Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Жапония Қазақстандағы геологиялық барлау жобаларына қатысуын кеңейтпек

Ичиро мен Тоқаев
Фото: Ақорда

Жапония Қазақстан аумағындағы геологиялық барлау жобаларына қатысуын арттыруды жоспарлап отыр.

 Бұл туралы президент Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында белгілі болды.

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның металдар мен энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахарумен кездесті. Кездесу барысында геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар минералдар мен табиғи ресурстарды тұрақты басқару мәселелері талқыланды.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар JOGMEC ұйымының Қазақстандағы геологиялық барлау жобаларына қатысуын кеңейту және ел аумағында оның өкілдігін ашу мүмкіндігін қарастырған. Мемлекет басшысы бұл қадам бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге және жапондық өнеркәсіптік әрі технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығына белсенді келуіне жол ашатынын атап өтті.

JOGMEC – Жапонияның энергетикалық және минералдық-шикізат қауіпсіздігіне жауапты негізгі мемлекеттік институты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдарды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету саласында мемлекеттік оператор қызметін атқарады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунағамен кездесу өткізді. Президент Mitsui компаниясының Қазақстан экономикасының негізгі секторларындағы қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы компанияның Астана қаласында өндірістік жабдықтарды күрделі жөндеу және қалпына келтіру жөніндегі кешен салуға қатысу жоспарын қолдайтынын айтты.

Президенттің пікірінше, тараптар үшін стратегиялық маңызды минералдар, көлік және логистика, сондай-ақ табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған технологияларды енгізу салалары да өзара қызығушылық тудырады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиоға сапары аясында Mitsui компаниясымен Қазақстанда бірқатар бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.