Жапония Тайвань маңындағы әскер санын едәуір ұлғайтты
Жапония Исигаки аралына (Тайваньнан 220 км жерде) қосымша 600 әскери қызметкер жіберді.
Нәтижесінде елдің оңтүстік-батыс бағыттағы әскер саны 720 адамға жетті. Әскери контингентпен бірге әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымыран кешендері де орналастырылған.
SIPRI халықаралық зерттеу институтының дерегіне сәйкес, 2024 жылы жапон қорғаныс компанияларының қару-жарақ сатылымы 40%-ға артқан. Бұл Токионың қорғаныс мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған саясатымен байланысты.
Елдің бес ірі компаниясы әлемдегі ең ірі 100 қару өндірушінің қатарына кірді.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай сыртқы істер министрі Ван И Жапония билігінің Тайвань төңірегіндегі әскери араласу туралы пікірлерін «қызыл сызықтан өту» деп атады. Оның айтуынша, Токио айтпауға тиіс сөздерді айтып, белгіленген шекарадан асқан.
Жапония–Қытай қатынастарындағы жаңа шиеленіс
Санаэ Такаичи қазан айында билікке келгеннен бастап Қытайға қатысты бұрынғы премьерлерге қарағанда әлдеқайда қатаң саясат ұстанып отыр.
Бұрынғы үкімет басшылары Тайваньға төнген қауіп туралы тек алаңдаушылық білдірсе, Такаичи Жапонияның қандай жауап беретінін ашық айтуға көшті.
Қытай билігі бұл мәселеге байланысты БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке хат жолдап, Такаичидің мәлімдемесін «халықаралық құқық пен дипломатиялық нормаларды өрескел бұзу» деп атады.
Тайвань мәселесі
Пекин өзін-өзі басқарып отырған Тайваньды өз аумағы деп санайды және қажет болса күштеп біріктіруге дайын екенін ашық айтады. Қытай әсіресе:
- АҚШ-тың (Тайваньның басты қару жеткізушісі),
- Жапонияның,
- Филиппиннің
Тайвань мәселесіне араласуына қатаң қарсы.
Санаэ Такаичидің басқа мәлімдемелері де Қытайдың алаңдаушылығын күшейтті. Ол Жапонияның 1967 жылғы «ядролық қаруды кіргізбеу» қағидаларын қайта қарауды ұсынған. Атап айтқанда, елге ядролық қаруды әкелуге тыйымды алып тастауды талқыға салуды ұсынған.
Қытай бұл ұстанымнан бас тартуды талап етті. Сонымен қатар, Бейжің өз азаматтарына Жапонияға барудан уақытша бас тартуды ескертіп, бұл Токионың туризм саласына елеулі соққы болуы мүмкін.