамалық қорытындысына сенсек, «ұлтаралық араздықты қоздырыпты».

Оқиғаның қысқаша тарихы былай болған. Осы жылдың қаңтар айында Жансұлу Дарханбаева TikTok әлеуметтік желісінде бейнежазба жариялайды. Онда Дарханбаева 2025 жылы Мәскеудің Қазақстаннан жалға алған кейбір аймақтарының мерзімі аяқталатынын айтып, Ресей президенті Путиннен сол аймақтарды қайтаруды талап етеді. Сөз арасында Жансұлу: «Егер жерді қайтармасаңдар, о дүниеден хабар күтіңдер» деп салады. Айыптау құжатында бейне авторының бұл айтқан сөздері «орыс ұлтын қорлайтын сипатта» екендігі көрсетілген. Арнайы жасалған лингвистикалық сараптама да бейнежазбадағы сөздің ұлттық ар-намысқа тиіп, араздық қоздыруды мақсат еткенін растаған.

Негізі Жансұлу бұл бейнежазбаны көп ұзатпай әлеуметтік желідегі парақшасынан өшіріп тастаған. Кейіннен тергеу кезінде де кінәсін мойындап, өкініш білдірген, кешірім де сұраған, алайда сот жүкті әйелдің жазасын жеңілдетпеген. Тіпті аяғы ауыр Жансұлуды сот үкімі шыққан бойда сот залында қамауға алып, Петропавлдағы тергеу изоляторына жіберген. 11 маусым күні толғағы қысқан Жансұлу тергеу изоляторынан перзентханаға жеткізілген.

Жансұлу 2024 жылы Урожайное ауылына көшіп барып, жергілікті мектепке педагог-психолог ретінде орналасқан. Кейін директор қызметіне тағайындалған. Өзінің айтуында, мемлекеттік тілді мектеп өміріне енгізуге талпыныс жасағаны үшін, әріптестері мен шаруашылық меңгерушісі тарапынан қарсылық пен қысымға ұшыраған.

Екі жыл бас бостандығынан айыратын жағдай емес

Біз істің мән-жайын білу мақсатында Жансұлудың қазіргі адвокаты Ардақ Батиевамен хабарластық.

«Қазір Жансұлудың жағдайы жаман емес, бүгін ғана жолықтым. Перзентхананың перинатальды орталығында кішкентай бөпесімен бірге жатыр. Әрине, күзет қойылған.

Біз қазір апелляциялық сатыдағы сотты күтіп отырмыз. Негізі дәл осы бап бойынша да айыппұл, бас бостандығынан шектеу секілді жеңілдеу жазалар тағайындауға болар еді, алайда Жансұлуға ең қатаңын беріп отыр. Жансұлудың сараптамасында «сөздерінде ұлтаралық араздық қоздыру бар, бірақ ұлтаралық араздыққа шақыру жоқ» деп көрсеткен. Біз үнемі осындай сараптамаларға күмәнмен қараймыз, себебі мұнда ұлтаралық алауыздықты қоздырумен қатар адамның сөз бостандығы деген мәселе де ескерілуі тиіс.

Жансұлудың ісінде ұлтаралық алауыздықты қоздыру фактісі бар деп айта алмаймын. Дәл екі жыл бас бостандығынан айыратындай жағдай емес еді. Оның бар айтқаны, Путинге қарата «біздің жерімізді қайтар, жалға алған уақыты бітті, қайтармасаң Аллаға тапсырдым» дегені. Бұл жағдайда біз әуелі мына мәселені түсініп алғанымыз жөн. Жансұлу осыған дейін қазақ тіліне қатысты, қазақ ұлтына қатысты айналасынан әбден қысым көріп шаршаған. Өздеріңіз білесіздер, Солтүстік Қазақстанда орыстілді азаматтар көбірек тұрады, олардың арасында қазақ тілін насихаттаймын деп жүйкесі жұқарған. Оның үстіне тікелей эфирге қаңтарда, аяғы ауыр кезінде шыққан. Аяғы ауыр әйелде 5-6 ай кезінде психологиялық тұрғыда өзгеріс болады, ол көңіл күйіне де әсер етеді. Жансұлу да эмоцияға берілген, артық-ауыс айтқан. Кейіннен жазбасын өшіріп тастаған.

Шынын айтқанда, мұндай мәселе бұған дейін де талай қайталанды. Орыстардың өздері де «Алматы – біздің жер» деп айтып жатады, оның бәрін ешкім тектеп, соттап жатқан жоқ, бірақ неге екенін білмеймін, Жансұлуға келгенде заң қатая қалды. Оны босанғалы отырған жерінен екі жылға соттайтындай айтқан сөздерінен қоғамға қандай қауіп төніп тұр? Бұған дейін ешқандай істі болып, сотталмаған адам.

Жансұлу жұмыс істеген жерінің бәрінде мемлекеттік тілді насихаттаған, сол үшін үш жерден жұмыстан шыққан. Мектеп директоры болып тұрғанда да мемлекеттік тілді басты назарда ұстаған. Мұғалімдерге қазақ тілін үйренуге бастамашы болған. Алайда оның бұл бастамасы айналасына ұнай қоймаған, сөйтіп білім басқармасына үстінен арыз жазған. Жан-жақтан арыз айтып, әбден шаршатқан, тіпті қысым көрсеткен. Содан ашу үстінде, эмоция үстінде жоғарыдағыдай бір-екі ауыз сөз айтқан. Бірақ ешкімді көтерілейік, өзге ұлттарды қуып шығайық деп үндеу жасап, шақырмаған.

