Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Жапония премьер-министрі парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау жариялады

Санаэ Такаити
Фото: Reuters

Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити парламенттің төменгі палатасын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдады.

 Бұл туралы NHK World Japan мәлімдеді.

Парламенттің төменгі палатасындағы 465 депутаттың өкілеттігі тоқтатылды. Сайлауалды науқан 12 күнге созылады және ресми түрде келесі аптадағы сейсенбіде басталады.

Өткен жылы премьер-министр қызметіне кіріскен Санаэ Такаити үшін бұл — үкімет басшысы ретіндегі алғашқы сайлау. Қазіргі таңда оның биліктегі коалициясы үш тәуелсіз депутаттың қолдауымен парламентте ең төменгі басымдыққа ғана ие. Төменгі палатадағы 465 орынның барлығы осы сайлауда қайта бөлінеді.

Жапонияда премьер-министр тікелей сайланбайды — үкімет басшысы парламенттің төменгі палатасындағы көпшілік дауыс арқылы анықталады. Қазір биліктегі коалицияның қолында дәл 233 мандат бар, ал көпшілікке қажетті ең төменгі шек те — 233 орын. Осы себепті билікті сақтап қалу және мандатын бекіту үшін коалиция парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуге мәжбүр болды.

Айта кетейік, Санаэ Такаити былтыр қазан айында Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр атанып, халық арасында айтарлықтай қолдауға ие болды. 64 жастағы саясаткер — Либералды-демократиялық партияның ең тәжірибелі өкілдерінің бірі. Ол бұған дейін ішкі істер министрі, ғылым және инновациялар министрі қызметтерін атқарған, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздік пен ғарыш саясатына жауапты болған.

Такаити консервативті әрі қатаң ұстанымдарымен танымал. Ол елдің қорғаныс қабілетін күшейтуді және Жапонияның пацифистік Конституциясын қайта қарауды қолдайды.