Жапаров: «Қазақ пен қырғызды араздастыруды көздегендерге тосқауыл қою керек»

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қырғыз-қазақ арасындағы достықты жоюға көздеген арандатушыларға қарсы бірлесіп тойтарыс беруге шақырды.
Оның бұл мәлімдемесіне соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған, Кенесары хан туралы видеоматериал себеп болды. Бұл видео екі ел арасындағы тарихи оқиғаларға қатысты қызу пікірталас туғызып, кейбір азаматтар тарапынан алауыздық тудыру әрекеттері байқалған еді.
«Өкінішке қарай, екі халықтың ежелден қалыптасқан ынтымағын көре алмай, екі араға от салғысы келетін арандатушылар да табылып жатыр. Олар, әдетте, тарихты бұрмалауға тырысып, екі елді жауластырғысы келеді», - дейді Қырғызстан президенті.
Президент атап өткендей, мұндай жағдайлардан сабақ алып, тарихты саясат құралына айналдырмау керек. Қоғамда терең түсіністік пен өзара сыйластықтың болуы – қазіргі замандағы бейбіт өмірдің кепілі.
«Біздің ғасырлардан келе жатқан туыстығымыз, құда-жекжаттық татулығымыз артып келе жатқаны – мақтаныш. Мен, мысалы, мақтанамын. Менің төртінші атам Солтонқұлдың бәйбішесі Нооча әжем – қазақ қызы болған, демек мен бір жағынан қазақтың жиенімін», - деп жазды Жапаров.
Садыр Жапаров қырғыз бен қазақ халықтарының тамыры тереңде жатқан бауырластығы мен рухани байланысын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін еске салып, мұндай арандатушылық әрекеттерге жол бермеуге шақырды.