Қазір сот үкімін бұзу үшін, қылмыстық процестік кодекстің нормаларына сәйкес сараптаманы жоққа шығаруымыз тиіс. Сол бойынша жұмыс жасап жатырмын», – дейді адвокат.

18 маусым күні Жансұлудың апелляциялық соты өтеді. Соған дейін оны сәбиімен бірге перзентханада ұстайтын көрінеді. Бірақ біздің сотқа сенім жоқ, кез келген уақытта түрмеге сәбиімен бірге алып кетуі мүмкін деп отыр адвокат.

«Бүгін Жансұлумен бір жарым сағат сөйлестім. Ол өзінің түрмеде көрген қорлығын айтып жылап алды. Бастапқыда оны он шақты әйелдің ортасына апарған. Әйелдер жан-жақтан бұрқыратып темекі тартқан, содан тынысы тарылып, қысылған, қиналған. Осыдан соң Жансұлу антикорға, басқа да мекемелерге арыз жазған, содан кейін ғана оны басқа камераға ауыстырыпты. Жансұлудың айтуынша, тергеу изоляторында әйелдердің құқығы өрескел бұзылады дейді. Қызметкерлер олармен өте дөрекі сөйлеседі екен. Онда жатқандарға кәдімгі қылмыскер есебінде қарайды дейді. Сонымен қоса, түрмедегі жағдай да сын көтермейді, дәрі-дәрмек жетіспейді. Қарапайым зеленканың өзі жоқ дейді».

Мың құбылған бап

Жансұлудың ісі қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желі қолданушылар оны қолдап, түрлі жазба жариялап жатыр. Оған бостандық сұрап, босатылуын талап етіп жатқандардың да қарасы мол. Бір байқағанымыз, көпшілік аты шулы «ұлтаралық араздықты қоздыру» (174-бап) «сепаратистік әрекет» (180-бап) баптарына күдікпен қарайтын болған. Себебі Қазақстанда жікшілдік тудырды, алауыздыққа себепкер болды делінген істер Қылмыстық кодекстің аталмыш баптары бойынша тергеліп, тиісті жазаға тартылады. Алайда біреулер бұл бапты «билік өзінің қалауына қарай пайдаланады» десе, тағы біреулер мұны «саяси қуғын, қысым мақсатында қолданылады» дейді. Жұртшылықтың бұлай айтуының да қисыны бар көрінеді. Түптеп келгенде, «Ұлтаралық араздықты қоздыру» немесе «сепаратистік әрекет» баптарында, яғни заңда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе оны кімге қалай қолдануда. Биліктің қалауына қарай бұл баптың кейбіреулерге «әмірі» жүрсе, енді біреулерге «тісі батпай» жататындай.

Мысалы, 2015 жылы Риддер тұрғыны Игорь Сычев «сепаратизмге шақыратын сауалнама» жариялағаны үшін айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал 2016 жылы Петропавл соты Игорь Чуприна есімді азаматты «араздықты қоздырды, сепаратизмге шақырды» деген айып тағып, 5,5 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда бұл баптардың кейде кібіртіктеп қалатын кезі де кездеседі. Мысалы, 2024 жылы 18 желтоқсан күні YouTube әлеуметтік желісінде қостанайлық Н.Ю.Сычугов есімді азамат сұхбат береді. Онда ол: «Қостанай – Ресейдің жері және Ресей алдағы 10 жылда бұл жерді қайтарып алады» дейді.

Сычугов мұнымен тоқтамайды, ол өзінің әскерде болғанын, бірақ өзін Қазақстанның патриоты санамайтынын, егер соғыс бола қалса қаруды Ресей үшін көтеретінін айтады. Бастапқыда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Сычуговтың бұл сөзі үшін оның үстінен ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша іс қозғайды. Алайда кейіннен іс тоқтатылады. Сөйтсек оның сөзінде ешқандай да «араздықты қоздыратын белгілері жоқ» екен! Тергеп-тексерген, сараптама қорытындысы солай дейді.

Байқасаңыз, Дарханбаева да, Сычугов та «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша тергелді. Айтқан сөздері де бір-біріне ұқсайды. Бірі Путинге «қазақтың жерін қайтар» деді, енді бірі «Ресей қазақ жерін басып алады» деді. Алайда ақыр соңында екеуінің сараптама қорытындысы екі түрлі шықты. Жансұлудың сотынан соң, Сычуговтың «судан құрғақ шыққан» ісі әлеуметтік желілерде қайтадан қызу талқылана бастады. Біреулер Жансұлудың сотталуын Путинге қарата айтқан сөзімен байланыстырса, енді біреулер Сычуговтың жазаға тартылмауын Кремльдің ықпалы болуы мүмкін деп топшылады. Қалай десек те, бұл жолы асыра сілтеген сойылдың Жансұлудың басына тигені анық. Сондықтан да барша қазақ 18 маусым күні өтетін Жансұлудың апелляциялық сотынан әділдік күтеді. Шыр етіп өмір есігін ашқан бүлдіршіннің анасымен бірге бостандыққа шыққанын қалайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің де» сыналар бір тұсы осы болса керек.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